Облыс орталықтары «Ақылды қалаға» айналмақ
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның барлық облыс орталықтарын «Ақылды қала» етіп жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы орайда Үкімет басшысы Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе шаһарларындағы «Smart city» жобаларын үлгі етіп көрсетті. «ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне барлық облыс орталықтарына енгізуге болатын «ақылды қалалар» үлгілік тұжырымдамасын құруды тапсырамын»,-деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Сағынтаев жауапты министрліктерге жаңа технологияларды пайдалануды ынталандыру, инновациялық шешімдерді әзірлеу, стартап-ортаны дамыту үшін заңнамаға өзгерістер бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеді.
Мұнымен қоса, Үкімет басшысы адами капиталды дамыту мәселесіне тоқтала келе, бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігіне екі апталық мерзімде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сөз соңында Премьер-Министр қарашаның соңына дейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жобасының пысықталған нұсқасын аяқтау керектігін және оны Үкімет отырысына енгізу қажеттігін қадап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Астанада цифрландыру мәселесіне арналған республикалық кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мол табыс әкелетін стартаптарды құрып, оларды іске қосуды тапсырды.
Сонымен қатар ҚР Президенті жанынан цифрландыру жөніндегі комиссия құрылады.