«Kostanay-Invest 2017» форумы басталды

     Қостанай облысында халықаралық инвсетициялық форум басталды. «Kostanay-Invest 2017» деп аталатын ауқымды іс-шара екі күнге жалғасады._MG_1332     «Kostanay-Invest 2017» –  Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін көрсететін ашық диалог алаңы. Ауқымды шараға ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Қайыров, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов, Қазақстан даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев, Қазақстандағы Азия Даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капанелли және Бүкіләлемдік банк өкілі Ералы Бексұлтан қатысуда. Олардан тыс дипломатиялық корпустың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар, шет елдердегі бизнес-құрылымдардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар. Облыс әкімінің сөзінше, өңірде тұңғыш рет өтіп отырған форумға Ресей, Польша, Өзбекстан, Египет сынды бірнеше экономикалық әріптес елден меймандар келген.
     Инвестициялық форум төрт экономика саласы: ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургиясы, машина жасау мен туризм тақырыптарында өтеді. Форумның басты мақсаты – кәсіпкерлер арасындағы мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, бизнес-ортаны жақсарту.  Қостанай облысы әкімдігі өңірге инвестиция тарту бағытында жан-жақты жұмыстар атқарып жатыр. Өңірде бәсекеге қабілеттілік басымдықтарының деңгейін көтеру және облыстың инвестициялық климатын жақсартуға бағытталған қадамдар қарастырылған. Мәселен, өткен жылы сыртқы инвестициялардың жалпы көлемі 11,1 млрд теңгені құрап, көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда едәуір артқан.
     «Kostanay-Invest 2017» қатысушылары бүгін ақпараттық турға шықты. Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен өндіру басқармасы, «Жас-Қанат 2006» ЖШС, «Милх» ЖШС, «Баян Сұлу» ЖШС, «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өкілдері шет елдерден келген кәсіпкерлерге өз өнімдерін ұсынып, тәжірибе алмасады.
     Ертең облыстық филармонияда халықаралық инвсетициялық форумның жұмысы қорытындыланады.
 
…Ертең, 21 қыркүйекте форум аясында өтетін шаралар тізбегін ықшамдап назарларыңызға ұсынуды жөн көреміз:
Сағат 09.00-ден бастап Қостанай облысының инвестициялық жобалары кең форматты экран арқылы таныстырылады. Сондай-ақ, Тобыл-Торғай өңірінің туристік мүмкіндіктерінен хабар беретін көрме жайылады. Оны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашады. Сағат 11.00-13.00 аралығында пленарлық отырыс өтеді. Шара түскі астан соң маңызды меморандумдарға қол қою рәсімімен жалғасады. Жоспар бойынша, жалпы сомасы 200 млрд теңгенің 25 меморандумына қол қойылады екен. Салаға қатысты өзекті тақырыптарға арналған төрт бөлімнен тұратын панельдік сессиялар да жоспарға енгізілген. Форумның шарықтау шегінде кәсіпкерлер, инвесторлар,  мемлекеттік органдардың, даму институттарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері арасында іскерлік келіссөздер өтпекші.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓