Абылай МАУДАНОВ: «Адамдық атақпен есептелмейді»
Айтары бар адамның әңгімесі
«Өліараның уысынан босап енді,
Түрлентемін деп келген осы әлемді.
Түн астында өмірге қияқ ай мен
Ай-қасқалы құлыншақ қоса келді». Бұл – Абылай Маудановтың өлеңі. «Абылайдың өлеңдерін оқыған санасы сергек əр адам құпиясы беймəлім бір сағынышқа, əлдекімді, əлденені аңсауға толы ойға кетеді», – деп баға береді әдебиет сыншысы Мырзан Кенжебай. Иә, шын ақынға халықтың бағасы қымбат.
Кейкі батыр естелік медалінің, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері Абылай Мауданов әдебиет төңірегіндегі тақырыптардан тыс, қоғамда болып жатқан көкейтесті мәселелер жөнінде ой бөлісті.
«Асқақтықты ұғып өстім аспаннан,
Сөйтіп, менің ақ сапарым басталған»…
– Ғафу Қайырбековтің «Торғайдың өзінен өзі туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып кеткен дала» деуі бекер емес. Жинағыңыз «Сары дәптердің» тұсаукесері де «Көкалатым – Киелім» тақырыбында өтті. Өлеңде айтылғандай, құла тайыңыз шаңдатқан құба бел, туған жеріңіздің тағы бір құндылығы – оның тау тұлғаларында. Міне, осындай киелі топырақта кіндік қаны тамған Абылайдың да ақын болмауы мүмкін емес-ті.
– Адамның қалыптасуына өскен ортасының ықпалы зор екені рас. Мен туған Көкалат ауылынан қабырғалы қаламгерлер көптеп шыққан. Назарбек Бектемісов, Тұрғынбек Шопанов, Қоғабай Сәрсеке, Қойшығара Салғара, Төлен Әбдік, Қонысбай Әбіл, Жұмабек Жәнділдин, Төлеухан Иманқұл, Сапар Әбілкәкімтегі, Болат Молдашев, Мұрат Жүніс, Мұхарбек Жәкей… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Солардың шығармаларымен сусындап өстім. Әжем Қарлығаш әріп тани бастағанымнан кітап оқытты. «Алпамыс батырды», «Қобыландыны», Нұрханның дастандарын құлағыма құйып өсірді. Ескілікті әңгімелерді көп айтатын. «Құлагер», «Еңлік-Кебек», «Қыз-Жібекті» патефоннан тыңдап отыратын. Мұның бәрі әдебиетке деген ықыласымды арттырды. Өлең жаттау қабілетімді күшейтті. Оның үстіне біздің көшенің балалары шетінен кітапқұмар еді. Ойынмен бірге оқуды да ұмытқан жоқпыз. Әрқайсысы шамалы әдебиеттанушыдан кем түспейтін. Солардың ішінен қалам ұстау менің таланыма жазылған екен. Тек ұяңдығымнан шығар, 19-20 жасқа келгенше өнерімді жасырын ұстадым. 11 сыныпта «мамандық таңдау» кешінде журналист болам дегенде, бәрі күлген. Журналист болуды жазушылыққа апаратын тура жол деп түсінетінмін ол кезде.
Рас, өз құрдастарыммен салыстырғанда мен ортаға кеш қосылдым. Жастық жалын, жігерім болмашы дүниелерге зая кетті. Мүмкін қабілетімді ертерек танып, ақыл-кеңес берер жан болғанда, уақытым көп, қуатым шиыршық атып тұрған шақта «бар қажырымды үлкен дүниелерге арнар ма едім» деген өкініш бар. «Тұлпар-тағдыр» деген тұңғыш поэмамның алғашқы сексен-тоқсан шумағын бас-аяғы екі күнде жазып тастап едім 20 жасымда. Қателігім қайталанбас үшін шығармашылық үйірмелермен тығыз жұмыс істеуден тартынған емеспін. Талапты жас болса, білген-түйгенімді үйретуден жалықпаймын.
– Біздің тарихымыз, дәстүр-салтымыз, танымымыз, болмысымыз – халық ауыз әдебиетінде. Сондықтан әдебиетті ұлттан бөліп қарай алмайсың. Демек, әдебиетсіз ұлт жоқ, ол – халықтың рухани қорегі, нәрі. Сөз өнерінің рөлін солай түсінемін. Фаризаның Махамбетке арнаған өлеңінде «поэзия дегенің – халық қаны» дейтін сөз бар.
Десек те, қазір әдебиет өтімсіз тауарға айналды. Өлеңді қарапайым халық түгілі, ақындардың өзі оқымайды. Бұрын зиялы қауым деп қадір тұтатын жазушыларға көзқарас өзгерген. Бірақ, осылай екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Мың адамның ішінен тым құрығанда кітап оқитын біреу шығады. «Бір адам мың адамға олжа салады», сол біреудің арқасында адамдықтың балансы сақталады деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі қоғам ұлттық мүдде, болмыс дегенді «айтарман, жазарман, қиялилардың» «шаруасы» санап, қалам ұстаған қауымға міндеттеп қойған. Бұл – ең қауіпті салғырттық. Сосын ұлттық жауһарларымызды ескіліктің қалдығы санайтын өте бір жасқаншақ мінез бар. Мысалы, оңашада терме, дәстүрлі ән тыңдап келе жатқан таксилердің көбі, қасына бөтен адам мінсе, автоматты түрде эстрадаға ауыстыра салатынын Қостанайда жиі байқаймын. Тіпті, көшеде баласымен қазақша сөйлеуге ұялатындарды күнде көруге болады. Бұл өз әке-шешесінен өзі ұялғандай нәрсе ғой. Руханият өнімдерін сол ұлттың әр өкілі қорғамаса, пайдаланбаса, нәр алмаса, онда әдебиеттің рөлі бәсеңдей бермек. Мұндай жағдайда қандай тұлға қалыптасуы мүмкін? Осындай өліара шақты пайдаланып «өлеңді қолжаулық қылған» пысықайлар көбейіп барады. Өкініштісі – талғамсыз оқырман соларды пір тұтып адасып жүр. Зейнолла Қабдолов «әдебиет – ардың ісі» десе, оны біздің арсыздар «пиардың ісі» қылып жіберді. Сапасыз тамақты жеу денсаулыққа қандай зиян болса, әдебиеттің талаптарына тек сыртқы формасымен ғана жауап бере алатын, мазмұны сылдыр-сұйық «өлеңдер» де ұлт руханиятына сондай қауіпті. Осыны көргенде ішің қанжылайды. Кие тұтар өнеріміздің өзіне іріткі түссе, болмысымызды сақтауға емес, құртуға апармай ма деген қаупім бар. Сол себептен атақ үшін «ақын» боп жүргендерді тезге салу керек.
– Әр істі өзімізден бастайық дейсіз ғой. Аға, тіні шығып тұрған бір мәселе бар сияқты. Көшедегі қоқыстың шашылып жатқанын фейсбукте көрсетіп, биліктің назарын аударғысы келетіндерге не уәж айтасыз? Бәлкім, танымалдылықтың бір тетігі осы шығар?
– Әлеуметтік желіні «бүкіләлемдік қоқыс» дейтіндер бар. Әркімнің парақшасына қарап, ішкі әлемін айнадағыдай көруге болады. «Агенттің» кезінде әзілдеп «өз логинің – арың бұл, статус боп тұр бетте. Мой мирға кір, бәрін біл, ал, блогты құрметте» деп жазғаным бар еді. Әлеуметтік желілер шыққалы бір-бірімізге деген құрмет жоғалды. Ылғи «беттен алып, төске шабу».
«Адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдар», – деген Абайдың өлеңі әлгі фейсбуктағыларға арнап жазылған ба дейсің. Ең ғажабы, солар шындыққа емес, өтірік, өсекке көбірек сенеді. Өңкей біреуді кінәлағыштар. Мысалы, өрт боп жатқанын көрген саналы адам қолына шелек алып су құйса керек-ті. Ал, біздің желідегі «батырлар» тікелей эфирге шығып, «ойбай, анау қайда қарап отыр, мынау қайда қарап отыр?» деп біреуді жазғырып жатса, таңғалмаймын. Бұл – асқынған масылдық пиғылдың көрінісі. Желі арқылы атақты болып жүргендерді өз басым түсінбеймін. Тек оқырманға «атаққұмар – ақылдылар үшін ақымақ, ақымақтар үшін данышпан, пысықтар үшін пайданың көзі» екенін ескертер едім.
– "Жаһанданудың бел ортасындамыз" дейді білетіндер. Оның бірнеше кезеңдері күтіп тұрғаны анық. Осы тұста қазақ деген ұлт ретінде өзіндік болмысымызды сақтап, техногендік заманның ықпалына төтеп бере аламыз ба? Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың жаңғыруы туралы Елбасы бағдарламалық бағыттағы мақала жазды. Сіздіңше, осы ұлттық болмыстың өзегі қайсы және қазаққа керек қажеттіліктердің дамуын тежейтін факторларды атап көрсетіңізші? Сіздіңше, ұлттық код ұғымы қаншалықты ауқымды?
– Бізді тежеп тұрған дүние – тоғышарлық сана. Сұлтанмахмұттың «Сарыарқаның жаңбыры» деп аталатын өлеңі бар. Онда от тұтата алмаған кемпір «тезекті су қылды» деп жауынды кінәлайды. Ал, жаңбыр дегеніміз жерді көктететін ырыс, былайша айтқанда, заманның жаңалығы ғой. Бізде сол кемпір сияқты жаңаның бәрін жатырқайтын бір кері мінез бар. Болып жатқан өзгерісті бір сәттік эмоция тұрғысынан ғана бағалап, бәрін «құрыды, құртты» деуге құмармыз. Өзіміз оянғымыз келмейді, оятқан адамды «мазаң» дейміз. Десек те, керітартпа топтың пікіріне қарап түңілуге болмайды. Қазақ табиғатынан қабілетті халық. Үшінші мыңжылдықтан бері туған балалар айрықша дарынды. Әрқайсысы – бір-бір үйдің еркелері. Жасқану, имену дегенді білмейді. Міне, енді бір бес-он жылда сол балалар саясат, қоғам, өндіріске араласа бастайды. Оларға «міне, мынау сенің жерің, елің, осыны игер!» десең болды, өздері-ақ өркендетіп кетеді. Тек сол буынның ұлттық тамырдан нәр алып өсуіне, тәрбиесіне ықпал ету біздің міндетіміз. Тілі шықпай жатып телефонның «тілін» біледі қазіргі сәбилер. Соларға лайықты әдебиет жазылмай жатқан сияқты. Болашақта балалар әдебиетінде өзімді сынап көрсем деген ойым бар. Оған үлкен дайындық керек. Біздің бір назардан тыс қалдырған нәрсеміз болса, ол – осы балалар әдебиеті. Заманға, олардың түсінігіне лайық дүние жазу оңай емес. Естеріңізде болса, он шақты жыл бұрын осы «Қостанай таңы» газетінде «Ботақан» бетін жүргізгенмін.
«…Тулап барып далаға,
Жылап қайтар жесір-жел»
– «Түсінемісің, ей, азат Қазақ!
Күре тамырың қиылғалы тұр», – деп, бір кезгі ұлттың ұясы болған Торғай туралы ашына, ашыла жаздыңыз. «Басына үкіметтің кім келсе де, Торғайды ашып-жауып ойнайды екен» деген Қонысбай Әбілдің шумақтары еріксіз еске түседі. Расында, мына соңғы кездері көп айтылып жатқан әңгімелер қай қазақты болса да, алаңдатпай қоймайды. Сіздің азаматтық пікіріңіз қандай?
– Торғай туралы көп толғар едім, алайда ол қызылсөзді көпіртуге айналмау керек. Өз басым ретсіз «мен – торғайлықпын!» деп кеуде қаққан жоқпын. Бірде бірнеше жыл бірге қызмет істеген Гүлнұр Нұрмағанбетова атты әріптесім: «Сен Торғайдан екенсің ғой. Мен оралман шығар десем», – деп таңғалып тұр. Торғайды мақтаса, көбі тарихын айтады. Кешегі Кейкі батырдың айтысында ақындар «Пайғамбардан басқаның бәрін туған» деп әспеттеп жатыр. Ол рас. Десе де, адам тарихпен ғана өмір сүрмейді ғой.
Жақында елге белгілі тұлға, кезінде Амангелді, Арқалық қалаларын басқарған іскер азамат Жомарт Түбекбайұлымен Торғай жақты аралап қайттудың сәті түсті. Туған өлкенің өткені, бүгіні, болашағы жайлы біраз ойларын көңілге түйдім.
«Торғай сырты сұрықсыз көрінгенмен, табиғаты керемет өлке. Мұнда өспейтін шөп, мекендемейтін аң-құс жоқ. Әрі ешқандай өндіріс ластамаған, экологиясы таза аймақ. Түбінде ең қымбат қазына осы болады. Осыны аңғарған ақылды азаматтар инвестиция сала бастады. Қазір Жыланшық бойына мыңдап жылқы, сиыр әкеліп жатыр. Әзірге инфрақұрылымы жоқ деп, Торғайды тастап кету қате», – дейді Жомарт аға.
Енді осындай шырышы бұзылмаған табиғатты ластауға бола ма? ЖОҚ! Мен бұған түбегейлі қарсымын. Жалғыз мен ғана емес, кешегі зеңбірекке шоқпармен қарсы шыққан Амангелді, Кейкілердің ұрпақтары түгел наразы. Рас, Торғай аймағы қазір қиын хәлде өмір сүріп жатыр. 2012 жылы жазғы демалысымда ел жақта болдым. Сырт көзге білдірмегенмен, ішке түйесің ғой. Аңызақ аптап қақтап тұр. Бір тамшы жауын жоқ. Ауыз су проблема. Жол, байланыс мәселесі өз алдына. Қанша қайсар болса да, өркениет қарыштап дамыған заманда мұндай күрделі ахуалға төзе беру оңай ма – пікірлескен адамдарым көшуді ойлап отырғандарын айтады.
«Ахаңдар өскен адырым еді,
Азат боп едік – бағы жүдеді.
Талмаусыраған сорлы медиен,
Түсінгенге ұлттың тамыры еді», – деп жазған едім сол уақытта. Өйткені, басқа айтар ештеңе таппадым.
Биыл жұмыс барысымен тағы араладым. Пікірім оң жаққа өзгерді. Жангелдин ауданының ең шеткі нүктесі Бидайық ауылына бардым. Қайрат Райысов деген кәсіпкер 8 мың гектарге егін салып, отыздан астам адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Оның сыртында малы тағы бар. Жаңадан қырман, астық сақтайтын қойма салып жатыр. Болашағына сенімді. Сол азамат кезінде 500 гектар жерден бастапты егіншілікті. Көрмеген қиындығы жоқ. Бірақ, бәрін жеңген. Үкіметтің көмегінің арқасында техника паркін түгел жаңартып, мал басын 70 пайыздай асылдандырған.
Көкалат ауылында 18 жеке шаруашылық бар екен. Бәрі де техникасын жаңартып жатыр. Нұрсұлтан Садықов деген інім: «Рекорд жасап, бір күнде 220 бума шөп орадым. Әрқайсысы 2500 теңгеден, сатып алушылар өздері әкетеді», – деп марқаяды. Бұл дегенің бір күнде жарты миллион теңгеден артық пайда тапты деген сөз ғой. Байлық аяқ астында шашылып жатыр. Соны түсінген кәсіпкерлердің көбейгені қуантты. Десек те, Торғайдың ең үлкен проблемасы адам екенін сол сапарда анық түсіндім. Бәрі бар, тек халық саны тым азайып кеткен. Шаруашылықтарда жұмыс істейтін адам тапшы. Өзіміз қызмет барысымен қалада жүріп, кімге елге бар деп ақыл айтарсың?! Ал, Торғайдың бір пұшпағы, көршілес Амангелдіде жағдай көш ілгері. Ол да қуанатын жағдай. Адамдар бір-бірімен көріп, бәсекелесу арқылы дамиды ғой. Дамуға ұмтылмай, «жол жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп отыра беру, бар-жоғы, сылтау.
– Торғайдың ең үлкен проблемасы үдере көшуде дейсіз. Осы қазақ руханиятының қойнауын халыққа толтыру үшін не істеу керек? Қандай амалы бар?
– Тамыз айының басында Астанада «Отандас-ел» ұйымының жетекшісі Мұқан Мамытжан деген азаматпен жүздестім. Бұл ұйым Қытайдағы қандастарды тарихи Отанына көшіру ісімен айналысып жүр. Біраз сыр ақтарып сөйлестік.
«Елге келген қазақ дегенде көз алдымызға жүдеу-жадау топ елестейді. Бұл дұрыс емес. Қытайдағы қазақтар бақуатты тұрады. Тек біз тіл, дінімізден ажырап барамыз. Қазір балабақшаның өзі Қытай тілінде. Бұлай тұра берсек, миллиардқа сіңіп кетеріміз хақ. Тұрмысты ғана ойласақ, сонда тұра берер едік. Ұлт болашағы үшін алаңдаймыз»,- дейді Мұқан аға.
Жайылымдық жері үш миллион гектардай болатын Жангелдин ауданында қазір 11 мыңның шамасында ғана халық қалыпты. Бүйте берсе Торғайдың кіндігі, сан қилы тарихтың куәсі – Жангелдин ауданы жабылып тынады ғой. Бұл – Тәуелсіз еліміз үшін қара таңбамен бір. Ендеше, осы босап жатқан ауылдарды неліктен Қытайдағы қандастармен толтырмасқа? Біздің жақта үш жүз орындық мектептерде қазір жүзге жетпейтін бала оқып жатыр. Біраз мектептерге жабылудың қаупі төніп тұр. Қандастарымызды қала жаққа апарсаң, алдынан мамандық беру, тіл үйрету мәселесі шығады. Тіл, ділі бір, ол жақта да мал баққан қандастарымыз, қонақжай Торғаймен тез тіл табысар еді ғой. Арғы беттегі ағайын шаруаға епті, пысық келеді. Оны көрген жергілікті халық та ширап, экономика дамыр еді. Шаруашылықтар жұмыс күшімен толығады. Бұл – «бір оқпен екі қоян ату» емес пе?!
«Нәубет төнді киікке –
Кие көшті қырлардан.
… Күрт үдерді сүйікті ел
Құлқайырлы құмдардан.
…Тулап барып далаға,
Жылап қайтар жесір-жел.
Несіп теріп қаладан,
Босып кеткен есіл ел.
Оты сөнген шаңырақ
Қоңырайған орындар.
… Зар шертеді аңырап
Қобыз-шанақ қорымдар», – дейтін өлеңім бар еді 2007 жылы жазылған. Жангелдин ауданында Айырқұм, Аққұм, Алтынсары, Сегіз сынды малға жайлы ауылдар қаңырап қалған. Ата-бабаңның қорымын іздеп барғанда, иен дала бос жатқанша, алдыңнан ит үріп шығып, қандастарың қарсы алғаны жақсы емес пе?!
Жеріміз мал мен жанға толып тұрса, ешкім бізге «жеріңді сынаққа бер» деп айтпасы анық. Алайда, бұл жерде тағы бір мәселе бар. Кезінде жерді алып қойып, игермей отырғандар көп. Соны мемлекетке қайтарып, қайтадан игерем деген адамдарға беру керек. Сонда ғана Торғай түлейді. Туған жерімнің бүгіні мен келешегі әрқашан көңілімде. Өткен жылы киік, мал қырылғанда елдің алдымен барып дабыл қаққаным да содан. Жақсы жаңалығын да алғашқы болып жариялағым келіп тұрады.
"Шұғаның белгісі" шығармасы бойынша кино түсірмекпіз"
– Соңғы жылдары сатира жанрына қалам тартып жүрсіз. Жазылғанына көп болмаған «өлермендердің сұхбаты» әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Бірнеше сықағыңыз кеше ғана «Әдебиет порталына» жарияланды. Өлеңге «өкпелеп», сатираға ат басын бұрдыңыз ба, аға?
– Әдебиеттегі жауынгер жанр – сатира. Өлеңім жарияланса, оған пікір білдіретіндер сирек. Ал, сықағым қандай да бір «қозғалыс» тудырмай қоймайды. Біреу реніш білдіреді, біреу алғыс айтады. Түсіне білгенге, бұл – қаламым қоғамға ықпал ете бастады деген сөз. Сықақ маған өзімді, сол арқылы маңайымды түзеу үшін қажет. Өлеңге өкпелемеймін, бірақ менсіз де ақын жетеді. Тіпті өлеңнен көп нәрсе жоқ. Соның бәрі оқылып, оқырман ой түйіп жатыр ма? Ендеше, «өтпейтін өлең» жазғанша, қоғамға «катализатор» бола алатын сықақ сүйкектеткенім жөн деп шештім.
– Белгілі ақын Мырзан Кенжебай: «Абылай Маудановта көп ақында жоқ ой еркіндігі, еркін бола тұра шамадан тыс шалқыта сөйлеу немесе жалған, жасанды мұңшылдық сияқты əсіреқызыл қасиеттен аулақ тазалық, үрзада шыншылдық, сыршылдық бар». Жалпы, стилі қалыптасқан жазушы, өз саласының сардары деп жатамыз. Әдебиетте өзіндік өрнегі бар деп кімдерді айтуға болады?
– Әр шығармашылық адамның өзіндік қолтаңбасы, өз үні болады. Мысалы, Нұрқанат Құлабаев, Жандос Жүсіпбеков үшеуміз бір тақырыпта өлең жазсақ, ол бір-біріне мүлдем ұқсамас еді. Стиль жүре келе өзі қалыптасады. Өз басым стиль қалыптастыру үшін формалық ізденістерге бармас едім. Бұл туралы «Айқын» газетіне берген сұхбатымда: «Көптеген замандастарым «әдебиетте қалуды» көксейді. Сол үшін әп-әдемі өлеңнің буын-бунағын құбылтуға барады. Бұл енді жігіт қарасын деген бойжеткеннің құйрығын бұлт-бұлт еткізгені сияқты әрекет ғой. Әркім өзінше «із салғысы» келеді. Соны ізденіс деп ұғады. Сосын бір жаңа әдебиет жасап жатырмыз деген сенімдегі замандастарым бар. Әдебиет жасалмайды, әдебиет туады. Экспериментке баруды құптаймын, бірақ, ол «қалыпта» қатып қалу деген сөз емес. Болмысына сай болу керек өлең. Адам көңіл-күйіне қарай өлеңнің формасы өзгеріп тұруы заңдылық емес пе әріден соң», – деген екенмін. Әлі де осы ойдамын. Өлең ақынның болмысымен үндессе, стиль деген сол. Ал, оны күштеп өзгерту – әурешілік. Мысалы, Мұхтар Шаханов – үлкен реформатор, өзгеріс әкелген тұлға. Өзіндік өрнегі бар ақындар көп, өкініштісі, ақындығы мен қайраткерлігі тең жандар аз. Содан да болар, «тасадан тұрып тас ататындарды» батыр санап шатасатын қоғам өкілдері шықты.
– Қатты айтып, бұл сыныңыз өзіңізге тиіп кетеді деп ойламайсыз ба? Жалпы, жазғаныңыз бен ісіңіздің арасы алшақ кеткен тұстары жоқ па?
– Менің өлеңдерімде артық пафос жоқ деп ойлаймын. «Арықтығымды» білдірмеймін деп, сыртқа жүнімді күржитетіндердің қатарынан емеспін. Қазіргі тілмен айтқанда, «өзіме көп алған» кезім жоқ. Ал, не тындырдың дегенге келсек, атқа мініп араласқалы қоғам ісінен қалыс қалған емеспін. Арқалықта жүргізген «Дарын» атты үйірмемнен бірнеше талапты жас қалыптасып шықты деп сеніммен айта аламын. Қостанайда да «Қаламгер», «Ақ қауырсын» әдеби отауларына мүше болып, ой қостым.
2015 жылы Қостанайда әлдебіреулер айтыс «ұйымдастырып», санаулы күндер қалғанда сөзі сұйылып кетті. Ақыры, бар салмағы маған түсті. Қонақтардың арғы шеті –Қырғызстаннан айтыскерлер келді. Өзім деген жігіттердің көмектесуінің арқасында білдіртпей алып шықтық. Билеті бес мың теңгеден қойған айтысқа халық симай кетті. Бұл соңғы сәттердегі жанұшырған ұйымдастырушылық жұмысымыздың нәтижесі болар. Сол айтыста айтылған сын облыс руханиятының түзелуіне ықпал етті.
Биыл бірінші рет «Бастаңғы» ұйымдастырдық. Нағыз ұлттық нақыштағы думан болды. Онда да халық залға сыймады. Осы айтқандарымның бәріне шығындалмасам, бір тиын пайда тапқан емеспін. Өз атымды айтып, жарнамалаған да жоқпын. Ең бастысы, қолымнан ұйымдастырушылық келеді деген сенімім нығайды. Адамдармен қалай жұмыс істеуді үйрендім. Тәжірибе – сатып ала алмайтын ең қымбат қазына. Бұйырса, алда да талай істерге мұрындық боламын. Өнерде жүрген аға-апаларым, замандастарым өткізген іс-шаралардың көбінің сценарийлерінде менің қолтаңбам бар. Ауылдас інім, талантты жас режиссер Жәнібек Кәкімжан түсірген фильмдерде де менің өлеңдерімді пайдаланған. Сүйінші сұрар жаңалық – келер жылы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасы бойынша кино түсірмекпіз. Сценарийін жазып қойдым. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» дегені белгілі. Бұл Президент бастамасына іс жүзінде қолдау деп білемін. Мұның сыртында биыл облыстық сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мырзамен бірлесіп, Шақшақ Жәнібек бабамыз жайлы кітап жазып шықтық. Бұл оқырманға ұлттық, мемлекетшілдік сана қалыптастыратын дүние деп есептеймін.
– Жазылмай жатқан тағы қандай тақырыптар бар?
– Қостанай облысы бойынша алсақ, проза ақсап жатыр. Тіпті, еліміз бойынша солай деуге болады. Кеңестік цензура мықты болды дейді, сол кездің өзінде Төлен Әбдіктің «Әке», Ақан Нұрмановтың «Аққу шоғыры», «Ор» сияқты шығармалары жазылды ғой. Ал, Тәуелсіздіктен кейін не болды? Әркім өзінің руының тарихын жазып кетті. Осы жерде «құлды қорлағың келсе бостандық бер» деген ащы мысқыл ойыңа түседі.
Меніңше, жазылмай жатқан тақырып – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ахуал. Нарықтық қатынасқа өткен шақтағы елдің көңіл-күйін тек Әбутәліп Әмірдің әңгімелерінен ғана көруге болады. Бұл аздық етеді. Мысалы, Бейімбеттердің арқасында біз 1917-37 жылдардың аралығын керемет сезіне аламыз. Сол замандағы халықтың тұрмысы, болмысы, психологиясы кинодағыдай ап-айқын берілген. Егер, Бейімбеттің сол әңгімелері жазылмаса, Төлен Әбдіктің «Өліарасы» тумас еді. Кезінде Би-ағаңның кейіпкерлері орнатқан колхоздың мүлкін қалай талап алдық, соны көрсеткім келеді. Бүтін дүниені бүлдіруге құмар, «ортақ өгізден оңаша бұзауды» жақсы көретін ашқарақтық мінез – біздің ең басты кемшілігіміз. Ойымда үлкен романның сұлбасы жатыр, кейіпкерлерін де ойша сомдап қойғанмын, тек соны жазуға уақыт пен тәуекел жетіспей жүр.
– Өзіңіз де біраз марапат, атақтан кенде емессіз. Кеше ғана Кейкі батыр атындағы естелік медальді кеудеңізге тақтыңыз. Құтты болсын! 4-5 жыл бұрын жазылған «Кейкінің кегі» деген пьесаңызды деректі фильмге пайдалануға «Қазақфильм» ынта білдіріп отыр. Биыл орыс тілінде түсірілген фильмге де сізден сұхбат алып, ой сұрауы кездейсоқтық емес шығар.
– Бір нәрсені нық айта аламын: ешқашан өз аяғыммен марапат іздеп барған емеспін. Біреудің есігін қағып, көмектесуін сұраған жоқпын. Ол жағынан арым таза. Егер, жарыста жұлдызым жарқыраса, ол – маған сенім білдірген қазылардың шешімі.
Кейкі – менің әуелден қызыққан тақырыбым. Былтыр «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы құрамында бабамыздың туған жеріне белгі орнатуға қатысып, кітап жаздым. Батырдың ерліктері жайлы жазған тың деректі мақалаларым сайттарда қызығушықпен оқылды. Оның үстіне, кешегі өткен тойында мүшәйрада жүлдегер атанып, айтыста қазылар қатарында болдым. Әрине, ешкім еңбегін сатпайды, десе де, естелік төсбелгіні табыстағандар осынау істерімді бағалады деп ойлаймын. Сұрап алғаным жоқ, өзі келген марапат болды.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Абылай тек ақын емес, қоғамдағы мəселелерге өзіндік ой қосатынын көрсетті. Əм, Əбекең көтерген бастамалардың шет жағасын білеміз. Жазар таусылмасын! Іске сəт.
Керемет сұхбат екен
Қырағы сұңқар жарнамасыз жанып тұрады.Талабына талап,шабытына шабыт қосылып,елдің өзекті мəселесін дөп басып айтар азаматтар көп болғай.Өмірің ұзақ болсын! Еліміздің белді ақыны Абылай.
Тәжірибе – сатып ала алмайтын ең қымбат қазына. Рас. Абылайдай тәжірибелі, дегдар тұлғалар аз. Мойындайық, анау мықты, мынау мықты дегендерді қасына да ерітпейді.
Абылай инимниң туган жеримиз Торгай туралы айткан бари шындык кой,жол.ауыз су мәселесі бүгінгі таңда кезек куттирмейтин шаруа.
Əбекең – ақын! Азамат! Ақыл! Мұндағы əр ойы оқырманды ойландырмай қоймайды.
Абылай менің сыныптасым. Осындай биіктерді бағындырып жүргеніне қуаныштымын.