Жүрісінен жаңылғандар

Қостанайда полиция шенділері мен олардың сыбайластарына қатысты тағы бір атышулы сот ісіне нүкте қойылды. Қылмыстық топтың құрамында аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкерінің бар екенін айта кету керек. Олар Ресейде ұрланған көліктерді тіркеуге қоюға көмектескені үшін жазаға тартылып отыр.IMG_2021
Естеріңізге сала кетейік, Тобыл өңірінде осыдан екі жыл бұрын құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ көрші Ресей Федерациясында ұрланған қымбат көліктерді жалған құжатпен Қазақстан аумағына кіргізіп келіпті. Жәнібек Ізтілеуов, Абат Жармағамбетов есімді өңір азаматтары автокөліктердің шанақ нөмірін өзгертумен айналысады. Ал Меңдіқара АІІБ мемлекеттік автоинспекторы Ерқанат Әбдікеров пен Федоров АІІБ мемлекеттік автоинспекторы Есімжан Төкешев күмәнді көліктерді бөтен адамдардың атына тіркеуге қоюға қолғабыс жасаған.   IMG_2022
Мұндай темір тұлпарлардың арасында «Infiniti», «Toyota Land Cruiser»  бар ондаған бағалы маркалары еліміздің аймақтарына сатылып кеткен. Көлеңкелі көлік саудасынан түскен олжаны қылмыстық топ өзара тең бөлісіп отырыпты. 6 адамнан құралған  қылмыстық топты Артур Қалиев басқарды дегенмен, ол әлі күнге халықаралық іздеуде жүр екен. Қостанай соты қалған бесеуін  жазаға кесті.IMG_2000
Қаңтар айынан бері қамауда болған экс-полицейлер Е.Әбдікеров пен Е.Төкешев алаяқтық, заңсыз құжат жасады, қызмет бабын асыра пайдаланды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына кірді деген айыппен ең ұзақ мерзімге сотталды. Майор шенінен айырылған көлік инспекторларына дүние-мүлкі тәркіленіп, әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.IMG_1998
Ал жалған құжат жасап, ұрланған көліктің шанақ нөмірін өзгертумен айналысқан Абат Жармағамбетов 5 жыл 6 айға, Жәнібек Ізтілеуов 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Олар осыған дейін үй қамақта отырып келсе, сот залында қолдарына кісен салынды. Сотталушылар арасында Ғабит Сансызбаевқа жазаның ең жеңілі тағайындалды. Меңдіқара АІІБ-дегі құжаттарды көлікке артып, өртеп барып көзін жоймақ болған оның әрекеті әшкере болыпты. Сансызбаевқа сот 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті.IMG_2006
Айтпақшы, қылмыстық жолмен жан-жаққа кеткен көліктер тәркіленіп, олардың арасында заңды иесін тауып жатқандары бар. Кейбірі соңғы сатып алған адамның иелігінде қалса, тағы бір легі ресейлік сақтандыру компаниясының еншісіне қайтарылуда екен. Енді бірнеше көлік іздеуде жүрген А.Қалиевтің сотына дейін жемқорлыққа қарсы қызметтің құзырында қалатын болады.
 
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓