Басты мақсат – бағаны тұрақтандыру
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиын барысында йтылғандай, облыста бағаны тұрақтандыру бағытында бірқатар шара қабылданып, оған 4,8 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері күн сайын баға мониторингін жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері облыста өткен 321 жәрмеңкеде нарықтық бағадан 10-15% – ға төмен бағамен жалпы сомасы 1,3 млрд теңге болатын 2083 тонна өнім сатылған.
Тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 2,3 млрд теңге болатын 14 түрлі өнімнің 9,3 мың тонна қоры бар. Бұған қосымша 6,7 мың тонна көкөніс, картоп, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майын сатып алу жоспарлануда. Наубайханаларға сату үшін 1 сұрыпты ұн қоры даярланған.
Сондай-ақ, кеңес барысында өңір басшысы облыс орталығындағы сауда желілері – "Rauzet Сауда" , "ТД Азия KZ", "Квард ЛТД", "КО Меркурий" ЖШС-терімен облыстың ішкі нарығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрін саудаға шығару үшін тікелей келісімшарттар жасасып жатқанын айтты.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында, — деп жазды облыс әкімі "Инстаграм" желісіндегі парақшасында. – Кеңес қорытындысында аудан-қала әкімдеріне күн сайын әкімшілік сипаттағы шараларды іске асыра отырып, бағаларға мониторинг жүргізуді, сондай-ақ жәрмеңкелер өткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырдым".