Жазба айтыс: Әсет пен Злиха
Құрметті жырсүйер оқырман, Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына және "Қостанай таңы" газетінің 100 жылдығына арналған жазба айтыстың алғашқы айналымында сайысқа түсетін екінші жұппен таныс болыңыздар. Олар – торғайлық дарын Злиха Кенжеғозина мен Қамысты ауданының жас өнерпазы Әсет Ақылжан. Үміткерлеріміз өрнектеп өлең құрап, салмақты ой, салиқалы сөз айта алды деп сенеміз!
Әсет:
Қуанышы жасырған тозған өңін,
Тауып келе жатырған аздап емін,
Тобыл-Торғай, ассалаумағалейкүм,
Алтынын белден қазған қазба жерім.
Ғасырлық мерейтойың құтты болсын,
Сары дала салып жатқан сазды әуенін.
Тамыры терең кеткен тарихыңмен,
Жұмыр ет жүрегімді қозғап едің.
Жүз жасап, ақ самайлы қартқа айналдың,
Кеше ғана көз ашқан бозбала едің.
Дәуренім қолын бұлғап қалды демей,
Дәуірлерге қолыңды созған едің.
Тарихын тасқа қашап кетпесе де,
Бір жапырақ қағазбен жазған елім.
Батыры желбіреткен туа туын,
Ешкімнің қаламайтын құлатуын,
"Қостанай таңы" атты газетімнің
Еңбегі әлі алда екен қылатұғын.
Жыл сайын жырға қосқан, әнге қосқан,
Жазушы, журналист пен ұлы ақынын.
Бұл газеттің атауы "Ауыл" болған,
Тарихыңның ақтарсам сірә түбін.
Кеңестің де дәуірін артқа тастап,
Алға жылжып келеді бір ақырын.
Ерлігіңнен байқатқан ел емес пе ең,
Ақ таңың ататын күн туатынын.
"Қостанай таңы" тағы дәлелдеді,
Ауыл бірінші орында тұратынын,
Қазақтың маңдайына біткен жұлдыз,
Қарапайым ауылдан шығатынын.
Тобыл-Торғай қазақтың кіндігі еді,
Злиха да Торғайдың тұрғыны еді.
Жан-жағын жылытудан шаршамайды,
Жүзі ашық, шуақ шашқан күн жүрегі.
Осыдан бір жыл бұрын жолыққанбыз,
Уақыт та сынаптайын сырғып еді.
Биыл да өзіңізге жұптап қойды,
Қазының да бар шығар бір білері.
Жұптарымыз ауысып кезек-кезек,
Қарсыластың байқалды-ау мұңды реңі.
Атағыңнан үркіді-ау, әйтпесе,
Үрпектей ұлпа жүзің үлбіреді.
Біреуі сізді мықты деп мойындап,
Біреуі беймәлім жан қылды мені.
Көлеңкесін көргеннен көр елестер,
Су жүректің ғұмыры бір күні еді.
Жауын таңдап соғысар заман келді-ау,
Бұл да біраз жағдайды білдіреді.
Әскерден қашып кеткен солдаттардың,
Соғыс болса не істерін кім біледі?!
Асыл жеңгем аман ба арманы айқын,
Толғанып жазған әрпін таңбалайтын.
Жолыққан қарсыласы жортып жүріп,
Жолдан шығып кеткенін аңдамайтын.
Еламан, Айбар, Аслан ағаларым,
Өзіңмен шықпай қалды, ол қалай, кім?
Бір емес бірнеше рет ауысса да,
Наразылық хаттарын жолдамайтын.
Батыр қызы өзіңсің бүгінгінің,
Шегініп берілуді қолдамайтын.
Злиха жеңге, сізге риза болдым,
Қасына кім келсе де паң қарайтын,
Өмірлік жұбын ғана таңдап алып,
Өнерде өмірі адам таңдамайтын.
Злиха:
Сөйлейін "Біссіміллә "деп, ә дегеннен,
Алласыз іс бастаған жан емен мен.
Армысың, қабырғалы қазақ елі,
Сарқыт болып сақталған көнелерден.
Тура жолдан тайқымай түзу жүрміз,
Өзіңнің берген үлгі- өнегеңмен.
Жыл сайын тұлғаларды еске алып,
Бағасын тең көруші ең төрелермен.
Бейімбет, Омар, Шоқан – ерен тұлға,
Халықтың жүрегіне терең енген.
Ал, биыл Сералинге айтыс жасап,
Барыңды аямадың ерен ерден.
Қазақ баспасөзінің атасы боп,
Мұхамеджан тарихта шегеленген.
Армысың, Әсет дейтін ақын інім,
Бағын тапқан айтыстай төл өнерден.
Сөзіңнен самал соғып жанға жайлы,
Жолдай бер өлеңіңді кемел өрген.
Құшағы даласындай кең ,жазира,
Айналдым қазақ дейтін өрелі елден.
Байсалды ой айтайын байлам қылып,
Сақталса ата- дәстүр, қайран ғұрып.
Мен бұрын қарсыласты шыдатпаушы ем,
Айтыстың шаршы алаңын майдан қылып.
Атағымнан ат түгілі ақын үркіп,
Қашушы еді қылатын айламды ұғып.
Ал, бүгін сыйластықпен айтыспақпын,
Атақты емес, ақылды сайман қылып.
Жауын таңдап соғысса батырларым,
Жайбарақат жүреміз қайдан күліп.
Амангелді, Кейкідей нар қасқалар,
Ұйқы берген қазаққа қайғы алдырып.
Қазіргінің батыры еш уайым жоқ,
Тыныш ұйықтар көңілін жайландырып.
Азық- түлік бағасы көтеріліп ,
Жатыр елде мылтықсыз майдан жүріп.
Сайлауда ел аралап, базарлатар,
Басшылар қойғанынша сайландырып.
Қой терісін жамылған қасқырлар көп,
Тондарын киіп алған айналдырып.
Ойменен өрмелеуші ем тауға, шыңға,
Өскен соң қара өлеңнің ауласында.
"Қостанай таңы " газеті оның рас,
"Ауыл " газеті болған әу басында.
Жастарға тәлім берген Мұхамеджан,
Сауғаламай биліктен сау басын да.
Ахаң менен Сералин түйдей құрдас,
Қол бұлғап қатар тұрған тау басында.
Ахаң да ызыңдап ед масаға ұқсап,
Оятып ұйқы бермей маубас ұлға.
Абыройын өлеңмен асырайық,
Аруағы ырза боп аунасын да.
Инемен білім дейтін құдық қазсақ,
Бір түйір нақыл болар қауғасында.
Бойласаң жырдың терең, тұнығына,
Ілінер жырдан жақұт құрығыңа.
Екеуміз бір жыл бұрын айтысып ек,
Інімнің өсіп қалған түрі мына.
Сен ол кезде жүр едің он бір оқып,
Танымал оқушы едің сыныбыңа.
ҰБТ – ны ойламай айтысып ең,
Түсінбеп ем сенің бұл қылығыңа.
Аңсаған оқуыңа түсіп алдың,
Тіл маманы боп қонғын тұғырыңа.
Аталардың жазбасын жаттай берсең,
Жетер азық табарсың ғұмырыңа.
Алаштың алғысын ап жүре бергін,
Айналып арқа сүйер бір ұлына.
Әсет:
Бірінде бар адамның, бірінде жоқ,
Ілік тартқан заманда ілім керек.
Ол рас, мен ол кезде он бір оқып,
Өнерден жиып жүрдім ғылым, дерек.
Сабақты емес, өнерді қуып жүрсем,
Бостан-бос өтпегені күнім, демек.
Наразы болып еді сонда жеңгем,
«Назарыңды аудар, – деп, – білімге көп».
Ер жолдасы тәуекел емес пе еді,
Бабам айтқан нақылға үңілген ек.
Ал қазір мен студент атанғанмын,
Мақсатына жеткені інің, демек.
Көрдің бе, білімнен де кенде емеспін,
Сөзімде нық тұра алам бүгін де бек.
Тәңір қолдап, тас жұттым тәуекел деп,
Түйіліп қалған менің түгімде жоқ.
Тарихым ойық-ойық ой-қырда тұр,
Келешек ұрпағына айтуда ақыл.
Кешегі Кеңес құрған кері заманда,
Оңайлықпен қатып ед қай тұлға тіл.
"Егемен Қазақстан"," Ауыл", "Айқап",
Сералин ашқан еңбек айқын батыл.
Сол газет енді өзіне құрмет жасап,
Қалдырған мұраларын байытып жатыр.
Қызметінің жемісі деп білемін,
Еленіп ер есімі айтылды ақыр.
Жерге еккен егініндей диқаншының,
Елге еткен еңбектері қайтып жатыр.
Басынан өткізгенмен көп майданды,
Бөрік пенен қоса аттың ақ қайнарды.
Ата-бабам орындап кетті емес пе,
Іске аспастай көрінген тәтті ойларды.
Бала-шағам қиындық көрмесін деп,
Болашағы туралы қатты ойланды.
Ахаң мен Мұхаммеджан бастап берген,
Құнды жәдігерлерді ел сақтайды әлгі.
"Қостанай таңы" дамып келе жатыр,
Еңбекпен ел қылам деп жаппай мәңгі.
Өз әлемін көркейтіп тіл арқылы,
"Сөз әлемі" дейтұғын тақты айдарды.
Бір кездері елдің де көзін ашып,
Соқырлық батпағына батпай қалды.
Елдің сөзін сөйлеген қай кезде де,
Биік қойған сәтің жоқ нақ пайдаңды.
Бұқаралық ақпарат құралдары,
Қазақтың басындағы БАҚқа айналды.
Асқар таудай танытқан айбын елім,
Асқақтатып жасаған тойды керім.
Мен оқушы кезімде жолыққанда,
Жеңгем, сен қарқынды едің, бәйгілі едің.
Бірақ бүгін момақан болған түрің,
Көңілімді алаңдатып қойды менің,
Баяғы сол екпінің қайда кеткен,
Айтыстың аяп едің қайбір ерін?
Себебі неде екен деп көп ойланып,
Мұхаммедтен тапқан ем ойдың емін.
"Топжарған" поэмасын оқып едім,
Ойып тұрып айтайын ойлы жерін.
Жеңгесін аңдып жүріп адай жігіт,
Арам ойға батырған, ай, білегін.
Сол жігіттей ойым жоқ сондықтан да,
Көңіліңнің торламасын қайғы көгін.
Топжарғанның адайы емеспін мен,
Топ жаруға кеп тұрған қайның едім.
Злиха:
Ғылым деген түспейді бірден қолға,
Жаратқан, жаман көз бен тілден қорға.
Ғылымсыз оң-солыңды тани алмай,
"Аһ" ұрасың тотыдай кірген торға.
Білімсіз тіршіліктен түңілерсің ,
Амалсыз безгендей-ақ діннен молда.
Газеттің жасап жатқан еңбегі ерен ,
Батырдай ел қорғайтын мінген жорға.
Жандос пен Жанұзақтай жан ағамыз,
Келе жатыр Сералин жүрген жолда.
Кез келген жан жүре алмас бұл жолменен,
Жай жолдың өзіменен жүрген зорға.
Бұл өмір қажет етер бақ- талапты,
Жақсыға қызыр дарып, бақ қарапты.
Білесің, мен ауылдың тұрғынымын,
Жеңгең бұл тақырыпқа сақ қарапты.
Ауылдың ахуалы төмен қазір,
Біз жақта басшыны ешкім мақтамапты.
Сералин, Майлин және Ахаң, Жақаң,
Тірліктің ошағына от қалапты.
Ауыл жайлы повесть пен өлең жазып,
Сөндірмепті аталар жаққан отты.
Ал, қазір қаншалықты мейірбанбыз,
Аманаттан көбісі аттап өтті.
Жиырма тоғыз мың күн көріс деңгейі деп,
Есепшілер бұл санды шотқа қақты.
Бұл ақшаға аласың бір-ақ қап қант,
Сатушылар мұнымен тоқтамапты.
Жеміс пен көкеніске ақшасы жоқ,
Қазақтың жегені тек ботқа бопты.
Басшылар елдің жайын қайдан ұқсын,
Бастары байлық дейтін боққа батты.
Ауылдағы бейнетті қайдан білсін,
Өздері үйде тұрған соң көп қабатты.
Жәрдем сұрап жылаған жалпақ жұртқа,
Қолдан түк келмейді деп жоққа жатты.
Жоққа жатып алғанда жаман екен,
Көкелер елдің жоғын жоқтамапты.
Тайраңдатып төр беріп өзге тілге,
Өз тілін тар қапасқа көп қамапты.
Ел сеніп сайлап қойған министрлер,
Ел сенімін ойланбай отқа жақты.
Бабалар құрбан болған ұлы Отан деп,
Біз кеше ұрандап ек «Нұр Отан» деп,
Ал бүгін «Аманат» деп аттандаймыз,
Көресіміз көп біздің сірә, көрмек.
Халіңді биліктен кеп сұрап па еді,
Ант бергіш бір ағаң кеп, бір апаң кеп.
Амангелді батырлар тірі болса,
Алашын аңыратып жылатар ма ед.
Билікке қол жайғызып, мүсәпір қып,
Қайыршыдай садақа сұратар ма ед.
Азық – түлік бағасын аспандатып,
Қазақты құздан төмен құлатар ма ед.
Ақындық өнеріңе бес беремін,
Жасыңнан өлең жаттап өскен едің.
Жеңгем де сіз секілді қолдамад деп,
Бармадың байыбына ештеңенің .
Айтысқа шыққаныңа қарсы емеспіз,
Бұлқынса бойыңдағы әсте өнерің.
Ақын болу бұйырмас кез келгенге,
Бұл өнерді дамытсаң қош көремін .
Түсі игіден түңілген дұрыс болмас,
Қайным қыңыр болса егер не істер едім?!
Әсет:
Басында көтере алмай екпінді бой,
Өзіңнен өзің жасап кеттің дүлей.
Өкпесі енді ашыла бастаған-ау,
Өткенінен қалыпты өткір бір ой.
Қайнап тұрған қазанның ыстығындай,
Бетін ашқан сәттен-ақ бетке ұрды ғой.
Алдыңнан тосып алар Алла ғана,
Артыңа елеңдемей, алға қара.
Инедей қадалды ғой, ақ жеңешем,
Именбей дат айтқандай ханға қара.
Торғайдың жағдайын мәлімдеді,
Сорын кешкен аңқау жұрт, аңғал ана.
Басшысы бұрылмаса қамын ойлап,
Бұқара өздігінен зар қаға ма.
Елдің мұңы баспаға шықсын деген,
Зер салыңдар ашынған аруанаға.
Газетпен-ақ халқының жоғын жоқтап,
Сардарлар өтпеп пе еді сары далада.
Злиха да үмітпен қарап отыр,
"Қостанай таңы" осыны қолға ала ма?
Үкіметке жеткізсе ел айқайын,
Алғысын жаудырмаған жан қала ма?
Сералин салып кеткен сара жолды,
Шаң бастырмай сақтайды сонда ғана.
Кедейдің нанын жеген бай қарыздар,
Байдан биік адамды сайлаңыздар.
Отыз мыңға жетпейтін жалақысы,
Отбасының жағдайын ойлаңыздар.
«Торғай жұрты облыс болсын» деген,
Жұмылып бірге жазған қайда арыздар?
Жан-жағында қоршау жоқ қараша үйге,
Қыс келгенде соқпайды қайдан ызғар.
Қара шаңырақ ауылды биік қойған,
Ахаңдардың дәстүрін жоймаңыздар,
Елдің жүгін көтерген бір ауылды,
Бір қап қантқа телміртіп қоймаңыздар.
Қызбалыққа салынбас қызған ұлың,
Ашудың тұрғызбаспыз біз дауылын.
«Қайным қыңыр болса егер не істер ем?» деп,
Жеңгенің көрсеттіңіз сіз қалыбын.
Бойымда қайтпас, қайсар мінезім бар,
Алайда көрсетпеспін сізге ауырын.
Тақ үстінде отса да халық едік,
Ханнан да биік қойған қыз қадірін.
Жүрегіңнің соққаны қан айналса,
Жұмыр жердің бетін бас Абайларша.
Бірінші айналым да бітті осымен,
Пендеге уақыт қымбат, сәл ойланса.
Ешкіммен қоштаспаймын деп отырмын,
Неге деп сұрар болса маңай барша,
Мен былтыр да жеңгеммен айтысқанмын,
Таңым атып, түндерім қарайғанша.
Екінші айналымға біз бірге өттік,
Бұл жолы да жолымыз солай болса.
Оқырманмен жолығып тағы біздер,
Болар еді жүзіміз арайланса.
Қайтадан қайталанса тарихымыз,
Кімменен қоштасамын олай болса?
Злиха:
"Алла" деп ұлы өнерге қадам бастым,
Жүзіндей жарқылдадым ақ алмастың.
Жер бетін жеті айналып шықсам-дағы,
Торғайдай киелі өлке таба алмаспын.
Қарт Торғайдың төсінен нәр алмасам,
Мен-дағы ақын болып жаралмаспын.
Ұлыларды сыйдырған құшағыңды,
Қарт Торғайым, айқара маған да ашқын.
Елдің мұңын жасырмай жырлап әркез,
Жан сырымды жасқанбай қоғамға аштым.
Сойылын соққаннан соң Торғайымның,
Жалғанда жамандармен сан арбастым.
Баптайық аламанға жорғамызды,
Көмбеге жету үшін ол маңызды.
Келеміз қара өлеңді қорек қылып,
Бабалар салып кеткен жалғап ізді.
Ахуалы халықтың өссін деген,
Қызының ел біледі арманы ізгі.
Туған жер мен қарызбыз анамызға,
Қайтарып жарытпаспыз ол қарызды.
Жанайқайын көрген соң қараша елдің,
Толғауымды жеткіздім толғап ізгі.
Облыс боп ашылғаны емес маған,
Халқының бай болуы ең маңызды.
Демеймін аспандағы айды аламын,
Бес ешкі болмаған соң айдағаным.
Барша ананың атынан сөйлеп тұрмын,
Қара бастың қамы емес ойлағаным.
Ақындардың айтқанын тыңдаңыздар,
Сол ақындар емес пе айналарың.
Басқалары күйттеп жүр құлқындарын,
Ойлауда өз даңқы мен пайдаларын.
Торғайды облыс қып ашам деген,
Естідік талайлардың байбаламын.
Облыс боп ашылған Торғайым жоқ,
"Қырамын, жоям" деген қайда дарын?
Қолдарынан еш нәрсе келмесе де,
Қоймай жүр елмен әлі ойнағанын.
Айналған арнасымен жер- ғаламның,
Байланған кіндігіне кең даламның,
Торғайым, Ахаң туған шаңырағым,
Күн санап өркендей бер, өрлеп әр күн.
Кешегі кеңестіктер салып кеткен,
Жараңды жырмен жүрмін емдеп әр күн.
Мен қалайша қамыңды күйттемеймін,
Өзіңнен түлеп ұшқан төл балаңмын.
Тағдырым Торғайыммен байланысты,
Торғайым бар болса егер мен де бармын.
Кіндігім де байланған қарт Торғайға,
Торғайым аман болса, мен де аманмын.
Дос болайық бекерге тебіскенше,
Жас ұрпақ жырымыздан жеміс терсе.
«Батыр аңғал келеді» деген бар ғой,
Қайтеміз жоспар құрып немістерше.
Алдағы айналымға бірге өткізіп,
Жөн еді екеумізге жеңіс берсе.
Он-ақ ақын шығыппыз жүлделерін,
Қуанам бәрімізге тегіс берсе.
Мен де, Әсет, қоштаспаймын, олай болса,
Келесі айналымда көріскенше.