Жас маман баспанаға зәру
Қазіргі кезде облыстағы өзекті мәселелердің бірі – жас мамандарға арналған тұрғын үй құрылысы. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жастар елді мекендерде жұмыс істеуге жіберілетіні белгілі. Әуел баста, бұл бағдарлама бойынша ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін жақсарту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, ветеринария саласында мамандарды тартуға бағытталған-тын. Осы мамандықтар бойынша сұранысқа ие болып тұрған ауылдар материалдық жағдайды көтермелеу мақсатында бір адамға біржолғы жәрдем 70 АЕК (129640 теңге) көрсетеді. Сондай-ақ, 15 жыл мерзіммен 0,01% пайыздық мөлшерлемеде 1500 АЕК немесе 2778000 теңге көлемінде тұрғын үйді тұрғызу және сатып алу үшін бюджеттік несие беріледі. Ауылдық жерлерде орналасқан әлеуметтік мекемелердің мамандарының лауазымдық жалақысын (тарифтік мөлшерлеме) кемінде 25%-ға арттыру қарастырылған.
Қостанай облысында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалуына 524,1 млн теңге қаражат бөлінді. Айта кетейік, бағдарлама Қостанай облысында 2009 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 3 774 жас маман қатысушы атанды. Ал биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдық жерлерге барған жас мамандар едәуір аз. Мұны статистика дәлелдеп отыр. Жүргізілген сауалнама деректеріне сүйенсек, барлық мәселе – баспанада.
Руслан Тәжиев есімді жас маман университетті бітірген соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Денисов ауданынан Қарасу ауданындағы Жамбыл ауылына жолдамамен жіберілген. Не керек, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сол жерде тұрақтауға бел буады. Руслан Қарасу ауданы әкімдігіне кіріп, баспана мәселесі жөнінде айтқан. Дегенмен, әкімшілік жас мұғалімге ауылдағы медициналық бөлімшеден бір бөлме ұсынады. Міне, осы шағын медициналық бөлімше Руслан Тәжиевке дейін жұмыс істеген фельдшер мамандардың да «жайлы» баспанасы болыпты. Осы ретте тағы бір мәселенің ұшы шығады. Қазір ауылда дәріхана қызметкері жоқ.
– Егер де тұрғын үй болса, кім болса да қалар еді. Ауыл тыныш, адамдар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Алайда мемлекеттік бағдарламада қарастырылған бағыттардың дұрыс орындалмай жатқанына алаңдаулымын, – дейді Руслан Тәжиев.
Ал шенеуніктердің айтуынша, тұрғын үй құрылысын бастауға қол жеткізу ауылдық жерлердің дамуына байланысты. Дәлірек айтқанда, құрылыс жұмыстарының деңгейі жылына бір адамға 0,37 шаршы метрге тең. Бұл қалалық көрсеткіштерден 2 есе аз. Бірақ та, 2018 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қарасу ауданында тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған.
– Үй салу бір шаруа, ал инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты ауыртпалықтар тағы бар. Ауылдық жерлерде коммуникация жүргізу оңайға соқпайды. Бір ғана су құбырын жүргізу миллиондаған қаржыны керек етеді, – дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандары.
Иә, Қостанайда мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы тұрғын үйлер салынуда. Мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген.
– Негізінен, жас мамандарға арналған тұрғын үй құрылысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасында көрсетілген тетіктерді көздеуі тиіс. Егер мәселені жеке инвестициялар тұрғысынан зертейтін болсақ, онда аймақтың іскерлік қауымдастығы кәсіпкерлер қаражаты есебінен өз қызметкерлеріне тұрғын үй салуға болады. Мәселен, «Карл Маркс» ЖШС өз қызметкерлеріне үй сатып алып беріп, содан соң жұмысқа орналастырады, – деп түсіндірді өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшысы Геннадий Кукоба түсіндірді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ