Ұлықбек Есдәулет қостанайлықтармен кездесті
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ақын Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылық кеші өтті. Жыр кешін белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет жүргізіп отырды. Ол жақында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің драматургия бағытындағы алғашқы туындысы «Зере» пьесасының жұртшылыққа ұсынылғанына тоқталды. Автордың айтуынша, шығармада Зерені тек ана ретінде ғана емес, қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан.
Мұнан соң Ұлықбек ақын ортаға шықты. Ол Тобыл-Торғай топырағында туып-өскен ақын-жазушылардың қазақ қоғамына сіңірген еңбектерін атап өтті.
«Жалпы, қасиет тұнған өлке деп кез келген жерге айтыла бермейді. Мына Торғай даласына қарап тұрып-ақ, әлгі сөз бірден ойға оралады. Себебі, бұл өңірдің қазақ руханиятына сыйлаған арда тұлғалары жетерлік. Негізі, осы өңірге 1982 жылы Ғафу Қайырбеков ертіп келіп еді. Содан кейін арнайы бет бұрғаным осы. Оның алдында Торғай жерінде комбайншы болғанмын. Менімен Қонысбай Әбіл де астық жинауға қатысты», – деп еске алады ақын.
Ұлықбек Есдәулет жалынды жырларын оқып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Студенттер оның өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ, осы басқосуда қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, жазушылар одағының облыстық филиалы директоры Ғұмар Ахметчин мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков қаламгер жайлы лебіздерін білдірді.
Келесі күні белгілі ақын биыл 95 жылдық мерейтойын атап өткен "Қостанай таңы" ұжымын құттықтай келді. Редакция қызметкерлерімен кездесіп, келелі сұхбат құрды. Жас журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтты.
"Мен журналистік жолымды облыстық газеттегі корректорлық қызметтен бастадым. Жалпы, көп жылдық тарихы бар басылымда кез келгені жұмыс істей бермейді. Бұл жауапкершілікті абыроймен алып жүре жағы тағы бар. Сол себепті , мынадай ақпарат ағыны толастап тұрған заманда баспасөздің беделі сіздердің қолдарыңызда", – деді ол.