Көптен күткен игілік
Биыл Рудный қаласында жол жөндеу жұмыстары зор қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінде Ленин, Горняков, Парк, Комсомольская, Топорков көшелеріндегі күре жолдар қалпына келтіріліп қана қоймай, жұрттың көптен бері көкейінде жүрген Горняцк кентіне дейінгі аралыққа асфальт төселді.
– «ССКӨБ» АҚ мыңдаған қызметкерлері күн сайын қаладан кенттің арғы шетінде орналасқан Сарыбай кенішіне жұмысқа қатынайды. Сондықтан әбден тозығы жетіп, шаң-тозаңнан көз ашпайтын жалғыз жолды жөндеу мәселесін көптен бері көтеріп жүр едік. Әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс жасап, ақыры мақсатымызға жеттік. Жолдың сапалы жөнделуі үшін алдымен оның астынан өтетін 7 магистральді күл-қоқыс құбырын жаңарттық. Енді Рудный-Сарыбай қатынасында ешқандай апаттық жағдай орын алмайтынына сенімдіміз, – дейді Кен дайындау және байыту фабрикасының учаске басшысы Александр Мачихин.
Айта кетейік, өткен жылы Горняцкіден шығаберістегі темір жол көпіріне дейінгі 1,5 шақырымдық жол толық жөнделген болатын. Биыл игі іс жалғасын тапқандығына елді мекен тұрғындары да дән риза.
– Біздің күнкөрісіміз Рудныймен тығыз байланысты. Туған-туысымызбен аралас-құралас болып, базар аралау үшін күнделікте қалаға барамыз. Мектептің жоқтығынан ауыл балалары да екі аралықты тоздырып бітті. Бұрын жалғыз жолымыз шаңнан тұманданып, ал жаңбырлы күндері балшықтанып кететін. Енді жолға асфальт төселіп, қуанышымызда шек жоқ. Әкімдік пен комбинат басшылығына мың алғыс, – дейді кент тұрғыны Нұрбай Тойлыбаев.
– Өнеркәсіптік зонада орналасқандықтан мұнда көбіне ауыр-ауыр жүк көліктері қатынайды. Сол себепті оларға жаңа асфальттың үстінен жүруге тыйым салынса деймін. Осыны қатаң қадағалаған дұрыс. Сонда ғана жолдың сапасына нұқсан келмейді. Жыл басында қала әкімі Бақытжан Ғаязов өзінің есептік кездесуінде жолды биыл жөндеп береміз деп уәде берген болатын. Азаматтық танытып, уәдесінде тұрды. Сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеді. Көптен күткен игілікке ауыл болып қуанып отырмыз, – дейді елді мекеннің ақсақалы Ғабдолла Ахметжанов.
Кеншілер қаласының 60 жылдығы қарсаңында ұзын саны 10 көшеде орташа, ал 7 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек кейбір әлеуметтік маңызы зор нысандарға барар жолдар да қайта қалпына келтірілді.
– Келер жылға үлкен жоспарлар қойып отырмыз. Бюджеттік өтінішке кварталаралық жолдарды да енгіздік. Соның ішінде «Шанхай» аталып кеткен жеке сектордағы 12 көше де бар. Біз ескі асфальтті қопарып, оған қосымша материал қосып, жаңартып қайта төсейміз. Қазіргі таңда бұл әдіс – сапа және шығын жағынан да ең тиімдісі. Сәтін салса, 2018 жылы орташа жөндеу жұмыстарымен биылғыдан кем емес көлемді қамтимыз, – дейді әкімдіктің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әнуар Есқатов.
Қазіргі таңда жоспардағы ең соңғы учаске – 40 лет Октября көшесіндегі 15 мың шаршы метр жолды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қала тұрғындары мұндай ауқымды жұмыстар көп жылдардан бері атқарылмағандығын және жолдардың сапасы да көңілге қонымды екендігін алға тартады. Ендеше игілікті істің жалғасы да игі боларыне сенім артамыз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ