Бейімбет рухына тағзым!

IMG_8054цвДәуренбек Әбдібеков
Тергеу қате заманның сотыменен,
Салғастырып, таулармен, шоқыменен,
Білгің келсе, қазақтың бар болмысын,
Бейімбетті бауырым, оқы дер ем.
 
Нұр таратқан надандық түнегіне,
Елдік, теңдік оның бар тілегі де.
Бейімбетті бажайлап, оқы-дағы,
Үңіл сосын өзіңнің жүрегіңе.
 
Шын адал ма ниетің ағайынға,
Кір жолатпа көңілдің сарайына!
Сен ризасың,
Айт шалып, мұртты майлап,
Не боп жатыр, көз шалшы маңайыңа?!  
 
Бейнелермен сан түрлі кезігесің,
Мырс етесің, күйініп, езілесің.
Тұла бойды ызғары қалтыратқан,
Сол дәуірдің азасын сезінесің.
 
Тот баспайды ешқашан шын асылды,
Мың ұрпаққа
Майлиннің мұрасы үлгі.
Махаббатқа мәңгілік тағзым етіп,
Белгі соғып кеткен-ді "Шұға" сынды.
 
Кеше жүріп басынан небір сынды,
Қазағымен біртұтас өмір сүрді.
Би-ағаңның мұрасы мәңгі өлмейді,
Тұнық ағып жатады Тобыл сынды.
 
Майлинге мұң
IMG_8099цвБауыржан Бөгенбай
Мына заман сол заман, қайран баба!
Секіреді тоқтықтан тойған бала.
"Байдың қызы" сөйлесе көлдей болып,
"Талтаңбайлар" қаптады, ойлан дала!
 
Құлқын қамын ойлаған қыртымбайлар,
Жұртыңды ойлар деймісің, ұлтыңды ойлар?!
Тентіреп бір кетсе де тіл алмайтын,
Қайда сол бір тоңмойын "Мырқымбайлар"?!
 
Ақиқат аз артқа кім шегінеді?!
"Ұры құртып барады", Егіледі.
Ол заманда "Жәмилә жеңіп жатса",
Бұл заманда "Жәмилә жеңіледі"!
 
Шабақтары тұтылған көптің жасы,
Шортандар жүр құтырған топтың басы.
"Мысыққұйрық оқиға" толып жатыр,
"Мардымды мәжілістер" жоқтың қасы.
 
"Өтіріктен бәйге" болды ердің ісі,
Заңда кей сәт "Кемпірдің ертегісі"…
"Рәзия қыздың" тағдыры қайталанып,
Талапайда жүрміз біз ең кемісі.
 
Өкінбен еш жалғанның шолағына,
Қара халық хәлі бір оңады ма?!
Біз сенеміз сарқылмас сара жолда,
"Шұғаның бір белгісі боларына"!
 
Арадағы айырма ғасыр ғана,
Сол бір адам, баяғы жасыл дала…
Өздеріңдей жанымыз жырым-жырым,
Өзім деген жолдасым жырым ғана!
 
Өзің салған сара жол, үзілмеген,
Соқпақ жолмен келемін ізіңде мен!
"Жаңаша оқып, жаңаша жазу" үшін,
Жаңа заман легімен көп ізденем.
 
Тоқтап қалған жоқ заман көші мүлде,
Тұғырлы елміз, ұрпағың көсілуде.
Алты Алаштың қамы үшін құрбан болған,
Алтын әріп жазылған есіміңде!
 
Сен, Ұлысың! Жырымсың… Бәйтерегім!
Сөз маржанын өзіңе сай теремін!
Ұрпақ үшін ұмытылмас есіміңді,
Айта бергім келеді, айта бергім!
 
Өзің десе, ерекше пейіл де тым,
Бойлай алар тарихқа, кейінге кім?!
Маңдайына қазақтың симай кеткен,
Бір ғасырда бір туар – БЕЙІМБЕТІМ!
 
 
Нұрқанат Бұқабаев
* * *
IMG_8064цвЖаз болатын…қай жыл еді?..Ұмыттым,
Аспан шайдай, биіктенген, тұнық тым.
Алматыдан келген бет қой ініммен,
Ай жарымдай көкжайлауда тынықтым…
 
Бес жастағы інім тыным бермейді,
Вокзал бойлап "тез!" көкелеп "жүр!" дейді.
Қостанайға алғаш келген түрі ғой,
Аң-таң өзі сырын және бүрмейді…
 
Байыз таппас оған қоса күлегеш,
Былдырақтап шығып еді тілі кеш.
Сондықтан ба көп сұрайды тынбастан,
Сауалының сезілмейтін зілі еш.
 
Жүрген еді ұшып-қонып алдымда,
Көзден таса… Жоғалтып-ау алдым ба?!
Деген оймен мойын созып шолып ем,
Көрдім оны зор мүсіннің алдында.
 
Ауызына салған күйі  саусағын,
Ойлы пішін, аңдамайды жан-жағын…
– Көке, мынау кім болады?.. Дәу екен,
Батырдай ма аңдып тұрған жау жағын?
 
Білгенінше бар кәсіпті тізбелеп,
Арасында еріндерін тістелеп,
"Теміржолшы!",– деді кенет саңқ етіп,
"Құйып қойған қола мүсін бізге", – деп!
 
Бұл сәттен мың, нанамысыз, оқ артық,
Осы сөзін сол тұсында доғартып,
Би-ағаңның ғибратты ғұмырын,
Шертіп бердім құдды сана ағартып.
 
Мінезіміз десек-тағы қазақы,
Жібергенің болса игі аз ақы.
Төрге сүйреп "талай таудай"-ларыңды,
Ай, Заман-ай, дертке салған дарақы…
 
Би-ағаңның биіктетіп әр ісін,
Насихаттың берейінші дәрісін.
Бұрқыратып ауыл жақтың иісін,
Ойлантайын жасы менен кәрісін.
 
Майлин берген тағылымды мұраны,
Тоқып алған оқушылар тұр әні!
Тарих көмбек болып еді кезінде,
Ұлылардың жұрнағы бар ұраны.
 
Беріп тұрмыз кіре-беріс, босаға,
Салмасақ та зор мүсінін жотаға.
Ай, қоғам-ай, ұқсап тұрған қалпың да –
Інгеніне ілеспеген ботаға.
 
"Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз",
Осы әуенге салып жүрміз әлі біз.
Ауыл түгіл көшесі тұр Майлиннің,
"Ол деймісің?!" үйренген-ау тәніміз.
 
Қоя қойдың шетелдікті сен тегін,
Тайраңдатып танымастың тентегін.
Майлиніңді ойып қойсаң ортаға,
Шешіп берер Таран, Чаплин телпегін.
 
Ағартуға бұқарасын бейімдеп,
Заңғар тұлға Майлин-тегі Бейімбет!
Бір арманым мүсініңді "Центрден",
Көрсе деймін інім бізге кейін кеп…
 
Би-ағаң рухына
IMG_8117цвМешіт Ғазиз
Кермеп жұтып заманның запыранын,
Жанарды жасық мұңға толтырамын.
"Шұғаның белгісіндей" мұраларың,
Танытқандай Тобылдың атырабын.
 
Мен бүгін үміт отын жаға аламын,
Өзіңнен бір үндестік таба аламын.
Бір ғана Күлпашыңның шеңберінде,
Суреттеп бар қазақтың зобалаңын.
 
Құл болмадың заманға құлқынды ойлар,
Мұраларың ұрпаққа мың күнге айдар.
Халқының қамын жеген қайран арыс,
Мерт қылып жатса-дағы "Мырқымбайлар".
 
Бейімбеттің мұңы
IMG_8128цвНұрболат Мешітбаев
"Жан-жүрегім сан рет жараланған,
Күндерім көп мұң-қайғы қамап алған.
Мына маған, бұйырмай басқаға да,
Аудан атын неліктен Таран алған?!
 
Жүрегімді ауыр ой тілімдейді,
Кірпіктерім түн бойы ілінбейді.
Елге мешіт салғанмен ішінде оның
"Мұсылмандық белгісі"1 білінбейді.
 
Қалаға ауған қандай көш мына нөпір?!
Көңіл-күнім тағы да құлап отыр.
Сүйегімнің белгісіз қайда екені,
Басыма кеп кім, қалай құран оқыр?!
 
Туып-өскен мекенім нұрлы ел менің,
Көрсем деп ем ауылым гүлденгенін.2
Қадам баспай ешбір жан Бос қалған ба
Асыр салып кешегі жүрген жерім?!
 
Кеткен сонша ажарың неге сенің,
Бұл бүгінің, не болар келешегің?
Кеңес елі кеше жау атағанмен,
"Халық жауы", халқым-ау, емес едім!
 
Неге, неге, Ақтөбем, кейін кеттің,
Көріп енді көркіңді сүйінбек кім?.."
Қайта оралса өмірге, Қапаланып
Айтары осы болар еді Бейімбеттің…
 
1. Бейімбеттің көтеріліске дейін  жазған тұңғыш өлеңі. Би-ағаңның ауылындағы мешіт кезінде мал қораға айналып кеткен. Қазір жадау-жүдеу күйде.
2. "Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз",– деп Бейімбеттің өзі айтып кеткен. Ал, қазір Би-ағаңның Ақтөбе ауылы қаңырап, баяғы алшалы, аршалы тірлігінен айырылған. Болашағы жоқ ауылдың қатарында.
 
Мырқымбайдың базынасы
IMG_8085цвҚасқырбай
Қойшыманов
Майысқаны ғой мәуелі ағаштың,
меншіктеп жатыр маңғаздар.
Тәбәрігі ол
Әуелі, Алаштың!
Ей, "жаңа қоғамдық сарбаздар"!
 
Күрмелей түстің құрсаудың жібін,
таптық таразың дайын тұр,
Баба намысын жұмсаймын бүгін
жайыңа кеткін, жайылғыр!
 
Қару-қайсарлық қарсыласады,
құба жондағы қасірет!
Құлынға мініп қамшыласамын
Кішкентайымнан
Бәсіре!
 
Ақжарқын күлкім – шымшыма мысқыл,
Маужырамайтын марғаумын.
Кеңірдегіңе тұншығар жырқыл
ауылы бөлек қарғаудың.
 
Келелі шешім кеңесін көріп
бір жұдырықтай жұмыла.
Береке-бірлік дегесін көніп
түгенделсін, төрт құбылам!
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓