Арқалықтың оты өшпейді
Бір аптаға жақын арқалықтықтардың жанын ауыртқан қаңқу сөздерге облыс әкімі Н. Садуақасов осылайша нүкте қойды.
Кезекті жұмыс сапарында облыс басшысы Родина ауылынан жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда болып, теледидар тарту етті. Келесі кезекте қала тынысын кеңейтіп жатқан ақаулы үйлерді сыру жұмыстарын өз көзімен көрді. Мемлекеттік тұрғын үй кешенін жаңғырту бағдарламасымен жаңғыртылған Абай даңғылындағы №92 үй тұрғындарымен жүздесті. Қаланың жүрегі саналатын жылу электр стансасына ат басын бұрып, жағдайдың тұрақтылығына қанықты. Одан әрі "Арқалық – Шұбаркөл" жаңа темір жол желісінің тартылуымен бірге күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалының тынысымен танысты.
Ы. Алтынсарин атындағы гимназияның мәжіліс залында актив өткізіп, қала әкімі Ғ. Бекмұхамедовтың он айлық жұмыс есебін тыңдады. Білім, денсаулық, ауылшаруашылық сынды түрлі салалардың облыстық басқармаларының басшылары қалаға қатысты есептерін берді.
– Елбасы Жолдауына сай еліміз өсіп өркендеуде. Олай болса Арқалық қаласының болашағына алаңдауға да еш негіз жоқ. Арқалық болған және бола да береді. Боксит қоры сарқылғанмен оны алмастыратын «Құс фабрикасы», «Нұржайлау НС» сияқты ірі инвестициялық Жобалар қарқын алуда, – деді аймақ басшысы.
Жиын соңы «Тыңның 60 жылдығына» арналған мерекелік концертке ұласты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы