Картаның көмегі көп
Мемлекет басшысының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының» 32-қадамында өңірлердегі елді мекендердің геоақпараттық карталарын әзірлеу іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы атап көрсетілгені белгілі. Осыған байланысты өткен жылы облыстың бірқатар ауыл-аймақтарының жаңартылған картасын әзірлеу ұсынылған. Электрондық картаға бес мыңнан астам тұрғыны бар ірі ауылдық елді мекендер (аудан, қала) және 5 мың адамнан аз екі елдімекен – Қарасу ауданындағы Октябрь кенті мен Ұзынкөл ауданындағы Тройбратное кенті енгізілді.
Жалпы, бүгінде өңірде жиырма үш елдімекеннің электрондық картасы түзілген. Бұлардың дені облыс , аудан және қала орталықтары. Картада көше атаулары, үйлердің орналасуы үнемі жаңартылып отырады. Сондай-ақ, салынып жатқан жаңа құрылыс нысандары да енгізіледі. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Бейсембаев айтып берді.
-Электрондық карталар тәртіп сақшылары үшін жасалады. Полиция қызметкерлері осы арқылы қай қалада немесе ауданда мал ұрлығы, тонау немесе кісі өлімі болғанын анықтай алады. Мұны кез келген адам көре алады және олар құқық қорғаушылардан белгілі бір ауданда қылмыстың неге көбейіп кеткендігін сұрауға құқылы. Олардың жедел ашылмауының сырына да қаныға алады. Басты мақсат – полиция қызметкерлерінің жұмысы қоғамдық түрде бақыланады, – деді Серік Бейсембаев.
Үстіміздегі жылы Сарыкөл ауданындағы Маяк ауылының, Ұзынкөл ауданындағы Пресногоркова, Федоровка ауылдарының электронды карталары әзірленді. Электронды карта жасау үшін облыс қазынасынан 13 млн теңгедей қаржы жұмсалған.
Енді келесі жылдың аяғына дейін облыс бойынша тағы 501 осындай карта құрастырылмақ. Оған облыстың басқа да елдімекендері енгізіледі.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.