Қаражат ысыраптау қылмысы артқан

Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған түйткіл – мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді жұмсауы. Алайда біздің өңірде осы мәселе төңірегінде заң бұзушылықтар азаймай отыр. Облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Айта кетейік, комиссия аталған мәселені көтеріп биылғы жылы осымен үшінші рет басқосу өткізіп отыр. Аймақ әкімі жетекшілік еткен жиынға облыстық мәслихат хатшысы, өңір басшысының бірінші орынбасары, мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысса, барлық аудан-қалалардың басшылары онлайн жүйесінде байланысып отырды.DSC_1165
Биылғы жылдың 7 айында облыстық тексеру комиссиясы 91 мекемеге аудиттік тексерулер жүргізіпті. Қорытындысы бойнша 5 млрд. 194 млн. теңге қаражаттың тиімді жұмсалмағаны анықталған. Соның 332,8 млн. теңгесі қалпына келтіріліп, қайтарылатын қаржы.
– Қылмыстық қудалауға әкеп соқтыратын қаржылық ысырапшылдық өсіп барады. Биылғы аудиттік тексеруден кейін 106,2 млн. теңге бюджет қаражатын талан-таражға салды деген дерекпен 11 іс құқық қорғау органдарына жолданды. Соның қорытындысы бойынша 7 қылмыстық іс қозғалып отыр (2016 жылдың алғашқы 7 айындағы көрсеткіш – 2 қылмыстық іс), – деді облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Әмірхан Асанов.
Төрағаның айтуынша, құрамында аудан-қалалардың мекемелерінің есепші-кассашылары бар 7 тұлға қылмыстық жауаптарға тартылған. Ал бюджетке қайтарылған сома – 22,3 млн. теңге. Қылмыстық істердің басым бөлігі тиесілі еңбекақыға үстеме ретінде есеп-шот картаға аудару, мекемелерде жұмыс істемейтіндерге ақша аудару, жалған келісім арқылы төлем жасау, мердігерлердің орындамаған қызметтеріне ақы төлеу, ұжымдық картаға аударылып, игерілмеген қаражат қатарлы заң бұзушылықтар.  
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов келтірілген шығын қаржыны қайтару жұмыстарының өте сылбыр орындалып жатқанын сынға алды:
– 106,2 миллионнан 22,3, яғни 20% ғана қайтарылған. Қалған 80%-ды нақты өндіріп аламыз ба? – деп Ә.Асановқа сауал қойды.
– Бұл мәселеде кедергілер көп. Бір ғана мысал, былтырғы облыстық қазақ драма театрынан қолды болған 163 миллион теңгенің тек 8 миллионы өндіріліп алынды. Сотталушылардың қалған соманы қайтарып беретін қауқары жоқ, себебі, олар түзету мекемесінде жұмыспен қамтылмаған. Сондықтан қалған қаржыны есептен шығаруға мәжбүр болып отырмыз, – деді тексеру комиссиясының төрағасы.
– Егер қолды болған қаражат осылай қайтарылып алынбай кете берсе, онда қыруар шығын болайын деп тұр. Сол себепті, сотталғандардың қылмыстық іске барғанға дейінгі иеліктеріндегі мүліктерді, басқа да салынған қаражат көздерін іздестіру керек. Осы жағын мұқият тексеріңіздер, – деп тапсырма берді. А.Мұхамбетов.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓