Спартакиада жеңімпазы – Қостанай қаласы
Бүгін Рудныйдың «Горняк» жастар спорттық кешенінің стадионында ХХХІ облыстық спартакиаданың жабылу салтанаты өтті. Онда сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев спартакиадада 42 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағын дәлелдеп, 85-і 1-ші разрядқа ие болғандығын тілге тиек етті.
-Әр спартакиада жаңа мүмкіндіктер мен жеңістерге жол ашады. Мысалға Жанкелдин ауданының волейболдан ерлер құрамасы тұңғыш рет облыс чемпионы атанды. Денисов ауданының футболшылары ақтық сында тек Рудныйлықтарға есе жіберіп алса, Қостанай ауданының жеңіл атлетшілері үздік үштіктің қатарынан көрінді. Енді үздіктердің үздігі республикалық, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімдемін. Барлықтарыңызды елімізде тойланып жатқан Спорт күнімен, спартакиаданың жабылуымен және әсем қала Рудныйдың 601 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – дей келе, шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қала әкімі Бақытжан Ғаязовқа өз алғысын білдірді.
Салтанатты шарада облыстың дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін елімізге еңбегі сіңген спорт шебері Сергей Матвиенко арнайы төсбелгімен марапатталды.
Сонымен «Тың-Целина 2017» спартакиадасының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үшінші орынды 272 ұпаймен Қостанай ауданының құрама командасы жеңіп алды. Екінші орынды 324 ұпаймен Рудныйдың спортшылары иеленсе, басты қарсыластарын сәл ғана артта қалдырған Қостанай қаласының құрамасы 326 ұпаймен осымен он жыл қатарынан дәстүрлі жарыстың жеңімпазы атанды.
Шараның соңында спартакиаданың жалауы 2018 жылы осы спорт мерекесін ұйымдастыратын Лисаков қаласының командасына салтанатты түрде табысталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ