ЖАНАРМАЙДЫҢ ТАУСЫЛМАС ЖЫРЫ

Елімізде жанармай бағасы тағы да қымбаттады. Әр жылдың күзінде «дәстүрлі түрде» болатын құбылысқа әркімнің-ақ еті үйренген болар. Дей тұрғанымызбен, жанармай құнының «психологиялық шектен» шығып бара жатқаны көңілді күпті етеді. Қазіргі уақытта АИ-96 маркалы бензиннің бағасы 165-175 теңгеден, көлік иелері көп тұтынатын АИ-92 маркасы – 148-152 теңгеден саудаға салына бастаған. Кейбір жағармай бекеттерінде бензиннің осы түрі тек таллонмен жіберілуде. Бұл, бензин қорының елімізде шектеулі екенін білдіреді. Жанар-жағармайдың көлік түрлерінің барлығына да жеткіліксіз екенін айта кеткен жөн. Сұранысты – ұсыныс қанағаттандырмаған жағдайда, тауар бағасының көтерілетіні белгілі. Елімізде жағармай қоры шектеулі ме әлде, тауар ұсынушыларының бағаны көтеру жолындағы әдеттегі құйтырқы әрекеті ме? Осыны саралап көрелік.бензин
Бұл жолы еліміздегі жағармай тапшылығын әдеттегідей өндірушілер емес, тұтынушылардың өздері жария етті. «Эйр Астана» әуе компаниясы таратқан мәліметтерге жүгінер болсақ, әуе кемелеріне қажетті керосиннің 70 пайызы, көлік қозғалысына қажетті жанар-жағармайдың 30 пайызы  сырт елдерден алынады. Импорттың басым бөлігі Ресейге тиесілі. Көршілес мемлекеттің  өз өнімдерін ішкі нарығына бейімдеуі – қазақстандық тұтынушыларды шетелдік өнімінен қағуы мүмкін. Бұған біздің экономика дайын емес сыңайлы.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының (жылдағы әдетінше) ағымдағы күрделі жөндеуге жабылуы мен Ресейден әкелінетін өнімнің шектелуі – қазақстандық тұтынушыларды тығырыққа тірей бастады. Мәселен, «Эйр Астана» әуе компаниясы керосин тапшылығына байланысты  ішкі әуе қатынастарын шектейтінін мәлім етті. Компания өкілдерінің уәжіне құлақ асар болсақ, Ресей Федерациясымен әуе кемелерінің қозғалысына қажетті өнімді Қазақстанға тұрақты түрде тасымалдау жөніндегі нақты келісім жоқ. Ресейліктер  өздерінен артылған өнімдерін ғана сырт елдерге жіберетін көрінеді. Салдарынан, отандық әуе компанияларына  жағармай бірде жетіп, бірде жетпей, ел ішіндегі әуе қатынас кестесіне үнемі өзгерістер енгізіліп жатады.  Ал қазіргі шектеу жағдайында ұшақтардың қалай ұшатыны  мүлдем түсініксіз.
Ресми деректерге жүгінер болсақ, біздің әуе қатынастарымызға жылына 800 мың тонна өнім қажет етіледі. Оның 241 мың тоннасын Шымкент мұнай өңдеу зауыты шығарады. Қалғанын сырттан тасуға мәжбүрміз. Қазақстанға 2016 жылы 515 мың тонна, 2017 жылы 540 мың тонна әуе кемелеріне қажетті өнім енгізілген. Ресейдің «Газпромнефть» компаниясы 2018 жылдың аяғына дейін өнімдерін экспортқа шығармайтынын мәлім етті. Ендеше, биылғы жылдың көрсеткіші қайтадан төмен құлдырауы мүмкін. Мұнай қоры бойынша әлемде 12-ші, ал өндіру бойынша 16-шы сатыда тұрған қазақ елі жағармай мәселесін шешуге неге қауқарсыз? Бұл жөнінде танымал қазақстандық сарапшы Сергей Смирнов былай дейді:
–  Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының барлығының да тозығы жеткен. Мысалы, Атыраудағы өндіріс ошағы 1945 жылы тұрғызылған. Оған ағымдағы жөндеу ғана жүргізіледі. Айналдырған үш зауыттың біреуі 2-3 айға жабылса, мұнай өнімдерінің тапшылығы сезіліп, бағасы шарықтап кетеді. Ал, оны күрделі жөндеуге жабатын болсақ, жағдайдың қалай өрбитіні айтпаса да белгілі. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көршілес Ресей Федерациясында ірілі-ұсақ 35 зауыт жұмыс істейді. Оларда мұнай зауыттарын жетілдіру бағдарламасы 2011 жылы қолға алынып, 2015 жылы толықтай мәресіне жеткізілді. Енді, ондағы кәсіпорындар «Еуро-4», «Еуро-5» сұрыпты өнім өндіреді.  Біздегі жаңғырту бағдарламасы одан ертерек, 2009 жылы қолға алынды. Жоғарыда аталған себептерге байланысты, бағдарламаны қорытындылау мүмкін болмай отыр. Тәуелсіздікті енді алған жылдары қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында жылына 18,4 млн тонна өнім өндірілген, қазіргі көрсеткіш – 14,5 тонна шамасында.
Дамыған елдердің дені заман талабына сай,  «Еуро-5», «Еуро-6» сұрыпты өнімдермен жұмыс істеуге көшкен. Ал біздің қауқарымыз «Еуро-4-тен» әлі асқан жоқ. Әбден ескірген зауыттарға қазіргі технологияны күрделі жаңартусыз енгізу мүмкін емес. Жыл аяғына дейін Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарындағы жаңарту аяқталады. Содан кейін заман талабына сай өнімді тұтыну мүмкін болмақ. Авиа керосин өндірісін кеңейту үшін біздегі зауыттарға жаңа қондырғыларды орнату қажет. Қазіргі уақытта, отандық зауыттарда осы бағыттағы жұмыстар атқарылуда. Мұнай өнімдерінің сапасын жақсартқанымызбен, өнім мөлшері көбеймейді. Бар мәселе осында!» – дейді ол.
Заманымыз түзеліп, жағдайымыз жақсарғалы көлік тізгіндеген қазақстандықтардың қатары да қалыңдай түсуде. ҚР ІІМ есебіне жүгінер болсақ, қазіргі таңда қазақ елінде 4,4 млн көлік жүйткіп жүр. Сарапшылардың пайымдауынша, біздегі үш зауыттың өнімі осыншама көлікке жеткіліксіз. Мәселені мұнай өңдейтін зауыттың тағы біреуін немесе екеуін тұрғызу арқылы шешуге бола ма? Жоқ! Себебі, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақта өндірілетін өнімді үш зауыт (тоқтаусыз жұмыс істесе) еркін өңдей алады. Тығырықтан шығудың жалғыз амалы – электромобиль саласын дамыту. Биылғы «EXPO-2017» көрмесі де осыған негізделіп, қазақ елінің «Жасыл экономикасына» шетелдік инвесторларды тартуды көздеген еді.
Айтпақшы, «EXPO-2017» көрмесі аясында, Қостанай көлік зауытында құрастырылған электромобильдер көпшілікке таныстырылған болатын. Тіпті, көрме қонақтарына қызмет көрсету мақсатында, заманауи темір тұлпарлардың 12-сі Астанаға да аттандырылды. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС осы бағыттағы жұмысын одан әрі жандандырмақ ниетте. Әзірге, өнімді көбейтуге техникалық қызмет көрсету, қуаттандыру іспетті инфрақұрылымдық мәселелер кедергісін келтіріп тұр. Айтулы мәселелер шешімін тауып жатса, электрлі көліктер көптеп шығарылар еді. Жанармайға тәуелділік те сол кезде жойылар ма еді, кім білсін…
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓