Бір ұжым қалай екіге жарылды? немесе басы дауға қалған басшы
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын ғаламтордағы youtube.com бейнехостинг сервисінен орыс тілінде "Қостанай облысы Сот актілерін орындау департаментінің бастығы қарамағындағыларды балағаттауда" ("Начальник ДИСА Костанайской области материт подчиненных") атауымен аудио жазбаны көзім шалған еді. Экранда заң органы қызметкерінің арнайы формасын киген азаматтың фотосуреті шығып тұрады да, ар жағынан балағат сөздер айтып отырған ер адамның аудио жазбасы қос берілген. Ал сурет астына тағы да орыс тілінде "Н.Д.Бимендин мемлекеттік органның бірінші басшысы" деп жазулы тұр. http://www.youtube.com/watch?v=6f1hCwVlPcc сілтемесімен берілген әлгі жазба кейінгі кезде ғаламтордан жоғалып кетті.

Ал Әділет министрі өз кезегінде бұл арыз ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің Тәртіптік кеңесіне жолданған деген жауап келтірген.
Ал 11 шілде күні "Қостанай облысының Сот актілерін орындау департаменті ұжымы" ҚР Әділет министрі Б.Имашевтің блогына 281350 нөмірімен екінші мәрте хат жолдапты. Бұл жолы ұжым департамент басшысы Н.Бимендинді ақтап, жақтап отырып жазған екен. (мына сілтемеде: http://blogs.e.gov.kz/ru/blogs/imashev_b/questions/281350). Олар жоғарыдағы "домалақ арыз" жазған "14 адамның пікірімен келіспейміз, олар ұжымдағы 103 адамның атынан сөйлеуге хақылары жоқ" дегенге келтіріпті. Айтуларынша, Н.Бимендин басшы болып келгелі департаменттің материалдық-техникалық базасы нығайып, ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалуда. Департаменттің мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, сот, прокуратура, қоғамдық ұйымдармен, "Нұр Отан" партиясымен іскерлік байланысы артқан. Бимендин келгенге дейін мұндай шаруа бірде-бір басшының қолынан келмепті. Сондай-ақ, Бимендиннің мінезі шарт-шұрт болса да, тапсырған жұмысын талап ететін жетекші ретінде көрсетілген. "Домалақ арыздағы" "басшының қорлығына шыдай алмай өз қолдарымен арыз жазып жұмыстан кетіп жатқан кейбір қызметкерлер" Бимендиннің қойған талабы мен жұмыс тәртібіне шыдай алмаған көрінеді.
Бұған Әділет министрі "заң бойынша авторы анықталмаса, анонимді шағымдар қаралмайды, оның үстіне Қостанай облысының Сот актілерін орындау департаментіне жүргізілген тексеру барысында аталған шағымды жазған авторлар анықталған жоқ" деген мағынадағы жауап жазыпты.
Жоғарыда аталған сауалдар төңірігенде Қостанай облысы Сот актілерін орындау департаментінің басшысы Н.Бимендинге түсініктеме беруін сұрап, хат жолдап едік. Алайда мекеме жетекшісі еңбек демалысына кетіпті. Хаттың ізін суытпай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департамент басшысы А.Шоманов-қа жолығып, істің жайына қанық болдық. Сөзінше, үстіміздегі жылы 23 маусымда ҚР Әділет министрлігінен өңіріміздің мемлекеттік қызмет істері департаментіне сот актілерін орындау департаменті қызметкерлерінің атынан Н.Бимендинге қатысты мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі талаптарын бұзып, дөрекі мінез танытқаны туралы ұжымдық өтініш түседі. Алайда шағым "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" ҚР Заңының 6-бабының талаптарына сәйкес келмеген-діктен, қажетті дәлелдердің жоқтығынан әрі Заңға сәйкес шағымданушылардың аты-жөні бүркемеленіп көрсетілгендіктен, Департамент осы өтінішті қараусыз қалдырады.
– 2014 жылғы 2 шілдеде Департаментке (ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департамент – ред.) Қостанай облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің басшысы Н.Д.Бимендиннің заңсыз әрекеттері туралы ұжымдық өтініш келіп түсті. Арасынша, осы өтініш бойынша толық, жан-жақты және объективті барлық жағдайларды анықтау үшін Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеріс белгіленді. Бірақ басшы Н.Д.Бимендиннің кезекті еңбек демалысқа шығуына байланысты "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жоспардан тыс тексеріс тоқтатылды, – дейді А.Шоманов. Сондай-ақ, алдағы уақыт жоспардан тыс тексерістің нәтижелері және қабылдаған шара туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.
Енді Н.Бимендиннің еңбек демалысынан келіп, түсініктеме бергенін ғана күтеміз. Бір мекеменің "екіге жарылуына" себепкер болған аты-шулы басшы бар күш-жігерін салып, ұжымның басын біріктіре ме екен, әлде "мен салмадым, сен салдың, қайырлы болсын сіздерге" деп жылы орнын босатып кетіп отыра ма, оны уақыт көрсетеді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.