Оққағар (Әңгіме)
Жетпіс жылдан астам уақыт тәңірідей табынған Кеңестік жүйе тас-талқан болып, ел естен танып тұрған тоқсаныншы жылдардың ортасы еді. Сегіз жыл бойы «Кеңдала» кеңшарының директоры болып, дүрілдеген Кәрімжанның да өзге деңгейлестері сияқты ойға-қырға шапқылаудан тауы шағылып, «қала маңына кетуден басқа жол жоқ» деген байламға ұйый бастаған кезі болатын. Ескі де болса үш-төрт тракторы, бес комбайны, екі көкқасқа ЗИЛ-і бар. Оларды ретін тауып, жекешелендіріп алған. Өзімен ұғымдас болып жүрген он-он бес ауылдасын ертіп, шаһар маңында бос қалған бір бөлімшеге көшіп барса, жер өңдеп, бірді-екілі малын өсіріп, тұйықтан шығып кетер еді-ау?!
Облыс орталығына барып келген сайын Кәрімжанды осындай ой әбден баурап, кешегі жолы бір қираған иесіз ауылды көріп те қайтты. Бұрын немістер тұрған деседі. Ал, қазір олар мынау астан-кестең болып жатқан қазақ жерінен үміт үзіп, Германияға үдере көшіп кетіпті. Пақырлардың жолы болсын, кезінде олардың ата-бабасын Сталин мұнда зорлап көшіріп жіберді емес пе?! «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дегендей, олар да тарихи Отанын аңсаған шығар?..
Кәрімжан жасынан пысық, ойға ал-ған шаруасының орайын таппай тынбайтын өжеттігі бар азамат болатын. Ақыры ретін тауып қаладан ат шаптырым жердегі бір неміс ауылын от-орамымен өзіне қаратып алды. Әрине, олжа жай келген жоқ, қалтаға салмақ салды. Жер комитетіндегілер мен әкімнің аузын алды.
Кәрімжанның жанына еріп келген жігіттер жатып ішер жалқау емес, кілең бір сайдың тасындай еңбекқор жандар еді. Еркектері егін салып, шөп шауып, әйелдері қолдағы азғантай малын сауып сүтіне дейін қалаға, аудан орталығына апарып сатты. Сөйтіп, азғантай уақыттың өзінде мынау жалмаңдаған нарық заманының талабына бейімделіп жүре берді. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген ғой, екі-үш жылдың ішінде бала-шағаның үсті бүтінделіп, кейбір үйлердің босағасына ескі де болса шетелдік машина байлана бастады. Мұндайда жіліктің майлы басын мүжіп отырған Кәрімжанның жағдайы жаман бола ма? Жыл сайын курортқа барғыштап, қала орталығынан үш деңгейлі коттедж салдырып алды. Өңкитіп сүліктей қара «Прада» джип мінді. Бизнесі өркендеп, толып жатқан дүкен, астық қоймасын иеленді. Әйелі Зәмзәгүл бұрын да жеңілтектеу, сәнқой адам еді. Енді үлде мен бүлдеге бөленіп, аттам жерге аяғын басу қиын бола бастады. Джипке отырған кезде төңірекке менсінбей, мекерлене қарап, өзінен төмендерге ернінің ұшымен ғана амандасатын болды. Кәрімжанның да бойына ірілік бітті. Әкім қаралар өткізетін жиналыстарға барғыштап, өзін көрсетіп қалуға, телеоператорларға ақша ұсынып, «қарағым, мені жақыннан көрсет, объективіңді кідіртіңкірет» дейтінді шығарды. Кейде қатар-құрбылары: «Ой, Кәреке, Сізді теледидардан көрдік, өзіңіз «жұлдыз» болып барасыз ғой», – деп телефон шалса соған әжептәуір өсіп, бөсіп қалатынды шығарды. Бірақ, байлықтың да бас ауыртатын машақаты көп болады екен. Ақша көбейген сайын өзінен өзі үргелектеніп, әлдекімдерден секем алатын болды. Содан жанашырларының ақыл беруімен есіктің алдына қарауыл қойып, жанына оққағар алды.
Оның есімі Рафайл еді. Ол жүргізуші әрі оққағары болып, екі қызметті қа-тар атқарды. Әу баста бойы екі метр- ге жуық нағыз атан жілік алпамсадай Рафайлды Кәрімжан жайма базарда автобөлшек сатып тұрған жерінен таңдап алған-ды. Жүре келе әбден бойы үйренген, әрі жігіттің небір қиын жерден қисын тауып кететін ептілігі мен ер-жүректігіне көзі жетіп риза болған Кәрімжан оған барлық жағдайды жасады. Тіпті, өзін екі рет қауіп-қатерден құтқарып қалғаннан кейін пәтер де сатып әперді. Айлығын көбейтті, қайда барса да қасынан қалдырмай ертіп жүретін болды. Сөйтіп жыл өткен сайын иесінің ішкі қатпар қыртысына дейін біліп, небір тілегін орындаған Рафайл енді оның қайсыбір құпия сырларын бөлісетін, сеніскен досына айналды. Сондай бір саунадағы сауық-сайран үстінде Кәрімжан:
– Рафжан (енді қожасы оны осылай атайтын болған). Жас болса келіп қалды. Өмірдің қызық-қуанышын молырақ қарпып қалғым келеді. Әрі қазір біз сияқты ауқатты адамдарға тоқал алу мода болып тұр ғой. Ағымнан қалғым келмейді. Мынау «түнгі көбелектеріңнің» өзі жалықтырды. Қанша жақсы болғанымен оларды ертіп, елдің алдына шыға алмайсың. Ал маған ойын-тойға, театрға барғанда ұялмай ертіп жүретін әйел керек. Жібі түзу, дұрыс адам болса, төсек жаңартқым келеді. Сен оған қалай қарайсың? – деп сауал тастады.
– Көздегеніңіз бар ма? Әлде бұл істің орайын мен келтірейін бе? – деді иесінің қабағын бағып үйренген Раф қарсы сауал қойып. Кәрімжан оған жауап бермес бұрын денесі селкілдеп қарқ-қарқ күліп алды. Айтсам ба, айтпасам ба дегендей бұған сынай қарап алдындағы қазыдан бір асап, бір рюмке коньяк ішті.
– Көздегенім бар дей алмаймын, бірақ көздестіретін өзіңе сенем ғой, – деп мұны арқадан қақты. Ана бір жолғы осында өзің әкелген бидай өңді әйел есіме жиі оралады. Аты кім еді әлгі, – деп бір сырдың бетін ашқандай болды.
Раф айтып отырған әйелдің кім екенін бірден білсе де, өтірік ойланғансып жауабын сәл кідіртті.
– Иә, ие әлгі Әлия ма, – деп бір сәтте бастығына бұл да сынай қарады.
– Жарайсың, дәл таптың, – деді Кәрімжан оққағарының зеректігіне риза болып. – Соны келесі аптада қала сыртындағы өзіміз білетін оңаша жерге әкел, сөйлесуім керек.
– Айтқаныңыз болсын, стол жабдығы, сыйлық дегендей.., – деп Раф сөз аяғын жұта күмілжіді.
– Ол жағына қам жеме, өзім ойластырам, – деді қожайын.
Әлия университеттің үшінші курсында оқып жүргенде-ақ ректорымен төсек қатынасында болып, беті ашыл-ған сұлу әйел еді. Мұғалімдік мамандығы жайына қалып, қазір осы көркінің арқасында бір ірі мекемеде офис-менеджер болып істейтін. Жасы отызға таяп қалса да, тұрмысқа шыққан жоқ. Сөз салушы болмағандықтан емес, көңілі толмағандықтан көн етіктіге қарамай, көк етікті кездеспей бұлғақтап жүрген жайы бар. Ол анау-мынау емес, шылқыған бай жерге гумп еткісі келеді. Құдыреті күшті уақыт талғамы Кәрімжанды оның уысына өзі түсіргендей болды. Іздегенге сұраған деген осындай-ақ болар. Кәрімжан сөз салғанда жас айырмашылығының тым алшақтығына қарамастан әйел бірден келісім берді. Астарлай отырып, сөз арасында өзінің қоятын шартын да жеткізіп үлгерді.
– Жақсы аға, – деді Әлия көзі күлімдей сөйлеп, – Сіз сияқты азаматтың етегінен ұстау қай әйелдің де арманы шығар? Мен жас болсам да меселіңізді қайтарғым келмейді. Жолыңызға басым құрбан. Дегенмен, қоятын бір-екі шартым бар.
– Әлияжан қысылма, айт тілегіңді, бәрін де орындаймын, – деді Кәрімжан әйелді қолынан сүйіп.
– Ең бірінші, бәйбішенің үстіне кіргім келмейді. Бөлек үйіміз болсын. Екіншіден, байлығыңыздың үштен бірін менің атыма жазасың, жеке машина алып бересің, – деп Әлия маржандай тістері жарқырап сақ-сақ күлді.
– Құлдығың болайын қарғам-ау, сол да сөз болып па, бәрі болады. Машинаның қай маркасын ұнатасың, – деді Кәрімжан.
– «Лексус», түсі ақ болсын! Әлия ерке бала сияқты Кәрімжанның құшағына құлай кетті…
Екі-үш аптаның ішінде ұлан-асыр той жасап, Кәрімжан жас әйелге үйленіп алды. Бұл талайдың таңдайын қақтырған айтулы той болды. Қосарай қаласының ығайы мен сығайы жиналған бұл тойды мәскеулік әншілер жүргізді.
Міне, содан бері де бес жыл өте шықты. Әлия шіріген бай шалдың еркетотай тоқалы рөлін өте сәтті ойнап жүр. Көңілінде бір-ақ кірбің бар. Егде тартқан шалдың төсек қатынасында мұның діттеген жерінен табыла бермейтіні. Есті әйел ғой, оның да тігісін жатқызып, жігін білдірмей есесін басқа жақтан қайтарып жүрген жайы бар. Оның бар мақсаты – Кәрімжанның ақшасын жұмсап, көңіл шөлін – Рафтың құшағында қандыру. Бірақ ләзат шөлі теңіздің суы сияқты, ішкен сайын шөлің қана ма? Көп ішсең дертті қылады, бұл жолы да тап солай болды…
Қалай аңғарғанын өзі біледі, соңғы кезде Кәрімжан оққағары мен тоқалынан секем ала бастады. Тап басып ұстап алмаса да, көңілі кірбің тартып, елеңдей беретін болды. Бір жолы қулыққа басып, аяқ астынан іссапарға аттанды. Рафты отбасы, ошақ қасына абай бол деп қалдырып кетті. Мұндай мүм-кіндікті қалт жіберітін Әлия ма, есік алдындағы жазғы асхана бөлмесінде Рафпен кездесіп, құмарынан шықты. Зіңгіттей алып еркектің әлеуетті тәні жанын қоярға жер таптырмай есі кіресілі-шығасылы қалыпта жатқан ол күйеуінің келгенін де естімеді. Тек қана ұялы телефоны шар-шар етіп, трубканың әржағынан «қайдасың, қаншық!» деген Кәрімжанның әмірлі дауысын естігінде барып есін жиды. Бойында әлі махаббат ләзатының ыс-тық жалыны суып үлгірмеген жас сұлу әйел, ішкиімшең шашы жайылған күйде не жаза болса да, көріп алуға бекінген қалыпта аяғын әлтек-тәлтек басып, үйіне қарай беттеді. Қарсы алдынан қамшысын нығырлай ұстап, әпсәтте шүйкедей болып бұрынғыдан да қартайып кеткен Кәрімжан шықты.
Ашу үстінде әйелді екі мәрте қамшымен осып өтсе де, көпті көрген көнекөз шал одан артыққа бара алмады. «Ел құлағы – елу» ертең бұл әңгіме сырт-қа шығып кетсе дос күліп, дұшпан күндемей ме?! «Ойбай-ау, кешегі ұлан-асыр той жасап алған тоқалы есігіндегі оққағарымен ашына екен ғой» деген әңгіме жалпақ елге жайылмай ма? Сонда ағайын-туыстың, бала-шағаның бе-тіне қалай қарайды? Одан да жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғаны дұрыс шығар?!
Тағдырыңнан озып кете алмайтын шарасыздық деген осы! Кәрімжан кескен теректей жалп етіп өз төсегіне құлай кетті. Ерке тоқалы аяқ жағында не өтірігі, не шыны белгісіз, кемсеңдеп жылап отыр…
Серік ШАЙМАН