Ұлым менің – Ибраһим

Ал өзім мен отбасым үшін 2014 жыл табысты жылдардың бірі болды. Жылқы жылы өміріме оң өзгерістер әкелді. Соның бірі ХVІІ халықаралық "Шабыт–2014" шығармашыл жастар фестивалінің іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, Астана қаласындағы ақтық мәресіне қатыстым.
Сонымен қатар бірнеше облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері болдым. Бұл жылы өмірімдегі ең маңызды қуаныш – отбасымыздың шаттығы дүниеге тұңғыш ұлымның келуі. Есімін Ибраһим деп қойдық.
Осы ретте мынаны айтайын: тумысынан адам екіге бөлінеді. Бірі қандай ортада жүрсе де, өзін жалғыз сезінеді. Өз ойымен ғана қоректенеді. Екіншісі сыртқа ұмтылып өседі. Жалғанды жалпағынан кешіп, жарық дүниені жалпыға ортақ санайды. Мен сондай азаматтар көп болса екен деп тілеймін. Эгоизм, келешектен үнсіз түңілу – қазақтың мәселесін шешіп бермейді. Керісінше күйреуіктікке ұрындырады. Ұсақ, дәрменсіз тобырға айналдырады. Сондықтан алдағы жыл оқыған, көзі ашық, сауатты қазақ баласын бір-бірімен жалғастыра түссе екен деп тілеймін. Кереметтің бәрін мен қазақтың ішіндегі құрыштай берік бірлігінен күтемін. Қой жылы құтты болсын!
Мешіт Ғазиз