Құрбан айт жайлы не білесіз?
Барша мұсылман халқының ұлық мейрамы Құрбан айт қарсаңында қостанайлықтардың пікірін білмекке қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде, бұл мерекенің халық арасындағы беделі мен құрметіне куә болдық.
Нұржан Оразғалиұлы, қала тұрғыны:
Мен әжемнің қолында өстім, мұсылманшылдық пен қазақылықты бойыма әбден сіңіргенмін. Сол кісілер көзі тірісінде үнемі айтып отыратын. Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы, сауапқа кенелетін шағы. Әр мүмін өз жағдайына қарай шариғатта көрсетілген талаптарға сай түлік түрін құрбанға шалып, оның етін жетім-жесірге, ауыл-аймаққа таратуы тиіс. Бұл ретте қате пікірде жүрген жандар да жоқ емес, кейбір бауырларымыз бұны ысырапшылдық немесе бекершілік деп ұғады. Тереңіне үңілер болсақ, адам зекет берген сайын жаны да, тәні де рахатқа бөленетіні һәм мол сауап аларын түсіну қажет.
Үлкендер айтушы еді, Құрбан айт мұсылманға тазару үшін берілген мүмкіндік деп. Сонда айтпағы, күнәсіз пенде жоқ, әрбір қателесуші осындай қасиетті күндері Алла үшін құрбан шалып, күнәсінен арылады.
Абай Жүлкеев, қала қонағы:
Біз жас күнімізде мұның мәнісіне бара бермеуші едік. Үлкендер жағы білетін, бірақ тіс жарып айтпайды. Енді Тәуелсіздіктің арқасында тілімізбен, дінімізбен қайта қауыштық. Көзіміз ашылды. Қарап отырсақ, бұл байрамның тарихы тереңде әрі зор мағынаға ие екен. Ибраһим пайғамбар Алланың әмірімен зарыға күтіп сүйген, сондай-ақ, жалғыз баласын құрбандыққа шалмақ болады. Қанжалын қынабынан суырып, сәбидің ұлпадай нәзік тамағына тақай бергенде, Жаратушы ием көктен көк қошқар түсіріпті де, соны құрбанға шалуға бұйырады. Сонда Алла Тағала пайғамбарды бір сынап, оның күмәнсіз иманына риза болыпты.
Сондықтан мұсылмандар үшін ұлық болған мейрам ұмыт болмай, келешек ұрпақ одан әрі жалғай берсе екен.
Светлана Асқарова, қала тұрғыны:
-Құрбан айт – асыға күтетін мерекелерімнің бірі. Үш күнге созылатын мейрам, құрбандыққа шалынған малдың еті жұртқа таратылып беріледі. Қазір дәстүрілі дін етек жайып келеді, жастар арасында түсіндіру жұмыстары тоқтамаса екен. Өйткені, біреулер бұл туралы білгісі келеді, ал жолдан тайса, жат ағымның жетегінде кетіп қалу қаупі бар. Құрбан айт – үлкен мейрам. Жақсылық жасау мен қайырымдылық кезеңі. Бұның ұлықтығы содан болар, адамзаттың бір-біріне деген мейірімділігін артырады.
Жансұлтан Ғазез, қала қонағы:
-Дәстүрлі дініміздің аса маңызды бөлігі ғой. Сол себепті де насихат жұмыстарын күшейтіп, халық арасында үлкен мейрам ретінде қалыптастыру керек. Бұл күні жақындарымызға сыйлық жасап, мереке деген түсінікті енгізген жөн. Сөздің шынына келсек, қазақтың қазіргі қазақ жастары Жаңа жыл, Рождество, Хэллуин сияқты жалпыхалықтық мерекеге айналған, бірақ шығу тарихы дін мен наным-сенімнен басталатын жат ұлттың рәсуәсін тойлауға әуес. Оның қасында, Құрбан айт – асыл дініміздің діңгегі, ата-баба жолы. Исламға қанша қадау болғанымен, ол күмәнсіз таза дүние.
Бұл – менің пікірім. Сондықтан әп сәтте немесе жаппай бәрі діншіл болсын демеймін, мен де әсіре діншіл емеспін. Бірақ қазақы қалып пен тура жолдан таймаған абзал. Оның үстіне, артық білген зиян етпейді.
Константин Тарасьянов, қала тұрғыны:
-Бұл – мұсылман халқының мейрамы. Бала күнімнен көріп, біліп өстім. Тіпті, өзім де атап өтемін десем болады. Өйткені, менің мұсылман достарым бар, олар маған үнемі айтып, түсіндіріп отырады, өйткені өзіме де қызық. Өте жақсы мейрам, барлық туыс-туғандар бас қосып, дастархан басында қауышады. Менің келінім қазақ қызы, бұл күні мешітке де соғамыз.
Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүреміз, сондықтан әр ұлт пен діннің салт-дәстүріне құрметпен қарау керек. Менің бір білерім, ешқандай дін жамандыққа шақырмайды, бәрі тек жақсылық пен ауызбіршілікті аңсайды.
Осы ретте, «нашар ұлт болмайды, нашар адамдар ғана болады» деген тамаша бір қанатты сөз еске түседі. Барша жерлестерімді және мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!