Күндерім өтіп барады
Ойларға талып, зарығып,
Ұйқысыз таңды атырам.
Өкініш өртеп қамығып,
Тағы бір күнді батырам.
Күндерім өтіп барады,
Бір-бірінен айнымай.
Жөңкіліп көшіп барады,
Бұлттардай ізін қалдырмай.
Өтуде еш боп уақытым,
Өкінем соған қамығып.
Жарқырап жүрген жақұт ем,
Көмескі тарттым жабығып.
Тексіздер төрге жайғасып,
Асылдар қалды-ау төменде.
Арамға тойып, май басып,
Шүрегей ұшты-ау төбемде.
Бұл өмірдегі еншімді,
Алғам жоқ әлі түгендеп.
Бағындырамын бір шынды,
Сәйгүлік аттай жүгендеп.
Өткенің елес
Ұмытып ессіз күлкіні,
Жастығың өтер бір күні.
Елес боп қалар есіңде,
Думанды кездер күн-түні.
Алдамшы уақыт қылар мас,
Басыңды тасқа жығар рас.
Отыздың орын аспасаң,
Қырықтың қыры шығармас.
Боз қырау шалып самайды,
Таусылмас ойлар қамайды.
Өткенің ұзап, оралмас,
Күрсіндірген талайды.
Жарқырап жүрдім жасымда,
Жайсаңдар болды қасымда.
Аузыма қарап дүйім жұрт,
Шырағым жанды басымда.
Еңбекпен егіз маталдым,
Адал ісіммен – аталдым.
Қырықтың бірі – қыдыр деп,
Жақсыдан талай бата алдым.
Жазым мен гүлді көктемім,
Білмей де қалдым өткенін.
Науқаны келіп, түсіндім,
Қоңыр күзімнің жеткенін.
Мен қазақтың бірімін…
Бұл өмірдің мен де бір бөлшегімін,
Бір ғұмырдың теңеулі мөлшерімін.
Қуаныш пен қайғысы кезек жүрген,
Бұл жалғанның бағасын өлшеді кім?
Кейде құмдақ жолым бар, кейде батпақ,
Кейде қарлы тайғанақ, кейде қатқақ.
Жүріп өткен жолымда іздерім бар,
Бір көмескі, бір анық, кейде соқпақ.
Ештеңеден ешқашан түңілмедім,
Жүгім ауыр болса да, бүгілмедім.
Қанша қиын болса да, көтеремін,
Ешкімнің де алдында жүгінбедім.
Тобықтай түйін
Тарағандай өмір – думан базарым,
Тұнжырай ма жарқылдаған ажарым.
Кетігіне қалана алмай күмбездің,
Ештеңеге ауған емес назарым.
Білемін ғой мен өзімнің нарқымды,
Бүгінгімді кешегіме зар қылды.
Іскерліктен пара озып тұр бұл күнде,
Алдағыны кейінгімен пар қылды.
Ішім – түтін, сыртым – бүтін құр тұлғам,
Тек жүрегім қан жылайды бұлқынған.
Көлеңкеден күнгейіне шыға алмай,
Көңіл шіркін өз-өзімен жұлқынған.
Ессіз билік бар еңбекті еш қылды,
Қол жеткізген ерте күнді кеш қылды.
Жақсылардың ізіне де тұрмайтын,
Көк аттыны көп аттыға ес қылды.
Қызмет пен дәрежені қуғам жоқ,
Жаман іске мен белімді буғам жоқ.
Бір-ақ рет берілетін өмірден,
Арзан болып өту үшін туғам жоқ.
Өмірімнің астым төбе, өрінен,
Қараша үйдің орын алам төрінен.
Жоғарыда аласа боп жүргенше,
Мен төменде биік болып көрінем.
Бекболат БОПИН.