Құда түсу, сырға салу, беташарым-ай…
Жангелдин ауданында демалыс күнгі локдаунға қарамай той өткізгендер әшкере болды. Мониторингтік топ аталған ауданның үш ауылдық округінде ұйымдастырылған «Қыз ұзату», «Беташар» салтанатты іс-шараларын анықтаған. Жеке тұлғаларға 41600 мөлшерінде айыппұл салынды дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Жалпы, өңірімізде 2020 жылдың 5 шілдесі мен 2 тамызы аралығында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мониторингтік тобы 91 профилактикалық, эпидемияға қарсы және карантиндік іс-шараларды сақтау бойынша шаралар өткізді. 2153 түрлі меншік нысаны тексеріп, оның ішінде 147 объектіде санитарлық-дезинфекциялық режимнің бұзылуы анықталған, 7,2 млн теңгеге жуық сомаға 147 айыппұл салынса, 1 іс сотқа жіберіліпті.
«ТҚСБК департаментінің және аумақтық басқармалардың мамандары тұрақты түрде дәріханаларға мониторинг жүргізеді. 05 шілде мен 02 тамыз аралығында 128 нысан тексерілді, 26-да бұзушылықтар анықталды, 4 382 295 теңге сомасына 26 айыппұл салынды. Тексерілген объектілерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтамау бойынша жиі кездесетін бұзушылықтар:
– сатушылар мен қызмет көрсету қызметкерлері бетперде, қолғап, антисептиксіз жұмыс істейді (95 азық-түлік сауда дүкені, 5 ЖҚС, 2 шаштараз, 2 тұрмыстық техника дүкені, 3 қоғамдық көлік жүргізушісі, 3 шина жөндеу пункті, 1 асхана, 3 дәмхана, 3 авто және ауыл шаруашылық қосалқы бөлшектері дүкені,1 ТҚС).
– Жітіқара ауданында «қызметке тыйым салу» режимінде және «жұмыс уақыты бойынша шектеуді» бұзу бойынша «Гүлдер» дүкені» жұмыс істеген», – делінген баспасөз хабарламада.
Мониторингтік топтар тұрақты түрде нысандар мен жеке тұлғаларға алдын алу, эпидемияға қарсы және карантиндік іс-шараларды сақтау бойынша күшейтілген бақылауды, сондай-ақ халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында аймақтың қалалары мен аудандарының дәріханаларында дәрілік препараттардың бағалары мен олардың қамтамасыз етілуіне қадағалау жүргізуді жалғастыруда.