Чемпион кісі өлтірді
61 келіге дейінгі салмақта NBA версиясы бойынша әлем чемпионы Аслан Мұқанов кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қостанайлық 31 жастағы боксшы наурыз айында венесуелалық Стивен Монтерросты бірінші раундта нокаутқа жіберіп, National Boxing Association тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Бұл оның кәсіби рингтегі алтыншы жеңісі. Оның бесеуін уақытына жеткізбей өз пайдасына аяқтаған. Шындығында да, жігіттің жұлдызы оңынан туғандай еді, қысқа мерзімде үлкен жетістікке жетті. Бір жарым жыл Мұқанов Колумбияда тұрып, жаттығу жасады. Оның промоутері Нельсон Лопез болды.
Алайда оның туған жеріне оралуы үлкен сәтсіздікке соқтырды. Күні кеше Алтын Дала ауылында 32 жастағы Серік Пішенбаевтың мүрдесі табылды. Кезекшілік бөлімге бейтаныс әйелден қоңырау түскен. Оның баяндауынша, марқұм ауылға тәтесінің үйіне барған. Ол жігіттің денесінде пышақпен салынған жарақаттың іздері бар. Кісі өліміне Аслан Мұқановтың қатысы бар екендігі анықталды. Облыста оны қолға түсіру жоспары жария етіліп, көпке ұзамай чемпион ұсталды.