Балабақшалар кәсіпкерлерге сенімді басқаруға өтпек
Кәсіпкерлер балабақшаларды сенімді басқаруды өз қолдарына алуға дайын. Бұл жайында өңір әкімі Архимед Мұхамбетовтің басқарумен кешегі күні өткен аппарат мәжілісінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Сәуле Аймұхамбетова мәлім етті.
Айта кету керек, аталған жайтқа мұрындық болып, қолдаған облыстық кәсіпкерлер палатасы. Қаржы басқармасының басшысының сөзіне қарағанда ең алдымен бұл нұсқаны қалаларда байқап көретінге ұқсайды. Сәуле Төленқызы балабақшаларды бизнес өкілдеріне сенімді басқаруға берудің өзі жекешелендіру бағдарламасына орай жасап жатқан игі құралдың, яғни, жақсы қадамдардың бірі екенін айтып өтті. Оның негізгі мақсаты – соңғы үш жылда жекешелендірілген мекемелердің жұмысын оңтайландыру әрі дамыту болып табылады.
Енді қараңыз, қаржы басқармасының басшысы жекешелендірілген мекемелердің кірісі 388 млн теңгені құрағанын айтып, пайдасы 28,2 млн теңге болғанын жеткізді.
Бұл жайында Архимед Бегежанұлы да өз ойын білдіріп, балабақшаларды жекеге өткізгенде көлденең келген көк аттыға, яғни, кез келген тілек білдірушінің қолына ұстата салу керек емес екенін, бұған нықтап дайын болатын, 5 жыл тәжірибесі бар әрі тәртіп бұзбаған кәсіпкерлерге сенім білдіре отырып беру керектігін қозғады.
Сондай-ақ, жекешелендіру бағдармаламасының негізінде алдағы 3 жылда бірнеше мекемелер (оның ішінде, әрине, мемлекеттік мекемелер) бір шаңырақтың топтаспақ. Өңірде 382 нысан квазимемлекеттік сектор бар екен. Соның 212-сі – казыналық кәсіпорын. Міне, солар бағдарлама негізінде бірнеше өзгерістерге ұшырамақ. Мәселен, рудныйлық «Аят» ЖШС клубы мен Мұз айдыны сарайы бірікпек. Басты мақсаты – әкімшілік шығындарды төмендету.
Сөйтіп, өңірде біраз мемкемелер аталған бағдарламаның аясында түрлі өзгерістерге түсіп, қаржы шығынын азайтпақ.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ