Қайталанбас қайраткер. Оразалы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл
Өмір өрнектері
Оразалы Әбілұлы Қозыбаев – бүкіл Қазақ еліне белгілі тұлға. Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1924 жылы қазіргі Ұзынкөл мен Меңдіқара аудандарына қарасты Ершовка және Красная Пресня селоларының шекарасында Тазкөл көлінің жағасындағы Мыңшұқыр ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын «Жаңа тұрмыс» ұжымшарында колхозшылықтан бастаған ол Ұлы Отан соғысы жылдары химиялық қорғаныс батальоны бөлімше командирі болып, талай шайқастарға қатысты. Елге 1947 жылы Жеңіспен оралған Орекең комсомол қызметінде жастардың жалынды жетекшісі ретінде танылды. Облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Ұзынкөл аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Затобол аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Аманкелді, Арқалық аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарып, ел ықыласына бөленді. Торғай тыңының игерілуі осы Орекеңнің бастамасы еді. Талай жылдар тусырап жатқан ен далаға жан бітті. Аймақта талай кеңшарлар құрылды, талай тұлғалар елі-не танылды. Оразалы ағамыз сол кездегі Кеңес Одағының ең жоғары марапаты – Социалистік Еңбек Ері атанды. Орекең талай рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, КОКП-ның ХХІІІ, ХХV, XXVІ съездеріне делегат болды. Нұрлан, Серік, Сәния, Құмар, Ғалия атты ұл-қыздарын өсірді, ағайын-туғанның қамқоры, есімі ел аузында аңызға айналған ерекше тұлға атанды. Қозыбай әулетінің даңқын ең алдымен немере ағасы Қабаш шығарды, ол «Жаңа тұрмыс» колхозының төрағасы кезінде майданға өз қаражатына ұшақтар звеносын сатып алып, аттандырған отансүйгіш қайраткер еді. Ал Орекеңнің немере інілері академик Манаш Қозыбаев пен академик Сағымбай Қозыбаев есімдері де еліне әйгілі. Ағамыз тірі болса биыл тоқсан жасқа толар еді.
Тыңдағы күндер
(Естеліктен үзінді) АМАНКЕЛДІДЕ
1959 жылғы тамыз айында мен Аманкелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Осы пленумда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Шәпет Қоспанұлы Қоспанов жолдас аудан алдындағы міндеттерге тоқталды. Ол үкімет пен партия алдындағы көптеген міндеттерді айта келіп, аудан шаруашылығының артта қалып қойғандығын, басқа аудандармен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімдерінің төмен екендігін, құрылыс жұмысының қатты ақсағандығын, мемлекетке ет, жүн тапсыру жоспары жылдан-жылға орындалмай бара жатқанын, жазғытұры, күз айларында мал шығыны көбейіп, кейбір шаруашылықтар көрсеткіштерінің мүлде құлдырап кеткендігін қатты ескертті. Пленумнан кейін облыстық партия комитетінің хатшысын Семиозер ауданының шетіне дейін шығарып салып, өзіміздің бюро мүшелерімен ақылдаса келіп, колхоздарға олардың әрқайсысын уәкіл етіп бекітіп, сосын мен аудандағы алғашқы құрылған "Қайыңды" совхозын аралап кете бардым. Ол совхоздың директоры кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған жігіт еді. Совхоздың құрылғанына 4-ақ жыл болған. Бұрын басқа жаққа көшіп кеткен ел қайтадан туған жеріне көшіп келіп, құрылыс салып, жаңадан ел болып, ес жия бастапты. Совхоз орталығына онша көп құрылыс салына қоймаған. Бұл жер – облыс орталығынан 700, аудан орталығынан тура жолмен 65, ал Арқалықтан 50 шақырымдай қашық болатын. Арқалықтан боксит кеніші ашылатын болып, Есілден теміржол салынып, кеніш-тердің орны белгіленіп, барлаушылар жұмыстарын аяқтап қалған. Совхоз директоры Игілік Абзулинов екеуіміз Арқалық пен екі аралықтағы жерлерді сегіз күн жүріп көрдік. Теміржолдың арғы бетіндегі Державин, бұрынғы Ақмола облысы Борандыкөл ау-данының жаңадан құрылған совхоздары біздің жердің көбін жырта бастапты. Сол жерлерді аралап жүріп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ақпан Үкі-баевпен таныстық. Бұл арада совхоз құ-рып, аудан орталығы Державин станциясын салып жатқанын айтты ол. Арқалықтан 150 шақырым жерде орналасқан Державинге бара алмадық, бірақ барлық жұмысының жәйін Ақпан аға айтып берді. – Менің бұл араға келгеніме бесінші жыл, сенің ауданың біздің жердің көбімен шектеседі, осы жерлерді өз көзіңмен аралап көргенің жөн, – деп, маған өзінің ақыл-кеңесін берді. Біз рахметімізді айтып, жүріп кеттік. "Қайыңды" совхозының орталығында болып, мамандармен сөйлестік. Совхоз жиырма мың гектардай тың көтеріп, көп өнім алыпты. Бас агрономы Байжігіт Сейдалин деген жігіт, туып-өскен жері – осы күнгі Федоров ауданы, әкесі де, өзі де сов-хозда тракторшы болған. Ауыл шаруашылық техникумын бітірген соң, Федоров совхозында қызмет атқарып жүрген жерінен облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі оны осы жаңа совхозға бас агроном етіп жіберген екен. Маған алғашқы кеңесші болған адамның бірі осы жігіт еді. Әңгімелесе келе оның мінезі биязы, өтірікпен, бос сөзбен әуестігі жоқ, тәуір азамат екеніне көзім жетті. Механизаторлардың тоқсан пайызы сырттан келген жігіттер, қалғаны – жергілікті жастар. Жаңадан курс ашылып, 45 жігіт тракторшы мамандығын игеріп жатыр екен. Сабақ өтіп жатқан жерге барып, олармен кездестім. Совхоздың төрт бөлімшесін аралаған кезде шаруашылығына көңілім толғандай болды. Одан әрі "Иманов" колхозының шаруашылығын аралай келіп, ау-дан орталығына жеттік те, онда киім ауыстырып алып, аудандық атқару комитетінің төрағасы Бәшір Шметов деген азаматпен "Крупская" атындағы колхозға жүріп кеттік. Колхоз жері менің көрген жерлерімнің шөбінен өзгешелеу екен. "Қайыңды" сов-хозының жері боз, көделі болса, бұл жердің дені бидайықты шабындық болып шықты. Бұрын төрт шаруашылықтан құрыл-ған үлкен колхоз болғанымен, басқармалары жыл сайын ауысып, шаруа алға баспапты. Колхоздың активтерімен кездескенде: – Бізге аудан басшылары келмейді, қыста жол жоқ, жазда аудан мен екі ортада су жайылып, машина жүре алмаған соң, уәкілдердің өзі атпен ғана қатынайды. Ал машинамен жүретін аудан басшыларының атын газеттен ғана білеміз, – деп, өкпелерін айтты. Маған еріп барған аудандық атқару комитетінің төрағасы Шметовтың өзін "Биыл бірінші рет көріп отырғанымыз", – деді. Ал аудандық тұтынушылар одағының председателі Мұқанов Ахметқали деген ақсақалдың қыстыгүні түйе шанамен шәй әкеліп, пышақ үстінен бөліп бергенін, одан басқа адамнан көмек болмағанын және айтты. Шметов маған "Крупская" колхозының барлық бөлімшелерін аралатып, жерді көрсетті, халықпен таныстырды. Бір күні "Кемер" деген бөлімшеге келіп қондық. Кешке бастауыш мектепке шаруаларды жинап, әңгімелестік. Маңайдағы малшылар, қойшылар салт атпен келіп, жиналыс-қа қатынасты. Соның ішінде Шомбал деген шопан өзінің жасының ұлғайғанын, ауыратынын, асырап алған баласы Қабылды (Павел) ауылдағы сиыршы Сабырбек дегеннің Сәнияхан атты қызына үйлендіріп, ат шаптырып, той жасағанын, сосын ақ таяғын сол ұлы мен келініне тапсырып, өзі енді соларға көмекші болып жүргенін, қазір үйінің тар екенін, немерелері Әлімжан, Дүбірбайдың бір-екі жылда мектепке баратынын баяндады. Колхоз басшыларынан жер кепесін кеңітіп беруді сұрады. Қалған малшылар да: шәй-қант, ұн, жарма сияқты тағамдар мен әйнекке шыны, есікке тақтай, пеш салатын кірпіш-тің жоқтығын, балаларын мектепке көлік-пен таситынын, олардың жылы киімдері-нің жоқтығын айтып, қыс түспей осының бәрін жеткізіп беруді өтінді. Келесі күні аудандық тұтынушылар қоғамының бастығы болып істейтін, жоғарыда айтқан Ахметқали ақсақалды шақыртып алып, малшылардың осы тілегін айттық. Ол дереу ауданға аттанды да, ертеңінде алты машинаға тиелген заттарды алып келіп, барлық төрт бөлімшеге таратып берді. Сөйтіп, халықты бір риза еттік. Колхозды аралап жүріп, манағы айтқан Шомбал шалдың баласы Қабылдың отарына да соққанбыз. Онымен әңгімелесе келе мынадай қызық жайға қанықтық. 1943 жылы қыста Шомбал ақсақал Аманқарағай станциясына колхоз жүгін апарғанда, станция басында арып-жүдеген, киімдері жыртық-жыртық, қарындары аш 14 жасар қыз бала мен 10 жасар ер баланы кезіктіреді. Оларды аяп, өзі жатқан үйге алып келеді де, жуындырып, тамақтандырып, сосын: – Маған бала боласыңдар ма? – деп сұрайды. Олар бірден: – Боламыз, – дейді. Бұлар – қазақ тілі түгіл, орыс тілін де шала білетін неміс балалары екен. Содан екеуін екі киізге орап, түйе қоржынға отырғызып, 10 күндей күні-түні жол жүріп, өзі тұратын "Крупская" колхозына әкеледі. Сол жерде кемпірі мен апасына оларды аманаттап, өзі жұмысына кете барады. Балалар үйдегілердің тілін түсінбей, олармен ыммен ғана сөйлесіп, Шомбал келгенше бүйірлері шығып, адам қатарына қосылып қалады. Қыз тамақ пісіріп, бала далада шалдың малын жайлап, күн кешеді". Күндердің күнінде Қабыл өскен соң, оны қазақ қызына үйлендіреді. Қабыл бізді үйіне қонаққа шақырды. 25-26 жастағы жігіт екен. Келіншегі Сәнияхан мен Әлімжан, Дүбірбай деген екі баласы үйде қалған ауру малды суарып, жемін беріп, жайлап, сауып отырған екі түйесінің боталарын емізіп, алдарына көк шөп салып қойыпты. Қабыл бізді үйге кіргізді. Әлімжан мен Дүбірбайды атқа мінгізіп, қой баға тұруға жұмсады да, әкесі Шомбал мен апасы Мәриямды үйіне әкеліп, өзі Сәнияхан екеуі тамақ қамдауға кірісті. Біз бір-бір кесе шұбатты сіміріп үлгергенше, тоқты сойылып, қазанға түсті. Мәриям жеңгей тез арада құйрық-бауыр туралған екі-үш тарелка мен ашытып пісірген жұп-жұмсақ ақ нанды алдымызға әкеліп қойды.
Сәлім МЕҢДІБАЙ