Дирижерлер форумы өтуде
Халықаралық оркестр жетекшілерінің фестивалі Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония камералық оркестрінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Тобыл өңірінде үш күнге созылатын концерттік бағдарламаларға еліміз бен ресейлік кәсіби дирижерлердің келгенін айта кетейік. Олардың қатарында алыс жақын шетелдерге танымал А.Мұхитдинов, Е.Бейсембаев, А.Заруба, Ж.Бегендіков, В.Шкуровский қатарлы киелі таяқша иелері бар.
Фестивальдің алғашқы күні өнер саңлақтары Академик Ш.Шаяхметов атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде студенттермен кездесу өткізіп, кешілік бағдарлама камералық оркестрдің концертіне ұласты.
– Қазір түрлі саланың – классикалық, опералық, қазақ және орыс аспаптары оркестрлерінің дирижерлері бас қосып отырмыз. Әр дирижер өз тәжірибесімен бөліседі. Өте маңызды шара. Жаңа идеялар, жаңа бастамалар, жаңа байланыстар пайда болады. Мәселен, бүгін Мәскеуден Владимир Шкуровский Қазақстанға келіп жатыр, ал ертең біз Ресейге барамыз, осылай тәжірибе алмасамыз. Соның ішінде форум өтіп жатқан Қостанай өнері үшін үлкен серпін болады, – деді белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Абзал Мұхитдинов.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ