Ел ырысы еселенетін шақ
Облыс диқандары егін орағының бел ортасынан ауды. Бүгінде астықты өңірде бидайдың 58%-і орылып, бастырылды. Яғни, бүгінге текті 3 млн тоннаға жуық дән қызылданды. Ел ырысын төкпей – шашпай жинап алу үшін мемлекет шаруаларға мейлінше қолдау көрсетіп отыр. Техника жарамды. Жанар – жағар май жеткілікті.
Күн райы қалыпты болса, күзгі дала жұмыстары қыркүйектің жиырмасына қарай аяқталады. Астық шығымы да жаман емес. Гектар берекелілігі орташа есеппен 11 центнерге тең.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сембай Сағындықовтың пікірінше, биыл біздің облыс қамбаға 5 млн тоннадан артық сапалы астық құйып алуды жоспарлап отыр. Егін орағы Арқалық, Аманкелді, Әулиекөл, Таран, Қостанай аудандарында аяқталуға жақын. Мұнда бидайдың 80%-ке жуығы жиналған. Әзірге, жиын-терім барысында еш іркіліс жоқ дейді сала мамандары.
Әлібек ЫБЫРАЙ