Ана сүтінің пайдасы
Жыл сайын тамыздың 1 мен 7 аралығында әлем бойынша баланы ана сүтімен қоректендіру апталығы өтеді. Биыл біздің елімізде бұл шара "Ана сүтін емізуге тек 10 қадам" деген ұранмен басталды.
Қостанайда да облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының ұйымдастыруымен семинарлар мен дөңгелек үстелдер, акциялар мен тренингтер өткізілуде. Сондай шараның бірі Қостанай перинаталдық орталығында да ұйымдастырылып, ондағы болашақ аналарға емшек сүтінің пайдасы мен артықшылықтары, қазіргі таңда әйелдер арасында белең алған сүт безінің ісігі, одан сақтану жолдары жайлы кеңінен айтылды. Мамандардың айтуынша, анасының уызына жарып, сүтін 1-2 жасқа дейін емген сәбидің денсаулығы жасанды азықпен қоректенген балаларға қарағанда анағұрлым мықты болады, түрлі жұқпалы ауруларға да сирек шалдығады. Сондықтан ана сүті өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек әрі оны ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды. Тіпті, жасанды сүт қоспаларында кездеспейтін түрлі қоректік заттар да тек ана сүтінде ғана кездеседі екен. Сондай-ақ, ана сүті сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықпау қаупін 10 есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есеге төмендететін көрінеді.
– Нәрестені ана сүтімен қоректендіру бұл табиғаттың әйел адамға берген үлкен сыйы. Өкінішке қарай, қазір көп аналар баланы екі-үш ай ғана емізеді де, ары қарай жасанды сүтпен қоректендіруді жөн көреді. Ал, баланы ең болмағанда бір жасқа дейін ана сүтімен қоректендіру қажет. Өйткені, ана сүті сәби үшін теңдесі жоқ, құнарлы, ең таза қорек болып табылады. Баланың ағзасында табиғи иммунитеттің қалыптасуына ықпал ететін де осы ана сүті екенін жас аналарымыз ұмытпаса екен дейміз. Оған қоса, ана сүтінің аналарды сүт безі обырынан да қорғайтынын естен шығармау қажет. Бүгінгі басқосуда біз болашақ аналарымызға ана сүтінің пайдасы мен қадір-қасиетін ұғындырып жатырмыз, – дейді бағдарлама үйлестірушісі Рабиға Наукенова.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары мұндай басқосуды қаламыздағы "Аналар үйінде" де өткізетін болады.
Қарлығаш
ОСПАНОВА