Асығы алшысынан түсті

           Жақында Шымкент қаласында асық атудан Қазақстан Кубогының жарысы аяқталды. Осы сынға қатысқан біздің облыс спортшылары оңтүстік өңірінен олжалы қайтты. Турнирде «бес тас» ойынына қатысқан қыздар жүлделі 1 орынды жеңіп алса, «бес табанда» жігіттер жеңіс тұғырының 2-сатысына көтерілді.Какашев (1)
         Облыс намысын қорғаған қыздар арасында қашарлық Назерке Серкебаева, алтынсариндік Жанар Сұлтанова, ерлер арасында рудныйлықтар – Олжас Қожахметов, Қанат Жорабеков және Бекжан Қабжановтар үздік нәтиже көрсетті.
        -Бұл жаман көрсеткіш емес. Біздің облыста ұлттық ойындар соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Соның ішінде асық ату ойындарына деген ықылас ерекше. Қай жарысқа қаыссақ та, спортшыларымыз тек қана жеңіс биігінен көрініп жүр, – дейді облыстық асық ату федерациясының жетекшісі Кәрішал Какашев.
         Мұның алдында облыс құрамасы Ақтөбеде өткен VI- республикалық ауыл спорты ойындарына қатысқанын айта кеткен жөн. Бұл жарыс олимпиада ойындары сияқты төрт жылда бір рет өткізіліп тұрады.  Осы жолы Қостанай облысының құрамасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Мәселен, ерлі-зайыпты Болат және Гүлмира Айтбаевтар (Федоров ауданы), қарасулық Айнұр Дәуренбекова, алтынсариндік Жанар Сұлтанова республикалық ойындардың «алтын» медалін жеңіп алды. Ерлер  арасында аманкелділік Ғалым Сағитов пен федоровтық Асқар Досановтарға тең келер қарсылас табылмады.
        Айтпақшы, Тобыл өңірінде ұлттық ойындарды дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген Кәрішал Төлегенұлы биыл алпыс жасқа толды. Осыған байланысты ҚР білім және ғылым министрлігі мерейтой иесін «Деншынықтыру саласындағы үздік қызметкер» медалімен марапаттаса, республикалық асық ату федерациясы «Алтын сақа» төсбелгісін омырауына тақты.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓