Олжас олжалы оралды

Жезқазған қаласында белгілі меценат, "Арқаның Атымтайы" атанған Бекзат Алтынбеков тағайындаған дәстүрлі «Тұлға» сыйлығы салтанатты түрде табысталған болатын. Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы, «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық іс-шарада Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының актері Олжас Бегайдаров жүлдегерлер қатарынан көрінді. Көрерменін дарынымен тәнті етіп жүрген өнерпаз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Қонысбек Бегайдаров атындағы» арнайы сыйлыққа ие болды. Марапатты Жезқазған жұртшылығы алдында актердің өзі табыс етті. WhatsApp Image 2019-10-10 at 12.48.22«Басқа – басқа, мен үшін әкемнің қолынан алған сыйлықтың жөні бөлек. Ол менің қамқорым, ақылшым ғана емес, өнерде үлгі тұтатын ұстазым да!», – дейді Олжас Қонысбекұлы. 
Осы орайда, жерлесіміздің атындағы сыйлықтың екінші мәрте беріліп тұрғанын айта кеткен жөн. Былтыр бұл марапат Ілекең театрының актері Әлімхан Мырзаханға бұйырған болатын. Ал, Олжас Бегайдаров 2018 жылы Жезқазғанда өткен Жанат Хаджиевті еске алуға арналған Халықаралық театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам» номинациясын жеңіп алып, көрермендердің ықыласына бөленген еді. 
Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың дептутаты Бекзат Қомарұлы тағайындаған «Тұлға» сыйлығы өнер мен мәдениет, білім, ақпарат саласындағы үздіктерге бірнеше жыл бойы беріліп келеді. Биыл жүлдегерлер қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Е.Әбдіхалықова, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Х.Есаман, Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев т.б. танымал тұлғалар бар. Мұның өзі сыйлықтың беделінің биіктігін көрсетсе керек. 
 
Суретті түсірген С.Камалов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓