Көрерменсіз өткен көкпар
Ұлттық ат спорты ойындары өз маусымын аяқтады. Өткен сәрсенбі күні Заречныйдағы «Қазанат» атшабарында желмен жарысқан жүйріктер жарыс жолына шықты. Сарыкөл, Таран, Қостанай, Қарабалық ауданының шабандоздары қосқан сәйгүліктер он шақырымдық аламан бәйгенің жүлдесіне таласты. Айтпақшы, маусымжабарға ресейлік шабандоздар да келіп, ат қосты. Көрші мемлекеттен келгендердің өздеріне сенімді екендігі байқалады. Ауыздығымен алысқан алуан жүйріктің арасынан дәл осы Ресейдің аты бәйгенің көмбесіне бірінші жетті. Екінші-үшінші орындарды Қостанай ауданының қос аты еншіледі.
Бастапқыда белгіленген он алты шақырымдық аламан бәйге мен сегіз шақырымдық тоқ бәйге өткен жоқ. Оған қатысушылардың аздығы себеп.
Ал көкпарға Таран, Сарыкөл ауданының және облыстық ішкі істер басқармасының командасы түсті. Бұл сында ОІІБ командасы жүлдені ешкімге ұстатпады. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен грамоталар берілді.
Айта кетейік, биылдыққа Қостанайда Ұлттық ат спорты ойындары осымен екінші мәрте ғана өтіп отыр. Алғашқы жарыс көктемде ұйымдастырылған-тұғын.
Әттеген-айы, алдын ала хабарламағандықтан атжарысты көруге санаулы ғана адам жиналды. Оның үстіне, бәйгеге демеушілік болуға ешкім құлық таныта қоймаған сияқты. Атбегілер жүлде қорына ақшаны өз қалталарынан қосқан.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.