Қара жаңбыр қауіп төндіре бастады
Шілдеден бастап толассыз жауған жаңбыр егін алқаптарын шірітіп жатыр. Ылғалдың молдығынан әсіресе, облысымыздың орталық және солтүстік аудандары зардап шегуде. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы өкілдері келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, қазірдің өзінде 378 мың гектар жерге шірітпе ауруы жайылған. Жер емген жамағаттың көңілін күпті қылған мәселенің мәнісін білмек ниетте, егін басында жүрген көнекөз агроном, ҚР Еңбек ері Сайран Бұқановпен жедел сұхбат құруды жөн көрген едік.
– Кеселдің алдын-алу мақсатында, республикалық бюджеттен 622 млн теңге бөлініп, 75 тонна дәрі-дәрмек сатып алынды. Ауру жайылған алқапты дәрілеу жұмыстары Федоров, Ұзынкөл, Алтынсарин, Қарабалық, Қостанай, Сарыкөл және Меңдіқара аудандарында жүргізіліпті. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Ауа-райы сан құбылып, жаңбыр жауып, күн жылынған мезетте септориоз ауруы пайда болады. Тіпті, таңғы шықтың өзі дәнді-дақылдың шіріуіне әсер етеді. Септориозға шалдыққан жағдайда, бидайдың шығымдылығы 10-30 пайызға дейін азаяды. Фунгицид дәрісін алып, ұшақпенен егістік алқаптарын улап жатырмыз. Әзірге, одан оңды нәтижені көріп отырғаным жоқ. Ұшақтар сәл кешігіп жетті, удың сапасы да бәлен деп айта алмаймын. Ертерек жеткенінде жағдай басқаша болар ма еді?!
– Қалай десек те, осы уақыт аралығында мемлекеттің күші-мен облыс бойынша 80 мың гектар егіс алқабы өңделіпті. Мем лекеттен, мұндай көмекті күтіп пе едіңіздер?
– Расымен де, мемлекет тарапынан керемет қолдау көрсетілді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Көмек біздерге жан-жақты берілді. Қолымызға қаржысын беріп, осыған білгеніңді істе десе, біраз сабылатын едік. Мемлекеттік көмек ұшағымен, улағыш дәрісімен жеткізіліп жатыр. Біздің міндетіміз – ауру жайылған алқапты анықтап, удың көлемін белгілеу. Қалған іс әуеде жүрген жігіттерге жүктелген. Әттеген-айы, осы жұмыс бір апта бұрын жүргізілуі тиіс еді…
– Дәнді-дақылдардың шығымдылығы жайында не айтар едіңіз?
– Бидайдың шығымы жаман емес. Ерте сепкендердің егісі күннің ыстығында күйіп кетті. Ал, соқасын кеш салғандардың күйі жақсы, дәні көтеріліп келеді. Әсіресе, күнбағыс, рапс іспетті майлы дақылдар жақсы өскен. Енді, шығымдылығы – ауа-райына тікелей байланысты. Былтырғыдан кем болмас деген үмітіміз бар. Бидайымыздың пісіп, жетілуі де уақыт еншісінде. Сонымен қатар, аурудың алдын-алу мүмкін болса, жағдайымыз түзеліп кетер еді. Бидай шығымын болжап айтудың өзі қауіпті болып отыр. Себебі, септориоз ауруы бидайдың сабағынан асып, масағына жайылып жатыр. Бұрын-соңды мұндайды көз көрген емес.
– Ауа-райын болжаушы "www.gismeteo.kz" порталындағы ақпаратқа сүйенсек, тамыз айының 11-14 аралығында жә-не 18-27 аралығында облыс кө-лемінде жаңбыр жауады. Сол-түстік аймаққа 40 мм, оңтүстікке 20 мм ылғал түседі. Ал, қыркүйек айы құрғақ болады деп күтілуде. Күзге дейін созылатын жауын алқапқа қаншалықты әсер етеді?
– Болжам жасау қиын. Тым құ-рығанда, қыркүйек айы құрғақ болса, дұрыс болар еді. Ылғалдың көптігі бидайдың сапасына, қамырлығына кері әсерін тигізеді. Жаз салқын болды. Маусым, шілде айларында күн дұрыс ысымады. Күнде жаңбыр болғандықтан, қамырлығы төмендейді. Былтырғы бидаймен салыстырғанда, өнім сапасы нашарлау болатын сыңайлы.
Жалпы алғанда, биылғы жылы бидай егуге, күтіміне көп шығындануға тура келді. Техника, жағар-жанар майды былай қойғанның өзіне көлденеңінен киліккен кеселден арылу үшін де қыруар қаржыны сарп етуге мәжбүрміз. Бұған жұмысшылардың жалақысын қосыңыз. Қазіргі таңда, бидайдың бір центнерін баптау үшін 30-35 мың теңге жұмсалып жатыр. Күзде басты ас мәзірінің бағасы анықталады. Бекітілер баға 35 мың теңгеден төмен болса, бұдан былай дән салып қажеті жоқ! Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, күш берілуде. Дей тұрғанмен, бар ауыртпалықты ауылды-аймақтардағы қарапайым шаруалар сезінеді. Біздің мойнымызға бір ауылдың тірлігі мен бірлігі жүк болып ілінген. Ауылды ұстап отырған шаруа қожалықтары мектеп, балабақша, емдеу мекемелері іспетті әлеуметтік нысандардың күтіміне жауапты. Біздің жұмыс тоқтаса, баршасына қиын болатын сыңайлы . . .
Жұматай
Кәкімжанов