«…қайыңға сыр шертіп ем…»

Қалың тоғай көз тартады
көркімен,
Тіл қатты ол да,
 қайыңға сыр шертіп ем:
– Сырық жаса,
Құрық жаса!
Кейде мен
Балта сабы болғаныма өкінем.
 
Бұл басымнан талай-талай
өтті азап,
Өсіп-өніп тұрғанымнан
жоқ ғажап!
Егер шіри бастағанымды
аңғарсаң,
Лапылдайын,
Жарқылдайын,
Отқа жақ!
 
* * *
Біздің Шилі жаралған
құс бағына,
Өзен-көлі айналған құштарына,
Қарау ғажап аққудың жүзгеніне,
Суды сызып қонғаны,
ұшқанына.
 
Күн қызуы жерде өртпен кеп
тоғысып,
Қапырық боп тұр маңай
көптен ысып.
Аққу қонды айдынға
Мен сүйген қыз
Ақ бантигі секілді кеткен ұшып.
 
Еске түсті бір кезгі арман ізгі,
Аппақ ару –
сол арман алға жүзді.
Жасаурайды жанарым
Таба алмай қап
Ұшқанда аққу соңында
қалған ізді…
 
* * *
Күннің көзін қара бұлт
Қайта-қайта басатын.
Сәуле бірақ таралып,
Жерге нұрын шашатын.
 
Көтеріліп күн бүгін
Таудан асып тұрғанда,
Жасырмақ боп нұр жүзін
Басты қалың тұман да.
 
Құптарлық іс құмарлық
Мықтыларға,
Аруға.
Ынтық неге тұман,
Бұлт
Күннің көзін жабуға?!
 
* * *
Тіршіліктің сол бағы –
Көктем үлбіретеді.
Күзде,
Бәлкім тоңғаны?
Гүлдер дір-дір етеді.
 
Маңай толып тұр әнге,
Ауа райы салқындап.
Қорыққаны бұл әлде?
Қалып едім жақындап.
 
Адам да оған жау бүгін,
Ызғар,
Суық қауіп-ақ.
Мына бір гүл қауызын
Тұр қымтанып, жауып ап.
 
Кете ме жел сындырып,
Гүлдер безек қағады.
Жұлып алып бір жігіт,
Қыз төсіне қадады.
 
Күн қабағы түйілді,
Тұр ма гүлді мүсіркеп?
Қыршынынан қиылды
Әдемілігі үшін тек…
 
* * *
Жүрегіме бөледім мен,
Сенім гүлдеп, еңселенді.
Сол Сенімнің көмегімен
Шегіндірдім Шер-шеменді.
 
Түн – алыста,
Таң – қасымда.
Шыққан күнге қуанамын.
Сол Қуаныш арқасында
Қайғы-мұңды қуаладым.
 
Кең төсіңе төрледім мен,
Табиғат,
Сен табысқаным.
Сенің әркез көмегіңмен
Жамандықтан алыстадым.
 
Жүре алмаймын сенсіз күліп,
Саған жиі сенім артам.
Бойымда сәл болса ізгілік,
Сен үйреттің!
Сенің арқаң!
Серікбай Оспанұлы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓