Сахна саңлағы

КСРО мәдениетінің үздігі Рысты Ерденқызы 70 жаста
IMG_2237Тұран-Торғай даласының терең тарихы, оның төсінде туған тұлғалар жайлы жиі айтылып жүр. Иә,  топырағын түртсең, көне түркілер дәуірінен бастап, бүгінгінің байлығы алдыңа ақтарылып түсер еді.  Мұндағы әрбір болашақ өмір иесі ана құрсағында жатып-ақ тылсым Торғайдың қасиетін, киесін бойына дарытатын сияқты.
Солардың бірі, туған жердің табиғатынан нәр алып,  талантымен танылған Рысты Ерденқызы туралы біраз әңгімелеуге болады.
Ел арасында «Ән салса, Рысты салсын» деген тіркес те бар. Рысты Ерден қызының бала күнгі асыл арманы орындалып, КСРО мәдениет ісінің үздігі, бүкілодақтық, республикалық байқаулардың лауреаты атанған. Әнші, сахнагер апамыздың өмір жолы, еткен еңбегі, өнері талайға таңдай қақтырғаны рас.
Торғайдың біртуар азаматы Сәмен Жаңабергенов өткен ғасырдың орта шенінде бір топ өнерпаздарды ауылдарға ертіп шығып, Мұхтар Әуезовтың «Абай» спектаклін сахналайды екен. Осындай бір сапармен Көкалат ауылына барған көрінеді.
Клубта жиналған кісі қарасы қалың, сыймағаны жерге көрпе төсеп отыра кетеді. Ол кезде жарық, техника дегенің атымен жоқ. Алайда, әртістердің шеберлігі ауыл адамдарын елітіп, қойылымның көркін аша түседі. Қаптаған халық арасында сахнаға көз тігіп отырған бала Рысты да осында. Көппен бірге ұйып, тамашалап отыр. Сол уақ ойын баласын мына бір сәт ерекше әсерге бөлейді.
Таң елең-алаңда Абай өлең оқып тұр. Тек айдың жарығы ғана көрінеді, сахнадан ескен салқынымен денені түршіктіріп, бала көңіл алып ұшады. Бір мезет ол да сахнаға көтеріліп, жұртты өзіне қарата өлең оқуды аңсайды. Асыл арман алғаш көкейге осылайша қонған еді. Осы кезден бастап, қиял құшағында үнемі әртіс болуды армандаған-ды.
Ауыл ортасында жалғыз құдық болатын. Елге ат басын тірегендер әуелі осы құдыққа аялдайды екен. Ал мұнда келген қонақтарды бірінші болып күтіп алу ауыл баласының әдеті. Әртіс келгенін білсе, үйді-үйге жүгіріп, құрт, айран, қымыз әкеліп береді. Осының өзі олар үшін үлкен мәртебе. Өредегі құртты талай қотарып, құрметті қонақтарға ұсынушының бірі Рысты ылғи бала біткеннің алдында жүреді. Бұл ретте ол елден бұрын жүреді. Сұлу қыздар, тақия киген сақал-мұртты ағалар, бәрі әдемі, ол үшін бәрі қызық.
Бар тамаша кешке басталады. Рысты концертке бару үшін үйді жинастырып, бос құтыларды суға толтырып, бұзауды ерте қайырып, шаруа біткенді реттеп қояды. Әйтпесе, апасы жібермейді тағы. Міне, осыдан-ақ бала Рыстының өнерге деген ынта-ықыласының арта түскенін байқауға болады.
Ол кезде ауылға әртістер жиі келеді. Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы театры ат басын бұрып, бірнеше спектакль қойған. Соның ешбірін құр жібермей, Рысты ондағы Жәмила Шашкинаның сомдаған рөлдерін сүйсіне тамашалап, солармен бірге жылап, бірге күліп, рахат өмір кешетін.
Кейін кішкентай қара қыз көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысатын, аудандық байқауларда бой көрсете бастайды. Сынып жетекшісі Қабдолла Жаңғабылов өнерге құштар оқушысын аудан орталығына арқалап апаратын көрінеді.1961 жылы Болат Хамзин консерваторияны тәмамдап, елге оралған соң мектеп өнерпаздарын біріктіріп, хор, оркестр құрады. Ол аудандық байқаулардың бірінде Рыстыны байқап, концертке қатыстырады. Аккордионда Тыныштық Әлденов, баянда бала Бақытжан, отыз-қырық адам домбырада, Қуаныш Сұлтанғалиев мандолина тартады. Болат әзілқой, табан астынан сөз табатын кісі. Бірде «Ауылдан келген қара қыз, өзің кішкентай болсаң да, даусың қалай зор. Саған ерем деп домбырамның шегі үзіле жаздады ғой» деп, әрі әзілдеп, әрі мақтауын асырған.
Міне, осылайша кішкентай Рысты үлкен өнерге қанат қағады. Талай сахналарда ән салып, есімі елге танылды. Оны халықпен етене табыстырған Болат Хамзиннің және Ш.Қалдаяқов, Б.Жамақаевтың әндері болатын. Соның ішінде «Торғай қызын» нақышына келтіре орындаушы еді.IMG_2068Содан 1967 жылы Торғайдағы аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Мұнда бірнеше үйірме бар. Драма, көркем сөз оқу, хор, оркестор жұмыс істейді. Қызығы, барлық қызметкер осы үйірмелерге белсене қатысушы еді. Музыка, өнер саласының маманы сол Болат Хамзин ғана.
Қ.Мұхамеджановтың «Беу, қыздар-ай», «Бөлтірік бөрік астында» қойылымдарын сахнаға шығарады. Арнайы декорация, киім деген тапшы. Әркімнен сұрап, өзінде барын қосып, тәп-тәуір қойылымды дүниеге әкелмесі бар ма. Осының бәрін жан-тәнімен атқарып, халықтың зор ықыласына, қошеметіне бөленеді. Шаршау деген жоқ. Өйткені, өнер ол үшін ауа, қорек, жан рахаты болатын.
Кейін жаңа мәдениет үйі салынып, жастардың ынтасы одан сайын артты. Мәдениет бөліміне Сәбитбек Жөкешбаев басшы болып, «Жайдарман» вокалды-аспаптық ансамблі құрылады.
Осы ансамбль 1971 жылы Торғай облысы атынан Ақтөбе қаласында өткен «Алло, біз таланттарды іздейміз!» байқауына барды. Жас таланттарды сол кездегі облыстық Радио комитетінің төрағасы, белгілі жазушы Қойшығара Салғараұлы бастап апарған. Ансамбль құрамында Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов, Қонысбай Әбіл, Төлеу Ерденов, Мысыр Кенжебеков, Күмісбек Қарабеков, Бауыржан Досанов, Тарғын Боранбаев, Рысты Ерденқызы болатын.
Кейін үйірме мүшелері ақылдаса келе, «Халық театры» атағын алмаққа ниеттеніп, дереу дайындыққа кіріседі. Алматыдан режиссер шақырылды. Қолға алған шығарма – Бейімібет Майлиннің «Шұға» драмасы мен Бексұлтан Жәкеевтің «Әке тағдыры». Таңнан кешке дейін дайындық, жұмыс. Сол кезде Рысты жас босанған. Үзілісте сәбиін емізіп келуге ғана үлгереді. Өнер үшін осындай жанкештілік танытып, шын берілген жан деп, замандастары әлі күнге тамсанып айтып отырады. Соңында бұл еңбек өз жемісін беріп, халық өнер иесіне шын бағасын берді.
1972 жылы театр атағын алған соң ұлттық ансамбль құру мәселесі қаралды. Содан «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ұлт аспаптар ансамблін алғашқы құрушы әрі мүшелері болып Төленді Ахметов,  Бірлік Менеев, Алтынбай Сейітқасымов, Қият Ділдәбеков, Кәдіржан Қасенханов, Бөлтірік Молдашев, Бақытжан Сәуекенов, Түлкібек Рысмағанбетов, Тарғын Боранбаев, Ләззат және Гүлзат Хамзиналар қабылданады. Осы жұмыстың басы-қасында Орекен Алматтың да жүргенін айта кету керек.IMG_2076Бір жылдан соң Торғай өнерпаздары Мәскеуде өтетін бүкілодақтық студенттер фестиваліне аттанды.
Айта берсек, апамыздың жетістіктері жетерлік. Жанкелдин ауданында 32 жыл тынымсыз еңбек етіп, бүкіл Торғай жұртының ыстық ықыласына, құрметіне бөленді.
Рысты апамыздың өнер жолында мұндай жетістікке жетуіне бірден бір себепкер – өмірлік жары Іргебай ағамыздың қолдауы, қошеметі, азаматтығы. Ол кісі де тегін адам емес-ті. Шақшақ батырдың бел баласы – Дәуітбай бабамыздың 9 ұлының бірі Құланбике ұрпағы Сегізбайдың Әубәкірінің баласы.      
Рысты Ерденқызы өзінің «Өнермен өрілген өмір» атты кітабында жұбайы Іргебайды: «Көнтерлі, сырбаз мінезді, төзімді, кісіге жамандық ойламайтын арамдығы жоқ,кісілігі, досқа адалдығы ерекше жан еді. Менің қандай да бір еркелігімді, кейбір «тентектігімді» де кешіре білетін. 50 жыл отасып, 7 бала тәрбиелеп, ұрпақ сүйдік» деп жазады.
Ол кісі де өнерпаз жан болатын. Амал нешік, былтыр арамыздан алыстап, ақтық сапарға аттанып кетті.
Иә, біз білетін Рысты Ерденқызы осындай адам, өнерді шын сүйген жан. Апамыз әлі күнге дейін Торғай өнерпаздарын қолдап отырады. Былтыр ғана «Торғай таланттары» атты кеш ұйымдастырып, жергілікті әнші-күйшінің басын қосқан еді. Алла амандық берсе, әлі талай дүниені тыңдырамын дейді Рысты апай.
Өз сөзінде: «Ендігі бір мақсатым – Торғай қазақтарының салт-дәстүрлерін насихаттап, қайта жаңғырту. Ізденіп жүрмін, керекті дүниелерді жазып та жүрмін» дейді өнер адамы Рысты Ерденқызы.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓