«АЙҚАП» һәм ағартушы
Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, ұлт баспасөзінің бастауында тұрған «Айқап» журналын шығарып, өз дәуірінің озық ойлы азаматтарының қалам қарымын елінің жоғын жоқтауға жұмылдырған ағартушы, ақын Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдық мерейтойы туған жері Қарабалықта дүрілдеп өтті. Тойдың барысында қайраткердің ақындық мұрасы мен ағартушылық, журналистік, ұстаздық қызметін зерделеген халықаралық ғылыми конференция, мерекелік концерт, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.
Троицкіден табылған тарихи фотосурет
Аудандық мәдениет үйіндегі ғылыми конференция мінберіне М.Сералин мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген өңір зиялылары, Троицк қаласынан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдері шықты. Салтанатты жиынды бастан-аяқ облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жүргізіп отырды. Алдымен аудан әкімі Руслан Халықов ел алдына шығып, ағартушының 150 жылдығы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Әкімнің айтуынша, биыл М.Сералиннің кіндік қаны тамған Өрнек ауылының маңындағы ағартушы қабірінің айналасы абаттандырылған. Аудан орталығындағы Сералин көшесі жөндеуден өтіп, ескерткіш стелла орнатылыпты. Мерейтой қарсаңында атқарылған ең үлкен шаруаның бірі – биылғы оқу жылының басында Қарабалықта Мұхамеджан Сералин атындағы жаңа мектептің пайдалануға берілуі.
– Мұхамеджан Сералин атамызды айтпағанда, қазақ руханиятында өзіндік орны бар Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Иван Щеголихин сынды алыптар да осы қасиетті топырақта дүниеге келген. Мерейтойға орай, жергілікті өлкетанушылардан құралған экспедиция Орынбор, Троицк қалаларына барып, ағартушының өмірі мен қызметіне қатысты бірқатар құнды деректерді алып келді. Соның ішінде М.Сералиннің бұған дейін беймәлім болып келген фотосуреті де бар, – деді әкім.
Бұл суретті Троицкіде тұратын өлкетанушы ғалым, сол қаладағы университеттің профессоры Рауф Ғизатуллин тарту етіпті. Экспедиция мүшелерінің айтуынша, «Айқап» журналының 88 нөмірі басылып шыққан, ұлт баспасөзінің бесігі болған тарихи шахарда, өкінішке қарай, М.Сералинге қатысты деректер өте аз көрінеді. Өйткені 1918 жылы Троицкіні басып алған ақ патша әскері қалаға кірерде архив ғимаратын да зеңбіректің астына алған. Тарихи құжаттардың көбі сол кезде жойылыпты, әйтсе де, қызылдар мұрағат құжаттарының біразын алып шығып, Орынборға жеткізіп үлгерген. Аудан басшылары қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты тарихи құжаттар әлі де іздестірілетінін, оған Орынбор қазақтары қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Мұхамеджан Сералиннің есімі аталған жерде «Айқап» журналы айтылмай кетпейді. Конференцияда белгілі ақын, ғалым Серікбай Оспанов тұлғаның редакторлық қызметіне кеңірек тоқталды. Баяндамашының айтуынша, «Айқап» редакторы журналдың әр нөмірінде елде не болып жатқаны туралы қысқаша хабарлап, жалпы журнал деген не, оған не жазып тұру керек деген мәселелерді де түсіндіріп жазып отырған.
– Журнал шыға бастағанда әр жерден көптеген құттықтаулар келіп түскен. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы да бар. «Айқаптың» алғашқы нөміріне Ахаң мен Жақаңның мақаласы жарияланды. Бұдан «Қазақ» газетімен «Айқаптың» арасында тығыз қарым-қатынас болғанын, қос басылымның тілектес, ниеттес, мұраттас, мүдделес болғанын байқаймыз. Міржақыптың «Газет-жорнал оқысаң, көзіңді қазақ ашасың. Дүние халін білесің, ілгері қарай басасың. Сарғайып жатқан бір ғаріп, жіберді жазып батасын. Халыққа шашып жемісін, жасасын «Айқап», жасасын!» деген өлеңі де бар. Әрине, екі басылымның арасында пікір қайшылығы болған. Бірақ ол бір бітіспес қайшылық емес. Мәселен, «Қазақ» газетінде Ахмет «Біз отырықшы бола алмаймыз. Малмен күн көріп отырған халық көшіп-қонып жүрміз. Отырықшы болсақ, малды кім бағады? Олай бола алмаймыз» дейді. Ал «Айқап» журналы отырықшылыққа шақырады, – деді ақын.
Белгілі қаламгер Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, бұрын қазақтар Мұнанай деп атаған Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналы қазақ қоғамының ілгері басуын оқу-ағарту және өркениетпен, отырықшылық мәдениетпен байланыстырған. Журнал халықтың артта қалуының негізгі себептері надандық, көшпенді тұрмысқа байланысты оқшаулану, қазақ даласында мәдениет ошақтарының жоқтығы деп түсіндірді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры Қалқаман Жақып М.Сералин өмірінің беймәлім тұстарына тоқталды. Архив қорынан жаңа табылған құжаттарға сүйене отырып сөйлеген ғалым М.Сералиннің Қостанай уездік съезінің алқа мүшесі болғанын айтты.
– Мұхамеджан Сералин басшы есебінде мемлекеттік шараларды сапалы әрі уақытылы орындауға көп көңіл бөлген. Ол Қостанай алқалық комитетінің хатшысы, губерниялық экономика комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған тұста ел экономикасына жете мән беріп, жергілікті жердегі шикізаттарды өңдеп, сапалы өнім шығару мәселесін көтереді. Ал енді бүгінгі экономикадағы өзекті мәселе де осы емес пе? Қостанай губерниясы басшыларының бірі есебінде М.Сералин сол уақыттағы оба ауруына қарсы іс-шараларды ұйымдастырушы және солардың орындалуын басқарушы ретінде де белсенділік таныта білді. 1922-1923 жылдары жер басқару басқармасында, губерниялық сот жүйесінде де қызмет атқарғаны туралы құжаттар табылды, – деді Қалқаман Хасенұлы.
М.Сералин шығарған «Ауыл» газеті
Биыл ғасырлық белесті бағындырған облыстық «Қостанай таңы» газеті алғаш рет осыдан тура 100 жыл бұрын «Ауыл» деген атпен шыққан. Газеттің алғашқы редакторы Мұхамеджан Сералин болса, Бейімбет Майлин редактор орынбасары қызметін атқарады. Содан бері «Ауылдың» атауы «Социалды еңбек», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» болып өзгеріп, ақыры «Қостанай таңы» деген атауға тұрақтаған. «Ауыл» тарихы жөнінде ой толғаған Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбековтің сөзінше, осы атаулардың өзінен-ақ облыстық басылымның әр кезеңдегі саяси келбетін анық аңғаруға болады.
– Айталық, қазақтың тағдырын тәлкекке ұшыратып, орны толмас қасірет шектірген ашаршылық, әсіресе, Қостанай губерниясындағы халықтың қынадай қырылуына әкеп соқты. Мұны Бейімбет Майлин «Ауыл» газетінің бетінде ашық жазып, көркем шығармасына арқау етті. Газет алғаш араб қарпімен қазақша шықты. Ол уақытта тұрмыс тауқыметімен қатар ел ішіндегі көп әйел алу, жас қыздарды шалға беру, әмеңгерлік, дүмше молдалардың сауатсыз жұртты алдап-арбау, қорғансыздарға зорлық-зомбылық көрсету секілді келеңсіз құбылыстар белең алған. «Ауыл» осындай көріністерге қарсы күрес ашты. Облыстық басылым алғашқы санынан-ақ ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақындағы өткір мәселелерді көтерді. Байыптасақ, газет халықтың сөзін сөйлеген, ел-жұрттың мұңын жоқтай білген. Ресми губернияның органы болуына қарамастан басылымның мұндай ұстанымға ие болуы – қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинге тікелей байланысты еді. Сералин газетті ұйымдастырып, Қостанайға қазақша қаріп алдырып, оның тұрақты шығуын қадағалап, әрі өзі мақала жазып, редактор болса, Майлин қолына қаламын алып, материалдардың тақырыбын, тілін, жазылуын талғап-таңдап, түрлендіріп, мән-мазмұнын арттырып отырды. Екеуі де көкірек көзі ояу, көсемсөздің шебері, көркем ойдың ақсұңқары болатын. Соның нәтижесінде, куәлері: « Бірінші номері бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, елге тарады. Жұрттың бәрі ынтыға оқыды, үйді-үйіне жаздырып алды» деп жазды. Ол кезде тасқа басылған баспа сөзінің беделі зор еді. Газет пен кітаптарды жергілікті тұрғындар жылқы беріп сатып алған, жаздырған деген естеліктер бар, – дейді Жанұзақ Аязбекұлы.Мерейтой барысында жергілікті журналист Владимир Максименконың құрастыруымен жарық көрген «Мұхаммеджан Сералин» атты 3 томдық кітаптың тұсаукесері өтті. Жинаққа ақынның биыл тұңғыш рет орыс тіліне аударылған «Топжарған», «Гүлқашима» поэмаларыда енген.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ