11 жылға сотталды
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК-нің 120 бабы 3 бөлігі, 3 тармағы бойынша (кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық жасау) айыпталған 1992 жылы туған Ю.Никитинге қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, кәмелеттік жасқа толмаған жәбірленуші ағымдағы жылдың шілде айының соңында Меңдіқара ауданында тұратын немере апасы Г.Никитинаға қонаққа барып, онда 1-тамызға дейін болады.
Сол күні сағат түнгі он кездерінде жәбірленушінің апасы өзінің жұбайы – сотталушы Никитинмен жанжалдасып қалады. Ұрыстан кейін Никитин Қостанай ауданында тұратын ата-анасының үйіне кетпек болған. Қонаққа келген қыз бала сол ауылда тұратындықтан Никитинмен үйіне жетіп қалуды өтінеді. Жолға шығар алдында олар таныстарымен стадион аумағында екі шыны ішімдік ішіп, сағат 01:30 шамасында үшеуі мотоциклмен жолға шығады. Ортақ таныстары Зыряновты жолшыбай ауылда тастап, Қостанай ауданына бет алады. Алайда, көліктері сынып екеуі жолда қалған. Никитин мотоциклді жөндей алмай олар өткінші көлікті күтуге келіседі. Сотталушы көліктің қасында ұйықтап қалған жәбірленушінің қорғансыз жағдайын пайдаланып , оған зорлық көрсетеді.
Сот үкімімен Ю.Никитин айыпты деп танылып, оған қатаң тәртіптегі түзету колониясында 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.