Ғаламтор алаяғынан сақтан
Қостанай қалалық ІІБ-ның полицейлері тұрғындарды ғаламтор алаяқтарынан сақтануды ескертеді. Өйткені, үстіміздегі жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында облыс бойынша осындай 12 жағдай тіркелген. “Колеса” сайты арқылы автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектерді сатып алған жәбірленушілер тауардың ақшасын алаяқтардың есепшотына аударып отырған. Полицейлердің айтуынша, алаяқтар сатып алушымен ғаламтор арқылы хат алмасып, тауарға алдын ала төлем төлеуді ұсынып отырған. Бұған сенген қала тұрғындары банктік есепшоттары арқылы ақша аударған. Ал, алаяқтар аңғал жәбірленушілерге тауардың жақын арада жеткізілетіндігін ескерткен. Сөйтіп, күдіктілер қостанайлықтарды жалпы сомасы 1 млн.290 мың теңге шығынға ұшыратқан. Қазіргі таңда күдіктілерге ҚР ҚК “Алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондықтан, полицейлер азаматтарға ғаламтор арқылы туар сатып-алуда өте мұқият болуды және танымайтын адамға жеке басы туралы мәліметтер мен банктік есепшоты туралы ақпаратты бермеуді ескертеді. Ал, егер күмәнді жәйт орын алған жағдайда дереу жергілікті ішкі істер органдарына хабарласып, қажетті құжаттарды (алаяқтармен жазысқан хаттарды, төлем түбіртектерін) тапсыруға кеңес береді.