Өз-өзін сабаған қостанайлық үш жылға қамалуы мүмкін (ВИДЕО)
Атырауда жол полициясы қызметкерлерінің көзінше өз-өзін аямай сабаған қостанайлық азамат үш жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Керісінше, "құзіреттілігін асыра пайдаланды" деп, тәртіп сақшыларына қарсы жүргізілген сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылды.
https://www.youtube.com/watch?v=Olz1CaZBHaA
24 ақпан күні тіркелген бұл оқиға ғаламтор тұтынушыларына жақсы таныс болуы да мүмкін. Сонда да естеріңізге сала кетейік. Атырау қаласының Жұлдыз мөлтек ауданында полицейлер Lada Largus көлігін тексеру үшін тоқтатады. Тізгінде Қостанай қаласының 36 жастағы тұрғыны болған. Тексеріс барысында көліктен аса көп көлемде сазан балығы тәркіленеді. Жолпол көлігіне мінгізілген жүргізуші жауапкершіліктен жалтаруға тырысып бағып, таныстарына қоңырау шалып, телефонын полицейлерге ұсынбақ болады. Дей тұрғанмен, тәртіп сақшылары оның "қалауына көнбей" қояды.
Міне, сол кезде ол өз-өзінің бет-аузын жұдырықтап ала жөнеледі. Кейін дереу "102" нөміріне қоңырау шалып, погондылардың соққысының астында қалғанын айтып, "көмек" сұраған. Жалақор жігіт полицейлер көлігінің ішінде тіркеу бейнетаспасы бар екендігін ескермесе керек. Өзінен өзі таяқ жеп абырой таппады, енді заң алдында да сыбағасын алуы ғажап емес. Жалған жала жапқаны үшін, заңға сәйкес, 3000 АЕК көлемінде, яғни 6 363 000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Не болмаса, темір тордың арғы жағына үш жылға жөнелтілуі тиіс.