“Мультимедиалы редакция”. Журналистерге арналған семинар-тренинг
Еліміздегі журналистердің біліктілігін арттырып, оларды замануи медианың көшіне ілестірмек ниетте "Мінбер" журналистерді қолдау орталығы ERG компаниясымен бірігіп, аймақтағы тілшілерге арнап семинар-тренинг өткізді. Басты тақырып – "Мультимедиалы редакция жұмысы". Екі күнге созылған семинар Астанада өтті. Жақсыдан үйренбекке біз де бардық. Сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар, Қарағандыдан ат артып келген әріптестер де болды.Бірінші күні белгілі блогер, журналист Асхат Еркімбай мен танымал тілші Жұлдыз Әбділда білгенімен бөлісті. Негізгі тақырып – фото, видеомен жұмыс және Google құралдары, ақпаратты визуалдау. Әмбебап журналист суретке де, бейнеге де өзі түсіріп, тұтас материал дайындауға қабілетті болуы керек. Сапалы сурет мақаланың мәнісін аша түсетіні сөзсіз, сондықтан, белгілі нысанды ұтымды тұсынан келіп түсіру маңызды. Ол үшін жарықтың қай жақтан түсіп тұрғанына мән беріп, объектіні 3.1 заңдылығын сақтай отырып түсіру керек. Сонымен қатар, бейнебаянда кадрдың қайталанбағаны және уақыттан аспағаны абзал. Тізбектер болсақ, талаптар көл-көсір, бірақ шеберліктің тәжірибемен келетінін ескерген жөн. Google іздеу жүйесі – бүгінгі журналистің басты серігі. Алайда, оның өзге де кереметтері мен мүмкіншіліктерін біле бермейді екенбіз. Мәселен, "Гугл-аудармашыны" жиі қолданамыз, бірақ дара сөзді немесе бір сөйлемді ғана аударумен шектелеміз. Ал, ол бұдан бөлек тұтастай сайтты да аударып бере алады. Пайдалана білген адамға google alerts, іздеу жүйесі, GDisk құралдары да өте тиімді дүние.Тағы бір тоқтала кететін мәселе – факт пен пікір. Журналист Жұлдыз Әбділда семинарға қатысушыларға осы төңірегінде дәріс оқып, бірнеше мысал да келтірді. Яғни кез келген ақпараттың жалған не рас екеніне көз жеткізуі қажет және автор мақала жазу барысында өзінің немесе өзгенін пікіріне иек артпауы керек. Тек нақты дерекке сүйенген жөн. Соңғы кездері, әсіресе, қазақ журналистикасында қызыл сөздің, жеке пікірдің менмұндалап тұратыны жасырын емес дейді Ж.Әбділда.
Ақпаратты визуалдау – түрлі графикалар мен кестелерді және инфографикаларды пайдалана отырып, мақаланы түсінікті әрі жылдам жеткізу.
Келесі күні тернинг тақыбыры күрделене түсті. Медиатренерлер Назгүл Қожабек пен Баубек Сағындық инфографика жасау және оның тиімді әдіс-тәсілдері мен дата-журналистиканың қыр-сырын үйретті.Бұны бір күнде ұғып алу, әрине, оңай емес, бірақ барынша түсінуге тырыстық. Ал егер елімізде дата-журналистика жайлы тұңғыш рет дәріс оқылғанын ескерсек, бұл үшін бір күн аздық етті. Дегенмен, түсіндіріп көрейін.
Дата-журналистика – журналистканың жаңа бір саласы. Қоғамдық қолданысқа арналған базалық ақпарттарды жинақтап, статистикалық мәліметтер шығарып, картаға түсіріп, сұрыптап беру. Сондықтан сандарды тізбектеп отырудың қажеті жоқ, дата-журналистиканы меңгерген тілші сандарды сұрыптап, кесте немесе инфографика арқылы оқырманға жеткізе алады.
Семинар-тренинг өте пайдалы болды, тек уақыттың тапшы болғаны ғана өкінішті. Аймақтағы тілшілердің дамуына, мамандығын меңгере түсуіне тамаша мүмкіндік сыйлаған "Мінбер" журналистерді қолдау орталығы мен ERG компаниясына алғыс білдіреміз.
Кенже ҚОНЫСБАЙ