Егін алқаптарында – қызу тірлік
Ел назарын аударған орақ науқанына Федоров және Қарабалық аудандары да кірісіп кетті. Мұнда егіс алқабының 10% бастырылған. Аталған аудандарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Н.Садуақасов жиын-терім жайымен танысып, бірнеше әлеуметтік нысандарда болды.
Өңір басшысы Федоровтағы "Оксана", "Дель Т.В" шаруа қожалықтары мен Қарабалықтағы "Агро-Торо" ЖШС, "Ақ-Бидай-Агро" ЖШС-не тиесілі егін алқаптарын аралады. Мұндағы орақ жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Жанар-жағармай мен техникадан таршылық көріп жатқан диқан жоқ. Федоровтық егіншілер гектарына он сегіз центнерден өнім алуда. Бұл көрсеткіш Қарабалық ауданымен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Себебі, Қарабалықтағы егіннің орташа түсімі гектарына он үш центнерден. Жергілікті диқандармен жүздескен облыс әкімі майлы дақылдардың көлемін арттыруды және ірі қара малдың санын көбейтуді тапсырды.
– Биыл майлы дақылдар үшін субсидия көлемі артып отыр. Сондықтан, егіс алқаптарын әртараптандыруды қолға алып, мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктер мен мүмкіндікті құр жібермеген жөн, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Қарабалық ауданы Ресей Федерациясымен көршілес орналасқан. Аталған ауданның ет өнім-дерін Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік мол. Ет өнімдерін экспорттау барысында жол шығыны кетпейді. Осыны ескерген облыс әкімі ауданда ірі қара малдың санын арттыруды баса айтты.
Өңір басшысы жұмыс сапарының барысында Федоров ауданындағы су құбырының жұмысын сынға алды. Себебі, ондағы құрылыс жұмыстары баяу жүруде. Нәтижесінде бюджет қаржысының 28 миллионы игерілмеген, ондаған үйге әлі күнге су тартылмай отыр. Мәселенің мәнісін анықтау үшін облыс әкімі Н.Садуақасов аталған нысанға арнайы барып, мердігер мен тапсырыс беруші тараппен сөйлесті.
Бұл су құбырын қайта жаң-ғырту жұмыстары былтырғы жылы басталған еді. Қаржы бөлінді, жоспар жасалды. Алайда, істің нәтижесі тым нашар. Жобалық сметалық құжаттар дұрыс әзірленбеген. Мердігер мен тапсырыс беруші тарап ортақ мәмілеге келе алмай әлек. Қос тараптың арасындағы дау-дамайдың салдарынан халық жапа шегуде. Осы жайды ескерткен облыс әкімі Н.Садуақасов су құбырындағы жөндеу жұмыстарын әр апта сайын өзі бақылап отыратын болды. Бұл жоба 2015 жылдың 30 қазан айында аяқталады деп жоспарланған.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: облыс әкімі Федоров ауданының диқандарымен кездесуде.