Қостанайлық алаяқ Таразда құрықталды
30 млн теңгеге алаяқтық жасаған Қостанай тұрғыны Таразда ұсталды, деп хабарлайды Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, криминалдық полиция қызметкерлері Жандос Кенжебеков пен Нұрлан Темірбаев Қостанай обылысының орталығында 7 қымыс жасаған алаяқты қолға түсірді. Аляқтық әрекеттің салдарынан келген шығын 30 миллионнан астам теңгені құрады.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, күдіктіні іздеу бір жарым айға созылды, жедел уәкілдер күдіктінің ізімен жүріп отырып, Қазақстан аумағының жартысынан астамынан өткен.
«Іздеуде жүрген адам туралы мәліметтерді Астана, Шымкент қалаларындағы әріптестерімізден біліп отырдық. Алайда ол Тараз қаласы полциясының көмегімен осы шаһарда ұсталды»,-деді полиция капитаны Кенжебеков.
Күдіктіні іздеуді полиция қызметкерлері әуелде пробациялық бақылаудан шығу фактісі бойынша бастаған. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған ер азамат емделемін деген сылтаумен Астанаға кеткен және онда пробация қызметінің есебіне тіркелмеген. Кейін оның сапарға шыққанға дейін Қостанайда 7 қылмыс жасағаны анықталды. Олардың барлығы қитұрқы жолмен көлік сатумен байланысты болды.
Осы кезде 36 жасар күдікті бірнеше мәрте алаяқтық жасау фактісі бойынша Қостанайдың тергеу изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері оның осы тектес өзге де қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.