Ендігі тілек ауа райының қолайлы болуы
Алда жауапты шақ. Ауа райы жақсы болса диқандар былтырғыдай егін аламыз деп отыр. Бірақ алдын ала болжап айту әлі ерте. Егіннің жай-күйін білу үшін облыс әкімі Н. Садуақасов Алтынсарин, Қарасу аудандарындағы егіс алқаптарын аралап қайтты.
Әкімнің бұл сапарындағы басты мақсат – астық шығымын, орақ алдындағы дайындықты өз көзімен көру. Шілде айының жауынды болуы диқандарды қуанта қоймады. Ылғал тиісті мөлшерден көп түсті. Бұдан келген зардап та бар. Десе де қос ауданның егін шығымы көз қуантады. Облыс әкімімен кездескен диқандар қолдағы бар егінді шашпай, төкпей жинап алса гектарына 12-15 центнер өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Тек баршаның ендігі тілегі жалғыз. Жаңбыр жаумай, күн ысыса бидай пісіп үлгереді. Алқаптарды аралап, егін шығымын бақылаған Нұралы Садуақасов шаруашылық басшыларына егін орағын тиісті мерзімнен кешіктірмей бастау керек деген тапсырма берді.
Облыс әкімінің осы аудандағы іс-сапары жайындағы материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айтолқын Айқадамова