Ұлы ұстазға – еңселі ескерткіш

Бүгін Қостанай қаласында қазақтың ұлы ағартушысы, ұлт ұстазы, халық мектебінің негізін қалаушы тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші ашылды. Қоладан құйылған ерекше мүсін орталық саябақ кіреберісінің алдына орнатылған.
IMG_5101
IMG_5123Бұл ескерткіш облыс жұртшылығының, педагогикалық еңбек ардагерлерінің, ыбырайтанушылардың ұсынысы бойынша әйгілі педагог Ыбырайдың 180 жылдығы қарсаңында ашылып отыр. Өңірдің ғана емес, еліміздің тарихына қатталатын бұл рухани маңызы зор оқиға мерейлі мерейтойды атап өту аясында атқарылатын жұмыстардың лайықты бастамасы екені сөзсіз. Ұлы ағартушының шәкіртін қасына алып отырған бейнесі мүсінделген, кескіні келіскен ескерткіші ерекше көз тартады.IMG_5127IMG_5118Жоба авторлары – белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов және ҚР Суртешілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков. Қола композицияның жалпы биіктігі – 2,6 метр. Ал тұғыр граниттен жасалған.IMG_5107Қостанайлықтардың мақтаныш тұтар нысандарының біріне айналғалы тұрған баба мүсінінің ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, педагогикалық еңбек ардагерлері, облыстың танымал тұлғалары, Қазақстанның Еңбек ерлері, қоғам қайраткерлері қатысты.IMG_5166
 «Қазақ даласында білім шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бетбұрыс жасауына тікелей ықпал еткен бірегей тұлғаның алатын орны ерекше. Кеше ғана біз ұлы ағатушының туған күнін атап өттік. Ұлт ұстазының келесі жылы аталып өтетін 180 жылдық мерейтойы бүгінгі ескерткіштің ашылу рәсімінен бастау алады. Біз бұл атаулы датаға үлкен дайындықпен кірісеміз. Өздеріңізге белгілі, Ы.Алтынсариннің туған жері Алтынсарин ауданына қарасты Мезгіл елді мекеніндегі Омар құдығы және Қостанай ауданында орналасқан мемориалдық кесенесі Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілді. Екі нысанда да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, кесене қайтадан салынып, сәулеті артты. Қазір бұл орынға елдің түкпір-түкпірінен келетін адамдар саны көбейіп келеді. Мұның сыртында, қостанайлық зиялы қауым өкілдерінің сұрауы бойынша, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында да ұлы ағартушыға ескерткіш орнату жоспарланып отыр. Бұл шаралардың тезірек жүзеге асуына біз де үлесімізді қосамыз. Халқымызда «Таулардың биіктігі алыстаған сайын білінеді» деген сөз бар, ұлы ағартушының есімі еш уақытта ұмытылмайды. Ол үшін жергілікті атқарушы билік те тиісті шараларды қабылдап, жастарға рухани тәрбие беру жолында жұмыстар жүргіземіз», – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.IMG_5148
Аймақ басшысы осы ескерткіш орналасқан ұзындығы екі шақырым болатын Алтынсарин көшесінің жөнделгенін де айта кетті. Бұл жұмыстарға 900 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, осы көшеде орналасқан көп қабатты 14 үйдің қасбеті қалпына келтірілген. Жалпы, Архимед Бегежанұлы келтірген дерек бойынша, Қазақстанда Ыбырай Алтынсарин есімін иеленген 50-ден астам білім ордасы және мәдени нысан бар, солардың бесеуі біздің облысқа тиесілі. Олар – Арқалық педагогикалық институты, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, Балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана, мемориалдық музей. IMG_5153IMG_5171Сондай-ақ, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат  та ұлы ұстаздың есімін иеленген. Осы мектептің түлегі әрі көп жыл еңбек еткен ардагер ұстаз Беген Көпеш шара барысында сөз алып, ескерткіштің орнатылуына себепші болған азаматтарға алғысын білдірді.
«Бұл – облыстағы ерекше, тәрбиелік мәні зор оқиға. Ұлы ұстазға ескерткіш орнатып берген жергілікті билік өкідеріне ұстаздар атынан зор алғыс айтамын. Мүлгіп жатқан қазақ даласына қоңырау соғып, білімге шақырған тұлғаның еңбегі өлшеусіз. Мен Ыбырай атамыз 1884 жылы салған мектебінің шәкіртімін, сонда біраз жыл ұстаз болдым. Сол себептен мектеп менің екінші үйім десем, артық емес. Бақытты мұғалімді көргілеріңіз келсе, маған қараңыздар… Жадымызға әбден жатталған «Кел, балалар, оқылық» өлеңін ескерткіштің тұғырына таспалағанын көріп отырмыз. Қандай тамаша! Барлық ұйымдастырушыларға, архитекторлар мен мүсіншілерге көп рахмет. Бұл – қостанайлықтарға жасалған үлкен сый», – деп тебіренді ардагер.IMG_5177
Ыбырай Алтынсарин атын иеленген елді мекендердің бірі – дәулетті де сәулетті «Алтынсарин» ЖШС. Осы ауылдың бүгінгі шараға арнайы қатысқан басшысы, Еңбек ері Борис Князевке де құрметпен сөз берілді.IMG_5160
«Қазақ даласында ұлы адамдар өте көп. Бірақ Ыбырай Алтынсариннің мен үшін алар орны аса ерекше. Бұл кездейсоқтық емес. Сонау 1987 жылы мен Алтынсарин атындағы кеңшардың директоры болып жұмысқа келдім. Мектебінде дым да жоқ, сол кезде бюст орнаттым. Қайта құру жылдарында кеңшардың атын бірнеше рет ауыстырар мүмкіндігім болып еді, бірақ мен олай істемедім. Ол құрметсіздік болар еді. Білетінім, бұл тұлға 18-ақ жасында Торғайға мектеп салу үшін Аманқарағайдан өгізбен ағаш тасыған! Міне, Отанға деген қызметтің нағыз жарқын көрінісі! Сол бір мектебі бүкіл елдің санасына сәуле түсірді. Кәсіптік мектептерді де алғаш ашқан тұлға сол болатын. Ыбырайды заманынан озып туған тұлға деп білемін», – деді Еңбек ері.IMG_5196
Бұдан соң ескерткіштің тұсаукесер рәсіміне кезек беріліп, пердесін түру құрметі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке, ардагер ұстаз Беген Көпешке ұсынылды. Одан әрі жиылған жұртшылық мүсін түбіне гүл шоқтарын қойды.IMG_5200
IMG_5210IMG_5224IMG_5230IMG_5242IMG_5234IMG_5248Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓