Сарыкөлдегі салиқалы сыр-сұхбат “Қостанай таңы” газетінің ауданда өткен күндерінен
Алтынсарин ауданындағы оқырманмен жүздесу кейін көршілес жатқан Сарыкөл ауданында жалғасын тапты. Тарихқа терең бойласақ, Сарыкөл ауданы біртуар тау тұлғалардың, талай таланттардың өлкесі. Сарыкөл десе Тәтіқара ақын, Барақ батыр есімдері тілімізге оралады. Өнерге бай бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласы бүгін де кенжелеп қалмай қарқынды дамып келеді. Өңірге өң кіріп, ауқымды бастамалар жалғасын тапқан.
Редакция алқасы ауданға бар-ған тұста оқырмандар аудандық мәдениет үйінде бас қосып, күтіп отыр екен. Құтты қара шаңырақтың бас редакторы Жанұзақ Аязбеков бастап, қарымды қаламгерлері қостап, шараның шашбауын көтерген төл басылымның бала кезден бергі оқырманы, ақын Серікбай Оспанов пен облыстық филармонияның белді әншісі Манапбек Қадыровтар Сарыкөл ауданында салиқалы сыр-сұхбат-қа себепші болды. Оқырманын іздеп келген меймандарды аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков қарсы алды.
Елдің мүддесін жоқтап, оқырманның сұранысына сай болуды мақсат тұтқан газет ұжымы Сарыкөл жерінде де негізгі мақсаты – оқырман жүрегінің лүпіліне құлақ тосу екенін жеткізді. Халықтың әрбір сөзінен газеттің әр санын қалың оқырман күтіп отырып, сүйсіне оқитынын сезіндік. Әсіресе, қариялар газетке бауыр басып кеткендігі білінеді. Зейнеткерлер қауымы да, ұстаздар мен жастар да, жалпы барша оқырман газеттің әр нөміріне сыншы. Қандай газет болсын оқырмандардың ойынан шығуды ойлайды. Халыққа не керек? Өмірдің ағысынан қалмаған басылым керек. Ол үшін әлбетте тек қана бір бағытта – мақтау тұрғысынан емес, жұрттың көңіліндегі көкейтесті мәселелерді көбірек көрсеткені де абзал.
"Қостанай таңы" газеті ұжымының өңірге келуі шынын айтқанда күтпеген қуанышты кездесу болғандай. Ашық пікір алмасу газетке деген жүрекжарды ілтипатты білдірумен де өріле кеткендей. Газет редакторы Ж.Аязбеков: "Қандай сауалдарыңыз, ұсыныстарыңыз бар? Біз, соны есту үшін келдік" деген ұсынысына оқырмандар қатары да көп іркілмей, ойларын жеткізе бастады.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Елжан Нұрқабылұлы жас та болса бас бола білген азамат екен.
– "Қостанай таңы" газеті – өңірде өзіндік орны бар, беделді басылымдардың бірі. Ауданда "Қостанай таңы" газетінің өз оқырмандары баршылық. Болашақта олардың саны да арта түседі деп сенемін. Қазақ газетінің оқырманы көбейіп, таралымы арта түсуі үшін көмегімізді беруге дайынбыз, – деп басшылық тарапынан қолдау болатынын білдірді.
Редакция алқасымен бірге барған ақын ағамыз Серікбай Оспанов "Қостанай таңының" бай-ырғы әрі тұрақты оқырмандарының бірі. Бар балалық шағын осы газетпен байланыстыратын ақын үшін газеттің әр саны ыстық екені сөзсіз.
Осындай лебіздерден соң оқырмандар ой-пікірлерін ортаға сала отырды.
– Бүгін, міне, "Қостанай таңы" газетінің ұжымы біздің ауданға келіп, біздермен пікірлесіп отыр. Газет – оқырман үшін өте қажет. Басылым беттерінен Қостанай облысындағы бар жаңалықтардан, өңірлердегі оң өзгерістерден, сарабдал саясаттан, қоғамдағы қызуқанды мәселелерден құлағдар болып отырамыз. Менің айтайын дегенім, газеттің барлық беті түрлі-түсті болса оқырманы артып, газетке деген қызығушылық көбейер еді.
– Мен "Қостанай таңы" газетінің тұрақты оқырманымын. Әсіресе, бас редактор Жан-ұзақ Аязбекұлының мақалаларын бар ынта-ықыласыммен оқимын. Тағы бір айтарым, "Қостанай таңы" газетінде біздің аудан туралы мақалалар бар, дегенмен, Жанкелдин, Аманкелді аудандары жайында көбірек жазылады. Келешекте көрінбей жүрген аудандар жайында жиі жазылса…
– "Қостанай таңы" – оқырманның жүрегінен орын ала білген газет. "Бас редактор әлемі" айдарымен шығатын мақалалардан өткір ой, тәрбиелік мәні бар дүниені көреміз. Қазақ тілді оқырман көбейсін, тіл өркен жайсын десек, қазақ тілінің жанашырлары ауыл, аудандарды жиі аралап, тілді насихаттап, мағыналы шараларды өткізіп тұрса істің алға басқаны.
– Газеттің жас оқырмандарының бірі боламын. Сарыкөл ауданының жаңалықтарын "Қостанай таңы" беттерінен оқығанда бір марқайып қаламын. Тағы айтарым, Сарыкөл ауданының халқы қазақ тіліне шорқақтау. Сондықтан, біздің ауданымызға жиі келіп, тіл мәртебесін көтеру мақсатында өз үлестеріңізді қоса берсеңіздер деймін.
– Мектеп ұжымы "Қостанай таңы" газетіне жазылып келеді. Бізге пошта арқылы аптасына екі рет келіп тұрады. Біздер, бұл басылымның әр нөмірінде қандай жаңалықтар барын оқуға асығып, тағатсыздана күтеміз. Газетте жазылып жүрген мақалаларға көңіліміз толады.
Кеш соңында оқырмандар үшін жағымды жаңалық болды. "Қостанай таңы" газеті ұжымының ұйымдастыруымен ауданымызда "жанашырлар клубы" құрылды. Оның төрағасы болып аудан әкімі Эльдар Күзенбаев тағайындалса, мүшелеріне Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, "Ақкиік" ЖШС-нің директоры Амангелді Жалғасов, Соналы ауылының ақсақалы Қаду Сақауов, Сарыкөл орта мектебінің директоры Ерлан Сманов және Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Роза Идирисовалар енді.
Газеттің осындай жанашырларына "Алғыс хат" табыстаған Жанұзақ Аязбекұлы аудан әкімі Эльдар Күзенбаевқа "Қостанай таңы" газеті басылымның 3 данасын 2015 жылдың бірінші жарты жылдығына тегін жаздырып бергенін растайтын сертификат сыйға тартты. Айсана Әбдіназарова, Мәдина Валиева, Алтынай Беркімбаева сынды мектеп оқушыларына да "Жас тілші" деген арнайы куәліктер мен естелік сыйлықтар ұсынылды. Болашаққа енді қадам басып келе жатқан жастар үшін мұндай қадамның маңызы зор. Жаңашыл жастар осындайдан тәрбие алып, талпынары сөзсіз. Олар үшін бүгінгі күннің маңызы зор болды.
Оқырманының көкірек көзін ашар газет ұжымы сарыкөлдіктерге осындай жаңашылдықтарымен келді. Жез таңдай әншілігімен танылып жүрген Манапбек Қадыров, Қыдырбек Қиысқан және аудан өнерпаздарының әсем әндері "Қостанай таңы" ұжымымен өткен жылы шырайлы жүздесуді одан әрі әсерлі ете түсті. Ең бастысы, жи-налған қауым Сарыкөлдің төрінде өткен салиқалы сыр-сұхбаттан рухани азық алып, мол мағлұматтарға мейлінше қанықты.
Руслан ӘЛКЕЙ.
Ақын С.Оспанов, бас редактор Ж. Аязбеков және аудан әкімінің орынбасары Е.Тұрабеков; оқырмандармен кездесу барысында
Жас тілшілер мен жанашырлар