«Ортеке» биі мен Қожанасыр әзілдері ЮНЕСКО тізіміне енді

Адамзаттың материалдық емес мұралары қатарына қазақ ұлтының екі бірдей мәдени құндылығы қосылды, деп хабарлайды Экспресс К.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Рабат қаласында (Марокко) ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті 17-сессия өткізген. Соның аясында ұлтымыздың мәдени мұрасының екі жаңа элементі тізімге енгізілді.
«Олар – қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері «Ортеке» биі және Қожанасырдың әзіл әңгімелері. Жалпы, сессияда комитет 46 номинацияны қарастырып, олардың 20-сы репрезинтативтік тізімге қосылды», – делінеді хабарламада.
Айта кетейік, «Ортеке» – күйшінің саусағына тау ешкісінің ағаш мүсіншесін бір жіппен байлап, ойыншықты «сазбен билететін» музыкалық-қуыршақ өнері. Мұнда сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би және қуыршақ жүргізу өнері үйлесім тапқан.
Ал Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – түркітілдес елдер фольклорында кездесетін, зіл-сықақ әңгімелердің, тұрмыстық ертегілердің кейіпкері. Бұл элементті ЮНЕСКО тізіміне Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан елдері бірлесіп енгізіп отыр.
Бұған дейін аталған тізімге 11 мәдени мұра қосылған еді. Олардың қатарында Домбыра күй өнері (2014), Қазақ күресі (2016), «Асық ату» ойыны (2017), Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері (2018), Киіз үй құрау (2014), Айтыс (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), Қорқыт ата мұрас» (2018), Тоғызқұмалақ (2020) және Құсбегілік (2021) бар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓