Шақшақ жәнібек пен төле би

Белгілі батыр, әрі шешен Шақшақ Жәнібек Төле биге сәлем бере келіп:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба? Елің-де кәрің болса, жазулы хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, – депті. Сонда Төле би:
– Өгізді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жалқұйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда, жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал, мақтаншақ жігіт жисаң – ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жар-ға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш. Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр, кәсіп болмай, нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы" деген екен.
* * *
Біреу Төлені сынамаққа "жақсы-жаманды қайтіп білеміз?" – дегенде, Төле: "Сөзінен білсе болады, – деген.
– Жаманның сөзі шаяндай, жақсының сөзі асылдан шыққан қаядай, екі жақсы қосылса – жарысқан аттай болады, бір жақсы бір жаман қосылса – ала жаулы иттей, екі жаман қосылса – ырылдасқан иттей болады" – дейді.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓