Ғасыр биігіндегі басылым
Мәртебелі оқырман!
Ақ түйенің қарны жарылды! Өңір баспасөзінің қарашаңырағы – «Qostanaı tańy» («Қостанай таңы») газетінің шыққанына 100 жыл толды! Міне, бір ғасыр бойы айтулы басылымның жүрегі қазақ деп соғып тұр, ағайын.
Тарихқа жүгінсек, тәуелсіз ел, мемлекет болу деген ұлы ұғымдарды халықтың жүрегіне, ой-санасына ұялатуда қай заманда да баспасөздің орыны орасан зор болған екен. Басқасын айтпағанның өзінде оған куә – сонау 1922 жылы 25 маусымда дүниеге келген «Ауыл» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің сарғайған беттері.
Қостанай өңіріне қазақ баспасөзі неліктен керек болды? Сол жиырмасыншы жылдары билікке соғыс, ашаршылық, қуаңшылық, індеттен күйзелген жұрттың еңсесін көтеру, ортақ іске жұмылдыру керек еді. Бір ғажабы, ол үшін аса қажетті шара – қазақша газет шығару болып шықты. Сенсеңіз, шын мәнінде қазақша сөзге деген зәрулік туған!
Алғашқы санынан-ақ басылым мемлекет мүддесімен қатар, ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақында түрлі мәселелер көтерді. Халықтың сөзін сөйледі, мұңын жоқтады. Бұлай болуының бірден-бір себебі, басылымның тұтқасын ұстаған қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинге тікелей байланысты еді. Олар қайнаған тірліктің ортасында жүрген, көсем сөздің шебері болатын. Көзкөргендер: «Бірінші номері бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, елге тарады. Жұрттың бәрі ынтыға оқыды, үйді-үйіне жаздырып алды» деп жазды.
Жылнамаға көз жүгіртсек, елдің бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерде «Қостанай таңының» атауы жүз жылдың ішінде 8 рет өзгеріпті. Басым көпшілігінде коммунистік идеологияның сойылын соқты, салт-дәстүр, дініміз бен ділімізден безінуге үндеген материалдар негізін құрады. Сол үшін де қуғын-сүргінге, жазықсыз жазаға ұшыраған арыстардың ұрпақтарынан кешірім сұраймыз.
Ғасыр бойы басылымның елге қызметі ұшан-теңіз. Газет қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, саяси-мәдени дүниетанымын жетілдіруге, руханиятын байытуға зор ықпал етті. Сол кешегі заманның өзінде-ақ Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Міржақып Дулатұлы: « Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген еді.
Өңір баспасөзінің бұрынғысы, кешегісі және бүгінгісі хақында газетіміздің осы қолыңыздағы санында суыртпақтап сыр шертуге ұмтылдық. Қазақ сөзі киелі де әруақты. Басылым журналистері «Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын азаматтар.(Ә.К) Көп адамның көңіліне, сезіміне, қиялына келе қоймайтын сөздерді тауып жаза алатын әріптестеріме айтарым – төл мерекелеріңмен!
Сайып келгенде, «Қостанай таңы» – халық газеті. Өңірдің өсіп-өнгенін, ілгері дамуын, тірлік-тіршілігін жазды, жазып жүр, жаза да береді. Өмір-өзен.. Той құтты болсын, ағайын!