«Жастар. Ауыл. Жаңғыру»

Дәл осындай атаумен осы аптада Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде 300-ден астам қостанайлық белсенді және бастамшыл жастар бірлестіктерінің өкілдері бас қосқан ауқымды шара өтті. Бұл маңызды жастар форумына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы қатысты.DSC_6713
Қостанай облысының ауылдық жастар форумы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өрбіп, сегіз сағатқа созылды. Аймақтың түкпір-түкпірінен төрт автобуспен келген делегаттардың Сарыкөлге алғашқы сапары саяхатпен басталды. Айталық, алдымен, жастар қауымы «Люнет» ЖШС жөндеу шеберханасының жұмысымен танысып, ондағы шебер ұсталардың қолымен жасалған бұйымдарды, комбайн, трактор, жүк машиналары сияқты техникаларды тамашалады. DSC_6747Осыдан бір жыл бұрын салынған ауылшаруашылық бағытындағы автобөлшектер дүкеніне бас сұғып, орталықтағы «Олимп» сауықтыру-спорттық кешенін аралады. Сондай-ақ, Қостанай қаласында оқитын студенттер «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжін» көріп, оның қалалық оқу орындарынан кем еместігіне көз жеткізді. Осы жерде облыс спикерлерімен Сарыкөл ресурстық жастар орталығы өкілдері арасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Еріктілік», «Жастар кәсіпкерлігі» тақырыбында секциялық оқулар ұйымдастырылды. Колледж аумағында келушілерге ауданның аграрлық секторы, заманауи ауылшаруашылығы техникалары қойылған көрме көрсетілсе, ал нысанның бірінші қабатында студенттердін өз қолымен жасаған азық-түліктер және жобалар қойылғанын атап өткен жөн.DSC_6934
Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде форумның салтанатты ашылуы өтті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жастарға арнап сөз сөйлеп, ауқымды шараның ауылдық жерлерде мемлекеттік жастар саясатын көтеруге арналғанын атап өтті. Оған қоса, Қостанай облысының әр төртінші тұрғыны жастар санатына жататындығын және олардың жартысы ауылдық жерлерде тұратындығын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жатқандығын айтты.
– Міне, бүгінгі уақыттың батырлары осы залда қатысып отыр! Сіздердің араларыңызда мал дәрігерлері, агрономдар, спортшылар, кәсіпкерлер, инженерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері және басқада саланың өкілдері бар. Баршаңыздың істеріңізден туған өлкеге деген сүйспеншілікті көруге болады, – деді облыс әкімі.
Одан әрімен Архимед Бегежанұлы облыстың экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып жүрген үздік жастарды марапаттады. 17 лауреаттың ішінде біздің жерлестеріміз, колледж студенті Мария Абросимова, «Акпан-Инвест» ЖШС шебері Станислав Марцен, танымал спортшы Лаура Әлмағанбетова, Ө.Сұлтанғазин атындағы орта мектертін информатика пәнінің мұғалімі Мұрат Беисов, мал дәрігер-фельдшер Азрет Исмаилов, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Алтынбек Төлегенов, орталық аудандық аурухананың көз дәрігері Елена Флото, жастар ресурстік орталығының директоры Әсел Мәзенова және басқалар болды. Айта кеткен жөн, «Нур-Айгер-СК» ЖШС механизаторы Қанат Баймағамбетов ағымдағы жылы 500 мың тоннадан астам бидай орып, егін науқанының қорытындысы бойынша ауданда үздік көрсеткіш көрсетіп отыр.DSC_6923
Жалпы, облыстық деңгейдегі ауқымды шарада көптеген мәртебелі меймандар, яғни өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тұлғалар да төбе көрсетті. Қонақтардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына есімі енгендер, «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі атағы мен «Отан» ордені мен Алтын жұлдызы айырықша белгісінің иегері – Сайран Бұқанов және Алмат Тұрсынов болды. ҚР Еңбек ері форумда сөз сөйлеп, жастарға үлкендерді үлге етіп, Қазақстанды көркейту жолында бірге еңбек етуге үндеді.
Айтпақшы, мәдениет үйінің фойесінде екі көрме қойылды. Біріншісі Қостанай облысының еңбек ерлеріне арналып, әдеби кіаптар мен суреттерден құралды. Ал, екіншісіне өңірдің аграрлық өндірістік кешенінің жетістіктері жайында мәліметтер топтастырылы. Оның сәнін азық-түліктер мен «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі» студенттері дайындаған «Рухани жаңғыру» атты төрт келілік торт кіргізді.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓