МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ САЛТАНАТЫ
Кеше Рудныйдың орталық алаңы мен «Достық» саябағында қаланың 60 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтті. Күндіз кеншілер қаласының қонақтары мен тұрғындары отбасылық конкурстарды, «Рудный – жастар қаласы» форматындағы жаппай некелесу салтанатын, авторлық әндер фестивалін, қолөнер туындылары көрмесі мен бал мерекесін тамашалап, көше бойын жағалаған сауда нүктелерінен дәм татты. Кешке қарай орталық алаңда қаланың алғашқы құрылысшы ардагерлері, «ССКӨБ» АҚ, «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Арасан фирмасы» ЖШС, «Жас қанат 2006» ЖШС сияқты бетке ұстар өндіріс орындары мен білім, денсаулық, мәдениет, спорт және қызмет көрсету салалаларын қамтыған еңбек ұжымдарының шеруі ұйымдастырылды. Шеруден кейін бас сахнада жиналған жұртты Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтап, қаланың өркендеп дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматтарға мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттар табыстады. Ал «Аят» спорт клубының директоры Қайрат Қазбековке әкім шағын автобусты сыйға тартты. Кеш соңы қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың концертіне ұласты.
Дәл қазір «Горняк» стадионында «Тың-Целина 2017» спартакиадасының жабылу салтанаты мен орталық саябақта қала күніне арналған мерекелік шаралар жалғасуда. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ