Даңқты ақын – халық жүрегінде

IMG_4091Биыл халық ақыны, 1916 жылғы ұлт -азаттық көтерілістің жалынды жыршысы Омар Шипиннің туғанына 135 жыл толып отыр. Осыған  орай ақынның туған-туыстары мен жыр сүйер қауым Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында бас қосты. Жиында  ақынның өлеңдері оқылып, қызықты естеліктер айтылды.
Кешке жасы тоқсанға таяған Омар Шипиннің келіні Шәруан Нұрғазықызы қатысып, тұлғаның ұлағатты істерін кейінгі жастарға әңгіме арқауына айналдырды. Ал, немересі Мұхаметқали Шипин ақынның өмірінен сыр шертер фото шежіремен таныстырды.
Мұражай қызметкерлері ақынның өмірі жайлы мағлұмат беруге тырысты. "Омар ақын ата-анадан жастай айрылды. Қаршадайынан  байлардың тебінде малын бағып, егінін суару сияқты ауыр жұмыстың бәрін істеді. Өсе келе қалжың өлеңдерді шығаруды қолға алған.  Оның байларды әжуалаған шығармалары ел ішіне тез тарады. Орда бұзар отызында Аманкелді Имановпен танысып, зейіні  мен  сауаттылығына  риза болған батыр оның халқына пайдалы іспен айналысуына зор көмегін тигізді. Қайдауыл болысындағы ауылдардың біріне бала оқытуға орналастырды. Аз уақытта шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналды. 1943 жылы Алматыда өткен бірінші халық шығармашылық олимпиадасына қатысты. (Кейінгі өткен осындай байқауда өз жолын жыр алыбы Жамбылға беріп екінші орынды иеленген.) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланды. 1961 жылы халық ақыны атанды. Ол өзінің туған халқы үшін адал еңбек етіп, Ленин, "Құрмет белгісі", Еңбек Қызыл ту ордендерімен марапатталған", – деді Балдырған Айғожина.
Кеш соңында жас ақындардың айтыс өнері тамашаланды. Сонымен қатар, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манапбек Қадыров  әннен шашу шашты.
Айбек
     ЖҮЗБАЙ
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓