Батыр рухы – ел мерейі
Осы күні кейбір басылымдарда "Қазақта батыр да, би де, әулие де көбейіп кетті" деген жаңсақ пікір айтылып жүр. Қазақтың сайын даласында мыңдаған жылдар бойы жер үшін, ел үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін, сарбала қара қазанының қамымен жүрген ерлердің көп екендігіне кәрі тарих куә. Соларды біз түгендей алдық па? Әрбіреуінің аты тарихқа алтын әріппен жазылды ма? Соларға сый-құрмет жасай алдық па? Осындай сауалдар мені ғалым ретін-де, тарихшы ретінде, тіпті қазақтың қара баласы ре-тінде көп ойландырады. Кәрі тарихқа терең бойласақ, ел қамын ойлаған батырларымыздың көпшілігі-нің сүйегі жат жерде жатыр. Кейбіреуі тіпті арулап жерленбеген. Осы күнге дейін кейбір батырларымыздың бас сүйегі де табылмай отыр.
Марқұм академик М.Қозыбаев тарихшылардың өз халқының алдында қарызы белшеден деп еді.
ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар-тарихта ел тағдырының тәл-кекке ұшыраған кезеңі. Оны қазақ "Ақтабан, шұбырынды, Алқакөл сұлама" деді. Жан-жақтан анталаған жау-дан қазақ жан аямастан қорғанды, соғысты, қырылды. Бірақ жігері құм болып, жасымады. Рухын жоғалтқан жоқ. Сол заман қазақ ішінен талай қол бастаған ерлерді, ел бастаған билерді, сөз бастаған шешендерді шығарды.
Қазақтың Батыр Баяны, сондай батырлардың бірі, бірі де бірегейі. Абылай ханның сенімді серігі, адал досы. Қазақ әдбиетінде ерте көрінгенімен ғылымда аз зерттелген тұлға.
Баян батыр 1714 жылы қазiргi Мағжан Жұмабаев ауданы Аралағаш деген ауылда туған. Әкесі Қасаболат момын адам болған, ұсталықпен айналысқан. Батыр Баян жөніндегі негізгі дерек, ең бір қадірлі дерек-шежіре. Шежіре тек ауызша беріледі деген де жаңсақ пікір. Мұның жазбаша нұсқалары да өте көп болған. Шежіре деректері бойынша Баян Уақ руынан, оның ішінде Шоға. Одан Байыс-Қырғызәлi, Мүлкiс, Қарабас, Есқара, Қасаболат, Абылай, Алтыбай атты үш бала, Қасаболаттың үлкен баласы – Баян, кiшi ұлы Жарбол. Баяннан – Бұлан, Мұсабай – Басшығұл (Басшығұл 1842 жылы туған), – Құлжабай, Жаныбай, Олжабай дейтiн үш баласы болады. Құлжабай мен Жаныбай соғыс жылдары қайтыс болады. Олжабай бұдан он жыл бұрын дүние салды. Олжабайдың баласы Зейнолла бірнеше жыл бабасының тарихын зерттеумен айналысып келеді. Бүгінде Қызылжар қаласында ғұ-мыр кешуде. Құлжабайдың баласы Шери 1990 жылы қайтыс болған. Ұрпақтары қазiр Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұ-мабаев ауданында тұрады.
Батыр Баян туралы аңыз-әңгімелерді жинастырып ғылыми айналымға алғаш кіргізген Шоқан Уә-лихан, Баян туралы алғаш-қы ғылыми шығарма жазған да сол. ("Исторические предания о батырах ХҮIII века") Шоқанның айтуынша, батыр Баян Абылайдың ең жақын батырларының бiрi болған. Ол өзiнiң ағасы Сары батырмен бiрге қазақ жасақтарын бастап қалмақтарға қарсы соғысқан. Осындай бiр жорықта Сары мен Баян қаза болады. "Халық аузында қос батырдың есімдері Сары-Баян деп қосақталып айтыла да бередi", – деп жазады Шоқан.
Аңыз-әңгімелер негізін-де үш дастан жазылды. Со-ның ішінде ең танымалы – әйгілі Мағжан Жұмабайдың белгілі "Батыр Баян" поэ-масы. Сондай-ақ Үмбетей мен Тәтiқара толғауларында батырлығы айтарлықтай баяндалған. Баянтанушылар соңғы кезде тың деректер мен дәйектер табуда.
Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатынан Баян батырдың бейбіт уақытта керей болысының старшинасы қызметін атқарғаны туралы құжаттарды қызылжарлық өлкетанушылар тауып, ғылыми айналымға кіргізді. Құжатта Баян батыр ұрланған жылқыларын даулап 1760 жылдың 10 тамызында Железинск бекінісіне келгендігі туралы сол бекіністің бастығының рапортының түп нұсқасы беріледі. (Государственный архив Омской области. Фонд Военно-походная канцелярия командира Сибирского корпуса. Опись 1. Дело 89, (лист 737.) 17.08.1760). Бұл құжат бiр жағынан Баян батырдың бейбiт уақытта ел басшысы болғанын анықтаса, екiншi жағынан кейбiр зерт-теушiлердiң батырдың 1756-1759 жылдары қы-тайлармен болған соғыста қаза болды деген дерек-терiн жоққа шығарады.
Баян батыр туралы халқымыздың белгiлi ақыны әрi ойшыл ғалымы Мәш-һұр Жүсiп өзiнiң "Абылай хан дәуiрi" деп аталатын қысқа-қысқа әңгiмелерiнде жазған екен. Оның айтуынша, Баян тек батыр ғана емес, сөз жүйесiн табатын шешен, ой арнасын табатын ақылды кемеңгер адам болған.
I.Есенберлин, М.Мағауин, Қ.Жұмадiлов, Х.Абдуллин, Ж.Бектұров, М.Мұқанов, С.Iзтiлеуова, Е.Асқаров, солтүстiк-қазақстандық жерлестерi Б.Мұстафин, Қ.Омаров, ұрпағы З.Олжабаев шығармаларында Батыр Баян образы шындыққа сәйкес сомдалады.
Баян батырдың 1756-1757 жылдары болған қазақ хандығы мен Қытайдың Цин империясы арасындағы соғысқа қатысып, ерекше ерлік көрсеткені І.Есенберлиннің "Жанталас" романында баяндалады (264-267 беттер). Бірақ, роман көркем шығарма болғандықтан онда тарихи шындық бұрмаланған. Романдағы батырдың шыққан тегі мен оның қайтыс болуы жөніндегі пікірлері талас туғызады.
Мағжанның "Батыр Ба-ян" поэмасының желiсiнде кинорежиссер С.Тәуекел тамаша фильм түсiрдi. Астанада осы аттас музыкалық спектакль қойылды. Сөйтiп, есiл ердiң есiмi қа-лың жұртшылыққа бiрша-ма жақсы насихатталды деп ойлаймыз.
Батыр Баян туралы әзір іргелі шығарма жоқ. 2008 жылы қызылжарлық өлкетанушы ақсақалдар Зейнолла Олжабаев пен Социал Жұмабаев батыр туралы жарияланған мақалаларды, мұрағат құжаттарын жинастырып жеке кітапша етіп жарыққа шығарды.
Жақында Павлодар қаласының орталығында, "Сарыарқа" қонақүйінің алдына Батыр Баянға арналған тұғырлы ескерткіш орнатылды. Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Республика парламентінің мүшелері, "Баян батыр қоғамдық қорының" президенті заң ғылымдарының докторы, профессор М.Нәрікбаев, сол қордың атқарушы директоры Қ.Тәйкенов, батырдың тікелей ұрпағы З.Олжабаев өз пікірлерін білдірді.
Одан кейін мәдениет сарайында "Ел қорғаны – Батыр Баян" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның жұмысына Қытай, Монғолия, Ресей, сияқты шет елдерден және Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Семей, Қостанай, Петропавл қалаларынан белгілі тұлғалар қатысты. Құрамында отс-тавкадағы полковник Н.Кунаков, кәсіпкер Ж.Итпаев және осы жолдардың авторы бар Қостанай делегациясы да қатысты.
Пленарлық және секция отырысында 44 баяндама тыңдалып, талқыланды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз алған Монғолияның еңбек сіңір-ген мәдениет қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Тәукейұлы Баян батырдың тарихтағы орнына, ол жө-нінде бүгінгі ғылымдағы талас тудыратын мәселелерге тоқталды. Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған ХҮІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қақтығыстарына ғылыми талдау жасады. Бұлардан кейін мінбеге шыққан осы жолдардың авторы қазақ тарихындағы батырлар статусына анықтама беріп, "батыр" терминіне этимологиялық талдау жасап, олардың ел қорғаудағы орасан ерлігіне баға берді. Қолданбалы математика инс-титутының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұханбет Смаилов Батыр Баянның жерленген жерінің табылғандығы жө-нінде коференцияға қатысушыларды хабардар етті.
Секция отырысында жан-жақтан келген ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері, ұрпақтары батырдың өмір сүрген заманы жөнінде салиқалы да салмақты, ғылыми жағынан негізделген өзекті тақырыптарда баяндамалар жасалды.
Баян батырдың екінші өмірі, ғылымдағы өмірі, халқының тарихи санасындағы өмірі енді басталған сияқты. Биылғы істеліп жатқан шаралар, атқарылып жатқан шаруалар осы үлкен жұмыстың басы болар деп ойлаймыз. Осындай іс-шараларға біздің облысымыздың азаматтары да ат салысуда. Ескерткіш халықтан жиналған қаржыға орнатылды. Оған біздің жерлесіміз Азамат Тұрсынов қомақты үлес қосты.
Еліміздің шекарада орналасқан қалаларында осындай ескерткіштердің көп болғаны абзал. Баян батыр тірісінде қолына қару алып ел қорғаса, енді оның қола мүсіні биік тұ-ғырдан "…ел де, жер де қазақтікі, тиіскендерді аямаймыз" – деп тұрған секілді.
Аманжол Күзембайұлы,
Тарих ғылымының докторы, профессор.